Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тиесілі?

0
218
дереккөз

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді.  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды  және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы  негізінде қолға алынған
жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің  өзгешелігі неде деген сұрақ  туындайды.  Бұл жердегі  басты  айырмашылық- ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылады.

«Талдықорған қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының» бөлім басшысы Гүлмира Есжанованың айтуынша,  жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейлік шегінен  шығаруға бағытталған кешенді қолдаудан тұрады.
 Енді осы жерде  бұл  атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады?-деген заңды  сұрақ көкейге оралады.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.

 Мәселен, шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

 Ал шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады. Бұл орайда қойылатын талап жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.
Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.
Аз қамтылған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері бағдарлама шеңберінде мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналасуға мүмкіндік алады. Осы тұрғыдан алғанда, жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге  несие беріледі.
Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған.  Бірінші жағдайда, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50 пайызға, ал қайталанған жағдайда толықтай  қысқартылуы мүмкін.
 Тағы бір сұрақ: жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай болады? 
Біріншіден,  ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі.  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есебіне сәйкес, Алматы облысы бойынша орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 2017 жылдың 4-тоқсанында 24694 теңгені болып белгіленді.

 Осыған сәйкес, 2018 жылдың 1-тоқсанына кедейлік шегі 12347 теңгені (бұл 24694теңгенің 50 пайыздық мөлшерлемесі)  құрады.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері 40 %-дан 50 %-ға дейін ұлғайтылды. Мысалы, тұрмысы төмен отбасы 5 адамнан тұрады делік, оның 1 мүшесі жұмыс істейді және 24 459 теңге табыс табады; 1 мүшесі 3 жасқа дейінгі балаға күтімімен отыр және жұмыс істемейді, сондай-ақ үш кәмелетке толмаған баласы бар. Өткен жылы отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 17313 теңгені, мемлекеттік балалар жәрдемақысы 7148 теңгені құрады. Отбасының табыс деңгейі осы қалыпта сақталған жағдайда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 30 мың теңгені құрайды немесе 2017 жылмен салыстырғанда 20 %-ға өседі.
-Азаматтар әлеуметтік көмектің басқа түрлерін алуға құқылы бола ма?
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға бұрын  беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіреді. Бірыңғай жәрдемақы болып табылады:
а) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 50%-ынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;
б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері өткен жылы 1,05 АЕК немесе 2383 теңгені құрады;
в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аталған үш төлемнің орнына төленетін болады  және оның мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.
Талдықорған қаласының  жұмыспен қамту орталығына осы жаңа жылдың басынан бері жәрдемақы  тағайындай мәселесі бойынша 772 тұрғынның өтініші қабылданған. Оның 338-і шартсыз көмек түріне, ал 434-і шартты қаржылай  көмек бойынша келісімге қол қойған.

Бұдан былай, отбасы мүшелері ортақ бір ғана құжаттар пакетін жинап, оны тұрғындарды жұмыспен қамту орталығына немесе  Еркін, Өтенай ауылдық округтің әкіміне тапсырады.  Ол жерлерде тұрмысы төмен  отбасыларына арналған  атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша комиссия құрылған.

 Бұл жерде  тағы бір айтарлығы-еңбекке қабілетті отбасы мүшелері мемлекет тарапынан жұмысқа орналастыруға қатысты көрсетілген көмектен бас тартатын болса, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған ана және кәмелеттік жасқа толмаған балаларды есепке алмағанда, қалған отбасы мүшелеріне  атаулы әлеуметтік көмек көрсетілмейтін болады.

Осы мемлекет тарапынан берілетін жәрдем, негізінен  азаматтарды кедейлік шегінен шығуға көмектесу-дейді мамандар. Ол үшін кәсіптік бағдар беріліп, жұмыс табу, оқыту, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік қарастырылып отыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here