Архив саласындағы ауқымды істер

105

Архив – ұлттың даму жолын, болмысын, бар тарихын айна-қатесіз құжат нұсқасында сақтайтын киелі шаңырақ. 80 жылдық тарихы бар  Жетісу облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізуде.

Жетісу облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшылары  К. Қанапиянова мен Гүлмира Дүйсенбекова  Б.Құранбек атындағы  журналистер үйіне келіп, БАҚ өкілдерімен кездесті. Баспасөз мәслихатында «Жетісу облысы мемлекеттік архивінің  жай-күйі мен даму перспективалары  туралы» баяндады.

Бүгінгі таңда Жетісу облысының архив саласында  жүргізіліп отырған жұмыстар жайлы 2023 жылы өткен және алдағы уақытта өтетін шаралар турасында  мемлекеттік архивтің құжаттарды пайдалану және ғылыми-анықтамалық аппарат бөлімінің басшысы Кенже Саубанқызы айтып берді.

-Жетісу облысының мемлекеттік архивінің құрамына 10 филиал кіреді. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Текелі, Көксу, Ескелді, Панфилов  және жеке құрам бойынша Талдықорған филиалы жұмыс жасайды.

Облыстық архив мекемелерінде жалпы 2837 қор, 717 608 сақтау бірліктері бар. Өткен 2023 жылы  оқу залдарында 63 зерттеуші,1794 істер, 189 тізімдеме берілді.«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша да тоқтала кетейін.  2019 жылдың қараша айынан бастап «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша облыстық  мемлекеттік  архивінде және оның аудандық, қалалық филиалдарында мемлекеттік сақтауда жатқан құжаттарды «Электронды архивке» енгізу бойынша құжаттарды сканерден өткізу жұмыстары басталды. 2022 жылы  8 дана А2 + форматтағы планетарлық сканерлер,  ал,2023 жылы  35 моноблок, 1 МФУ сатып алынды.  Осылайша, ағымдағы жылы 26 қор, 46 тізімдеме, 10 093 іс, 927 227 парақ беттері сканерден өткізілді, -деді К.Қанапиянова.

 «Цифрлық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін  құруды облыс бойынша архив мекемелері 2015 жылдың 18 ақпанынан бастап электрондық жүйеге енгізуде.  Электронды форматқа бүгінгі таңға 46 қордың 51 тізімдемелері және 8012 сақтау бірліктері көшіріліпті. Архив қызметкерлері мекемелердегі ведомстволық архивке жауапты қызметкерлерге құжаттардың реттiлiгi, iстер номенклатурасының құрылымы, құжаттардың сақталу мерзiмi, құжаттарды қалыптастыру және көркемдеу, құжаттарды дұрыс сақтау жұмыстарына 201 кеңестер берген. 2023 жылы облыс архивтерінде  54 дөңгелек үстел, 57 бейнероликтерді, 56 семинар-кеңес, 20 өндірістік оқулар, 41 мақалалар, 21 челлендж, 1 ынталы ақпар жолданды, 5 саяхат және  көрме, патриоттық кеш, сұхбат өткізілді.

 Сондай-ақ, «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелері және архивтік үзінділер беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша архив мекемелері тақырыптық 79 сұраныс, 16 мыңнан астам  әлеуметтік-құқықтық сұраным орындалыпты. Республикалық «Жас архившілер» байқауының нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынды «Жетісу жұлдыздары» командасы алып, қуанышпен оралған болатын. Алдағы уақытта  Жетісу мемлекеттік архивіне облыс орталығы Талдықорған қаласынан 2 миллион сақтау бірлігі сыйымдылығымен архив ғимаратын салу қажет. Мұндай қажеттілік  Текелі қаласы,  Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Панфилов, Қаратал филиалдарында да туындап отыр. Сондай-ақ, «Архив-2025»  іс-шаралар жоспары аясында архивтік құжаттардың физикалық-химиялық, техникалық жай-күйін анықтап, зақымданған құжаттарды өңдеуден өткізу үшін қалпына келтіру зертханасы /реставрационная лаборатория/   болса құба-құп еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз