Талдықорғанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы ашылды

162

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық зорлық –зомбылық  мәселесіне қатысты пікір білдірген еді. «Кейінгі екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру дерегі де жетерлік. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни ,біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам  отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді».

Жаңа жылдың қарсаңында  Талдықорған қаласындағы «Мүшелтой» шағын ауданынан «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Шараға Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, бөлімдер мен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Алғашқы сөз шаһар басшысына берілді.

«Армысыздар құрметті қауым! Елімізде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның айқын дәлелі – жаңғырып жасарған шаһарамызда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ ғимаратының ашылуы. 35 орынды орталық әр бала мен ананың қорғалуына қызмет ете берсін!»-  деді Ернат Дүйсенбекұлы.

Сондай-ақ, Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев та құттықтау сөз сөйледі.  Айтуынша,  жеке ғимараты бар тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетушілерге қызмет көрсету орталығы  республикада алғашқылардың бірі ретінде ашылуда. Көбісі жалгерлік ғимараттарда орналасқан.

 Қадірменді ақсақал Мұратбек Қожабеков  ақ батасын берді.

 Қала әкімі Е. Бәзіл мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Е. Мизамбаев ғимараттың босағасына керілген лентаны қию рәсімін атқарды.

Мұнан әрі  келген қонақтар ғимарат ішін аралап көрді. Шаһар басшысы байғазы ретінде тұрмыстық жабдықты тарту етті. Бұл жерде  қазіргі таңда 19 бала мен 7 ана бар екен. Оларға психологиялық, медициналық, заңгерлік, тігін тігу, тоқыма тоқу және кір жуатын орындармен қатар бес уақыт тамақтанатын асхана да жұмыс жасайды екен.

Қала әкімі осындағы балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ал, балалар мен орталық қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз