Астана – бас қала

0
96

Алматы облыстық көркемөнер галереясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған, Астана қаласының 20- жылдығына арналған «Астана – бас қала» атты Алматы облысы суретшілерінің туындыларынан жинақталған көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Сұлулықтың символы, ұлылықтың ұясына айналған – Астанаға биыл 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты.

«Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Астанада тоқсан үш күнге созылған халықаралық мамандандырылған ЭКСПО 2017 көрмесі ұймдастырылды. Елордада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымының жоғары лауазымды қонақтары арнайы келді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танылуы мен туристер үшін танымдылығын арттырды. Осы орайда, Елбасымыз «Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, абыройымызды асқақтатты,-деген болатын.

Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі өткен 20 жыл, мемлекетіміздің қауіпсіздігін, беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады.

Елбасының төлтумасы саналатын Астана қаласы бүгінде халықаралық деңгейдегі танымал қалалардың бірі. Саяси бітімгершілік алаңына айналған қалада бүгінгі күнге дейін дүниені дүр сілкіндірген талай додалар өтіп, көк байрағымызды көкке желбіреткен жарыстар өткізілуде. Болашақта да Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретіне кәміл сенеміз.

Бүкіл ел абыройының асқақ көрінісі, мемлекетіміздің мақтан тұтар айнасы Астанамыздың 20-жылдығы Республика деңгейінде атап өтілуде. Осындай іс – шараларға Жетісу өңірінің суретшілері де белсене қатысып, өз үлестерін қосуда. Бүгінгі көрмеге кәсіпқой суретшілердің еркін тақырыпта жазылған 20-ға жуық туындылары қойылып, көрерменнің назарына ұсынылып отыр.

Көрменің мақсаты – суретшілер мен шеберлердің бейнелеу өнеріндегі жаңа туындыларымен таныстыру және рухани құндылықтарын насихаттау.

Баян Алпысбаева, Алматы облыстық көркемөнер галереясының көрме ұйымдастыру маманы.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here