Шыңғысхан дәуірінің шындығын білуге жол ашылды

0
188

Мұқали тек баһадүр батыр, көреген қолбасшы ғана емес, бөлінген халықтың басын біріктіріп  Қытайдың  мемлекет болып қалыптасуына ерен еңбек сіңірген ұлы тұлға. Оны қытай халқы да мойындайды, әрі пір тұтады. Бұл туралы Талдықорғандағы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған «Мұқали халықаралық экспедициясының қорытындысы» атты баспасөз-мәслихатында айтылды.

 БАҚ өкілдері алдында сөз алған «Жалын» баспасының директоры танымал жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Біздің бабаларымыздың даңқты әрі әлемге әйгілі болғанында дау жоқ. Алайда, оны әр түрлі жағдайларға байланысты білмей келгеніміз де ақиқат. Нақтырақ айтсақ, кешегі Күлтегін, Тоныкөк секілді батырлардың бірі осы Мұқалы. Менің бабамыздың есімін «Мұқалы» деп атауымның да өзіндік мәні бар. Себебі, ол кісіні қытайлар «Мұқали» деп атап кеткен. Шын мәнінде Мұқалы еді. Оны көне қытай тілін жақсы меңгерген Тілеуберді Әбенайұлы деген бауырымыз жан-жақты зерттеп осылай атаған.  Ежелгі түрік тілінде де сол Мұқалы атауы жиі кедеседі. Ал, Мұқалының зираты Қытайдың Юлин деген қаласынан 40 шақырым жерде. Оған қытайлықтар да ерекше табынып, құрметпен қарайды. Ескеркіштің маңына өздерінің құлшылық орындарын салдырыпты. Зират басынан бабамызға қатысты екі нәрсені анық көруге болады. Бірі Мұқалы есімінің бұрмаланбай сақталуы болса, екіншісі, ескерткіштің кіре берісінде айшықты тарақ таңба тұр. Көпке мәлім сол тарақ таңбасымен Жалайыр бабамыз тарихта «Тарақ таңбалы Жалайыр» деп, аталып кеткен. Демек, 800 жыл бойы тарақ таңба еш өзгермеген. Біз ескерткіш басындағы шырақшының кітапшасынан оқыдық. Мұқалы өлер алдында ұрпақтарына: — « Маған құпия 10 жерден қабыр қаздырып, біріне ғана мені жерлеңдер» — деп өсиет қалдырыпты. Өйткені, ол даңқты қолбасшы, асқан батыр адам ғой. Өлген соң жаулары зиратыма зиян жасай ма деген болуы керек. Сонымен бірге сол жердегі биіктердің біріне Мұқалының 12 ұлына да үлкен белгі қойылған. Қазіргі уақытта Мұқалы ескерткішіне күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілуде. Жалпы, бұл сапар біздің экспедиция құрамындағы тарихшылар мен зияы қауым өкілдері үшін Мұқалы арқылы ата-бабаларымызды зерттеп, Шыңғысхан дәуіріндегі шындықтарға көз жеткізуге тың жол ашты» — деді.

Тарихшылар дәлеліне жүгінсек, 1170 – 1223 жылдар аралығында өмір сүрген Мұқалы әйгілі Шыңғысхан әскерінің төрт ірі қолбасшысының бірі болған.  Ол қазақтың жалайыр тайпысынан тараған.  Ұлы империядағы тоғыз төренің бірі атанған.

Еуразиялық құқық академиясының ректоры, белгілі заңгер, профессор Өмірәлі Жалайри: — «Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған бұл сапар шынымен табысты деп санаймын. Бұл жолы біз тарихтан тағылым, өткеннен өнеге сыйлайтын Мұқали бабамыз жайында көптеген тың деректерге көз жеткіздік. Оның біз үшін де кейінгі ұрпақтар үшін де берері мол. Бастысы Қытайда Әкпар Мәжитұлы деген ерекше  дарынды жазушы қандасымыз тұрады. Ол кісі  Мұқали туралы қытай тілінде кітап жазған. Қазір сол кітап бізде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылып басылды. Міне, осы шығарма арқылы біз бабамызды танып, оның даналығын, батырлығын, және ел билеудегі ерекшеліктеріне тәнті болдық. Оның бүкіл елді біріктіріп, астана салдыруға қосқан  сүбелі үлесі үшін  қытай халқы да қатты сыйлайды. Осы орайда, бізге барымызды бағамдап, ата тарихымызды түгендеуге мол мүмкіндік беріп отырған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа айтар ағысымыз шексіз» — деп тұжырымдады.

Баспасөз жиынын қорытындылаған Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, мұндай игі шаралар бұдан былай да өз жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен бірге бұл жолғы экспедиция құрамындағы ақын-жазушылар мен тарихшылардың ұсынысы бойынша алдағы уақытта Мұқали бабаға үлкен ескерткіш тұрғызу мәселесінің ойластырылатынын атап айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here