Таяуда республикалық додаға аттанған жас десантшылар туралы жазған едік. Үкілеген үмітіміз ақталып, ұландарымыз жеңіспен оралды. Осыған орай 25 шілде күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Қарағанды облысы «Спасск» оқу-жаттығу орталығындағы рес-публика бойынша 36 команда қатысқан дүбірлі дода «Айбын — 2018» жиынында жүлделі ІІІ — орынды иеленген Кербұлақ ауданының «Жас десантшылар» командасы мүшелерімен бапасөз мәслихаты өтті.

Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған жастар жиынына Кербұлақ ауданы алғаш рет қатысып, 12 номаницияның 11 түрінен 26 медаль, 3 кубок, әскери топтар арасында үздік және жалпы командалық жарыста ІІІ — орынға жайғасты.
«Ең алдымен осы жиынға қатысуға ықпал етіп, материалдық базамен жасақтаған, сонымен қатар патриоттық рух берген аудан әкімі Махаббат Сәдуақасұлына көптен-көп алғыс айтқымыз келеді. Оған себеп, төртінші рет өтілген республикалық жиынға алғаш рет қатысуға мүмкіндік алдық. Команда құрамында 15 қатысушы, оның ішінде 10 ұл 5 қыз болды. 29108 әскери бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, 40 баланың ішінен 15 ұланды іріктеп алып, 3 ай көлемінде қатаң дайындықтардан өткіздік», деді Күреңбел қазақ орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, команда жетекшісі Бейсбай Сартаев. Келесі сөз, Сарыөзек орта мектебінің президенті, команда қатысушысы Алмаз Сайлауға берілді. «Аталған жиында нағыз әскери тәртіпте апта бойы, адуынды қарсыластар арасында бақ сынадық. Бұл біз үшін өмірлік тәжірибе болды. Жеңіске жету мақсатында тынбай дайындалдық. Мен бір жылдан астам уақыт кермеге тартылу, жүгіру секілді спорт түрлерінен дайындық жүргізіп жүргенмін. Алайда, қай жарыс, не шарада сыналатынымды білмедім. «Айбында» өзімнің жеке қырларымды ашып, спорттық, интеллектуалдылық жағынан көрсеттім. Айта кетерлігі, кермеге тартылудан жекелеген сайыстан да, командалық жарыстан да ІІ — орын алдық. Сонымен қатар, робототехникалық сайыста ІІ-орынға шықтым. Менің моделімде «Ордуин» движогі қосылған», деді. Және робот моделінің құрылысы туралы толық баяндап берді. Келесі кезекте жиынның қызықты сәттері туралы Күреңбел қазақ орта мектебінің президенті, команда капитаны Айдана Тойғұлова тоқталды. «Командалар арасындағы қыз капитаны бар ерекше топ болдық. Қыздар әдейілеп, шаштарымызды дред түрінде өріп алдық. Және ерлермен бірдей спорттық шараларда өнер көрсеттік. Біздің тобымыздың ерекшелігі, жаттықтырушыларымыз әр сайысқа қатысушыны арнайы дайындады. Әрқайсысымыз белгілі бір саланың маманы болдық. Біз алғашқы жылы қатысқандықтан және команда капитаны қыз болғандықтан қарсыластарымыз бізге әлсіз қарсылартар секілді қарады. Доданың бірінші күндерінен-ақ жеңіс мінберіне сан мәрте шығып, жарыс соңында ең үздік команда болып танылдық», деді. «Ата-аналарыңыздың осы жарысқа жіберу кезіндегі көзқарасы туралы тоқталып өтсеңіздер?» деген сауалға қатысушылар: «Екеуміздің де ата-анамыз әскери адамдар, еліміздің Қарулы күштері қатарында 15-20 жылдан астам қызмет етіп жүрген қызметкерлер, Біз үшін олар үлгі, әрі олар бізді әскери тәртіпке бала кезіміздан баулыған. Жеңіске жетуіміздің бір себебі де осы болар», деп түйді. Олар алдағы жиынға қатысқан жағдайда көш басында тұратындарына сендірді.

Зере Сайлау,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page