Мен көрген соғысты ұрпағым көрмесін

139
Дереккөз

1945 жыл 9 мамыр. Жеңіс! Бұл ұлы қуанышқа жету жолында қаншама тағдырлар қыршын қиылды, қаншама шаңырақ шаттықтан айырылды.  Зұлматты соғыс ызғары талай отбасының жүрегін сыздатып, ана мен баланың жанарынан жас тамызды. Батыр бабаларымыз миллиондаған адамның өмірін жалмаған осынау кезеңде қара бастың қамын емес, тұтас елдің азаттығы үшін қасық қаны қалғанша күресті. Олардың ерен ерліктері ешқашан ұмытылмай, ұрпақ жадында мәңгі сақталары хақ.

Қанапия Әлімбаев — Ұлы Отан соғысының ардагері.  1923 жылы  наурызда   Қызылжар ауылында  дүниеге келген. Сталинград майданында жаяу әскер құрамында болған.   Майданда жүріп 1942 жылы 25 қыркүйекте   ауыр жарақат алып, 8 ай госпитальда  емделіп, қайта соғысқа аттанады. “Жаудың тасадан оқ атқаны қиын болады екен. Елде Жеңіс туы желбірегенмен Австро-Венгриядағы солдаттардың да қатары сирей бастады. Өзіміз Австрияда тұрғанымызбен Венгрияға барып жұмыс жасадық. Жанар –жағар май таусылып, сол жөніндегі тапсырманы жеткізуім керек болды. Түн іші. Көпірдің үстімен келе жатыр едім, соңымнан біреулердің түскенін анық сездім. Жылдамырақ  жүріп ізімді суыттым да, көпірді айналып, бір  ағаштың қалқасына жасырынғаным сол еді автоматтың дауысы бытырлай жөнелді. Артымдағы бір емес бірнеше адам екен. Олардың бет алған бағытын байқап тұрмын. Әлгілердің қарасы үзіле бергенде, жүрегімді қолыма алым жүгірдім емес пе. Келе хабарладым. Бірнеше солдат машинаға отыра салып, солай қарай қуып кетті. Көп ұзамай постылардағы солдаттарды атып, бейбіт халыққа бүйідей тиіп жүрген бір топ қолға түсті”-деп қария естеліктерімен бөлісті. Елге оралғаннан кейін 1953 жылы көктемде Жәмиға Смайылқызымен бас қосып, 10 баланы тәрбиелеп өсірді. “Менің жау оғынан аман қалғаным  осы он баланың жарығы шығар. Маңдайыма туған елдің дәмін татып, бала сүю жазылған екен. Ендігі бір арманым мен көрген соғысты ұрпағым көрмесін”-дейді  майдангер.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page