Бүгін «Жастар» спорт кешенінде қала әкімінің жүлдесіне арналған каратэ шинкиокушинкайдан Талдықорған қаласының ашық кубогы өтті. Айтулы додаға еліміздің алты өңірінен және Бішкек қаласынан жалпы 150-ге жуық спортшы келіп, өзара мықтыларын анықтады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алаңға жиналған жас спортшылар алдымен ортада сап түсеп, тартысты бәсекенің ашылуын тағатсыздана күтті. Жарыс шымылдығын Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев пен қазақ киносының майталманы, Алматы облысының құрметті ақсақалы Әлімғазы Райымбеков және жарыстың бас төрешісі, каратэ шинкиокушинкайдан Әлем чемпионы Мерей Сүйінов ашты.

Салтанатты шарада сөз алған Мәрлен Қапашұлы спортшыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа тарту бағытында ұйымдастырылып отырған жарыстың маңызы зор екендігіне тоқталды. Мұнан кейін Әлімғазы атамыз ақ тілегін ақтарып, жасөспімдерге өзінің батасын берді.

Енді татамидегі сайысқа оралсақ. Жас таланттарды іріктеу мақсатында өткен жарыс тартысты өрбіді. Алаңда өнер көрсеткен 2002 және 2005 жылы туылған спортшылардың барлығы дерлік шығыс жекпе-жегін жақсы меңгеріп қалған. Араларында татамиге әбден төселіп қалғандары да бар.

Қысқасын айтқанда, спортшылар барын салып, үздік өнер көрсетуге тырысып бақты. Нәтижесінде, қарсыластарын қоғадай жапырған каратэшілер жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль және дипломмен марапатталды.

Жарыстың бас төрешісі Мерей Сүйіновтың сөзіне сүйенсек, сайдың тасындай іріктілген жасөспірімдер алдағы уақытта республикалық жарыстарға баратын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page