А.Нұршановтың суреті

Қаламыздағы көптен күткен Орталық саябақ күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұған дейін жеке кәсіпкердің меншігінде болған демалыс орнының бір бөлігі енді толықтай мемлекеттің еншісінде. Саябақтың салтанатты ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов талдықорғандықтарды мерейлі күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Құрметті қала тұрғындары! Жетісудың жүрегі саналатын Талдықорған уақыт озған сайын көркіне сән қосып, сәулетті шаһарға айналып келеді. Қазіргі таңда заман талабына сай қала тұрғындары мен қонақтарына арналып, демалыс орындары көптеп салынуда. Талай жыл бос қаңырап тұрған саябақтың жарты бөлігі бүгін іске қосылып отыр. Өз еліне, жеріне жаны ашитын бауырымыз Бағдат Манзоров жеке меншігіндегі жерді қалаға тегін қайтарып, нағыз азаматтығын көрсетті. Міне, осылайша, ол туған жерге деген перзенттік парызын дәлелдеп бақты. Балаларға арналып жасалған саябақ кішкентай балғындарымызды қуанта берсін!, — деді.

Расымен де саябақтың келбеті түгелдей өзгеріп отыр. Әсіресе, онда балалардың емін-еркін ойнауы үшін барлық жағдай жасалған. Арық жүйелері ауыстырылған. Абаттандыру ісі де көңіл қуантады. Өңір басшысы жаңа демалыс орнын аралап, әткеншектердің жұмысымен танысты. Мұрат Мұтырғанов цирк мектебінің өнерпаздары түрлі бағытта өнер көрсетіп, тұрғындарды қызықты қойылымдарымен тәнті етті. Сонымен қатар, облыс әкімімен бірге ақсақалдар және Нұрбақыт Теңізбаев, Мерей Сүйінов, Карина Горичева сынды танымал спортшылар мен балалар саябақ ішінде жас көшеттер отырғызды. Жалпы, бұл күні саябақ Польшадан әкелінген 50 түп қайың көшеттерімен толықты.

Айта кетейік, саябаққа жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында басталған-ды. Нысанның жалпы сметалық құны 345,9 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер ретінде  «Достық Астана НС» ЖШС жүргізген.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page