Аутизммен сырқаттанушылық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама артты

64

Жетісу облысында диспансерде аутизм және аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы  бар науқастардың саны өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ға артқан. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 31,1% құрайды. Өткен жылы  дертке шалдыққандар саны 167 болса, биыл жыл басынан бері 217-ге жетті. Диспансерде тіркелген 217 науқастың 170-інде мүгедектік тобы бар.  Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күніне орай Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында   облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының Психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасары Сеилхан Жұмабеков пен облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар психиатр-дәрігері Дидар Аушинов толығымен баяндады.

«Балалық аутизм – бұл 3 жасқа дейінгі жастық кезеңде білінетін, ауытқымалы және бұзылған дамудың болуымен, әлеуметтік өзара іс-қимыл, қарым-қатынастың және шектеулі, қайталанатын мінез-құлықтың барлық үш саласында ауытқымалы қызмет етуімен айқындалатын дамудың жалпы бұзылуы. Аутизм спектрінің бұзылуының (АСБ) себептері туралы бірыңғай тұжырымдама жоқ. Қазақстанда және бүкіл әлемде сырқаттанушылықтың өсуінен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне байланысты АСБ аса өзекті болып отыр», – деді Сеилхан Абдрахманұлы. Мамандар бала бойындағы тежелістер байқалғанда, яғни,  ол өзінен-өзі оқшауланса, атын атап шақырғанда немесе қандай да бір ды­бысқа немқұрайлылық танытса, бір қи­мылды ұзақ уақыт қайталаса, тілі шықпаса, адам бетіне көз тоқтатып қарай ал­маса бірден психиатр-ма­манға көрсету керектігін ескертеді. Сонымен қатар бұл туралы тек осы күні ғана айтып қоймай  ақпаратты әрқашан біліп жүрген абзал дейді. Сондықтан атаулы күнге орай Талдықорған қаласының орталығындағы арбатта «Аутизм туралы не білуіміз керек?» тақырыбында кітапшалар таратылды. Одан бөлек облыстық психикалық денсаулық орталығында аутизм спектрінің мәселелері бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз