Талдықорғандық таза өнімге сұраныс көп

0
84

Жерұйық саналатын өлкеміздің құнарлы топырағы кез келген өскіннің тамыр алып, жайқала өсуіне қолайлы. Дегенмен, аймағымызды көкөніспен қамту мәселесіне келгенде кемшіліктер жоқ емес. Жаз, күз айларында бағасы қолжетімді саналатын жемістердің бағасы қыс, көктемде шарықтап-ақ кетеді. Осы бағаны реттеуде жылыжайлардың пайдасы мол екені сөзсіз.

Қаламыздың кәсіпкері Бөрібай Қызырхан Елбасының кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы білімін жетілдіріп, алты айлық арнайы курсты өте жақсы тәмамдап, іске кіріскен болатын. Талдықорғандық кә-сіпкердің өніміне сұраныс жоғары.
Бөрібай Қызырхан, кәсіпкер  (суретте сол жақта):
— Жылыжайдың жұмысын жандандыру оңай шаруа емес. Көкөністерді өсіруді 2010 жылы мал бордақылап, сату ісінде қиындыққа тап болған соң қолға алдым. Алғашында саяжай тұрғындарынан сатып алған мың шаршы метрлік жерге қияр, ас көк, тағы да басқа бақшалық өсімдіктер өсірдім. Негізінен жылыжайдың пайдасын қыс мезігілінде көруге болады. Жақсы, сапалы өнімге сұраныс артады. Соңғы екі жылда қаланың шеткері аумағынан осы жерді жалға алып отырмын. Жер иесіне алғысым шексіз. Қыс маусымында жылудан, судан таршылық көрген жоқпын. Өсімдіктерді тамшылап суару әдісімен өсіреміз. Химиялық қоспасыз өсірілген қияр, қызанаққа талдықорғандықтардың сұранысы жоғары. Біздің өнімдерімізді қазіргі таңда «Дәулет» сауда үйінің жанындағы көкбазардан, сенбі сайын «Жерұйық» коммуналдық базарынан алуға болады. 5-6 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Әр жұмысшының айлығы — 75 мың теңге көлемінде. Оның жартысын жұмыспен қамту орталығы төлесе, жартысын біз қолдаймыз. Менің мемлекет тарапынан облысымыздың орталығынан жақсы бір жылыжай тұрғызылса деген ойым бар. Ол жерде жұмыс істеуге әзірмін. Содан соң, мемлекет тарапынан жылыжай ұстаушыларға қаржылай қолдау көрсетілсе. Өзім бұрын несиеге 3 млн. теңгедей қаржы алып қайтардым. Ал, демеуқаржыға (субсидияға) қол жеткізе алмай келемін. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға, зейнеткерлерге қолайлы болу үшін «Жетісудың таза өнімдері» деген көкөніс сату орнына қол жеткізсем деген арманым бар. Орталықтан аз ғана жер бөлініп, соған сауда нүктесін ашсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, жылыжай — үйреніп алса, өте жақсы кәсіп. Өнімге сұраныс қашан да бар. Өзім жылыжай салып, көкөніс өсіремін деген адамға тегін көмек беруге әзірмін. Ниетім — халқым қытайдың немесе басқа да шетелдердің улы дәрісімен суарыл-ған өнімдерімен денсаулығына зиян келтірмей, өз жеріміздің сапалы өнімін тұтынып, пайдасын көрсе деймін. Қақаған қыста да қызанақтың көтерме бағасын әр келісіне 700 теңгеден асырмадық. Қазір 300 теңгеден сатудамыз. Қызанақтың «Бычье сердце», «Розовый» деген сұрыптарын өсіріп келеміз. Қызанақ өсіруде аздап қиын-дық бар. Жуырда қияр да пісіп қалады. Қыс кезінде 10 тоннадай қияр өткіздік. Қияр өсіруге әбден машықтанып алдық. 8 жылда көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Осының бәрі Елбасының арқасы деп түсінемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен.
Айдос Әлімбекұлы, агроном:

— Өсімдіктерді қорғау және карантин мамандығын игердім. 3-4 ай болды осында жұмыс жасап жатырмын. Нақтырақ айтқанда, арнайы оқу орнынан алған теориялық білімімді тәжірибемен ұштастыра еңбек етіп, білімімді жетілдірудемін. Жылыжайдан жалпы үш рет өнім жинап алуға болады. Мына қазіргі өнімдеріміз мамыр айында отырғызылған тұқымнан өніп шыққан. Пісіп-жетіліп қалды. Кезең-кезеңімен егіп, қарап, бақылай-
мыз. Қызанақтың екі түрі де етті, сатуға да, сақтауға да қолайлы. Өтімі де жақсы. Тәжірибелі маманнан көп нәрсені үйреніп, жадыма тоқып жатырмын. Бөрібай ағаға алғысым шексіз.

Иә, көрші елдің көкөністеріне тәуелді болмайық десек, жылыжай мәселесіне көбірек назар аударғанымыз абзал. Ең бастысы, Жетісудың жері шұрайлы, табиғаты жайлы, суы мол. Бейсен Құранбекше айтсақ, қарекет түбі — берекет.

Г.Нұршанова.
Суретке түсірген А.МЫРЗАХАНҰЛЫ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here