Тәлімі мол тәрбиеші

91

Болашақ ұрпақтың білімді, саналы, тәрбиелі болып өсуі үшін үйде ата-ананың, балабақшада тәрбиешінің, мектепте ұстаздың да үлесі зор. Тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы балабақшадан басталады. Балабақша – үлгі мен өнегенің, адамгершілік пен ар намыстың ордасы. Сонымен қатар саналы, еліне қызмет етер нағыз азамат болып өсуінің негізі қаланатын, балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін ыстық ұя. Тәрбиеші – жас ұрпақтың бойына тәрбиенің алғашқы қадамдарын қалыптастыратын, кәсіби шебер, адамгершілігі мол,  үнемі ізденісте жүретін, тәрбиеленушілерге үлгі болатын, бойындағы жақсы қасиеттері мен бар білгенін балаларға бере алатын жан. Бойында осы қасиеттердің барлығы табылатын, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында өмірін осы салаға арнаған жанның бірі – Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Қоңыр ауылы, “Қызғалдақ” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Бекова Толқын Тұрсынбайқызы.

 

Өмірде адамды шын бақытты қылатын нәрсе өз мамандығыңды қателеспей табуың. Мамандығын шын сүйген жан ғана өз ісін абыроймен атқарып, алға қойған мақсаттарына жетеді. Ол білгенін балаларға үйретуден жалықпайтын, білімді де білікті тәрбиеші, өз кәсібіне шынайы берілген жан бола білді. 2014-2017 жылдары  Талдықорған қаласындағы Бизнес,құқық және жаңа технологиялар колледжінде “Бастауыш білім беру мұғалімі” мамандығын тәмамдаған. Қазіргі таңда Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жоғарғы білім алып жатыр. Тәрбиешілік қызметте жүргеніне 7 жылға жуық уақыт болды.

  • Тәрбиешіге жүктелген міндет ауыр. Менің тәрбиеші ретіндегі міндетім баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, кішкентай бүлдіршіндерге бар білгенімді үйрету, олардың ойлау қабілетін шыңдау, таудай талабын арттыру, бағыт бағдар беру. Ең бастысы, рухани бай, жан дүниесі таза, тәрбиелі, білімді шәкірт тәрбиелеу.  Мен ең алдымен балаларды қызықтыруға, содан соң үйретуге көңіл бөлемін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандық мені еш уақытта жалықтырған емес. Керісінше, күнделікті ізденісте жүріп, балалардың білімге құштарлығын ашу үшін бар ықыласымды салып жатырмын. Балабақшада балаға берілетін тәрбиенің мықты болуы мен алған білімінің сапалы болуы біздің қолымызда. “Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе”-деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, балаларға тек білім беріп қоймай, балаларды өз аналары секілді жақсы көріп, дос болуға тырысамын. Күнделікті балалардың қызығушылығын арттыру үшін әр түрлі ойындар ойнатып, түрлі тақырыптарда сабақтар өткізіп тұрамын. Мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, балалардың бойында жатқан талантын шыңдауға бар күшімді саламын. Ұйымдастырылған оқу қызметінде баланың ойлау қабілетін дамытып, өз бетімен жұмыс жасауына, тапсырманы тиянақты және дұрыс орындауына көңіл бөлемін. Педагогикалық тәжірибемде әр ісімнің сәтті шығуына, оқу қызметі үстіндегі қарым-қатынасты шебер ұйымдастыруға тырысамын. Біз балалардың екінші анасы, тәрбиешісі, сырласы, кейде жеке психологы болып кетеміз. Балабақша – білімнің алғашқы баспалдағы. Бала берген тәрбиемізді бойына сіңірсе, оларға сапалы білім бере алсақ, бала сол білімді одан ары шыңдай алса, тәрбиеші ретінде өз мақсатымызға жеткеніміз деп санаймын! – дейді тәрбиеші.

Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Мен дәрігерден гөрі тәрбиеші­лердің көп болғанын қалаймын, себебі дәрігер денеңді сауықтырса, тәрбиеші өне бойыңды сауықтырады» деген екен. Мектепке дейінгі тәрбие саласында қызмет етіп жатқан  барша тәрбиешілердің еңбегі ерең. Кез келген адам ұстаз бола алмайды.

  • “Қызғалдақ” бөбекжай-бақшасының құрылғанына 10 жылдан аса уақыт болды. Қазіргі таңда балабақшамызда 70 бала тәрбиеленуде. Бізде қызмет атқарып жатқан тәрбиешілердің бірі – Бекова Толқын Тұрсынбайқызы. Ол берілген тапсырманы шын көңілмен, барлық мүмкіншілігі келгенше тиянақты орындауға тырысады. Балалармен жақсы жұмыс істеп, олардың ата-аналарымен де тіл табыса алады. Толқынға алда биік шыңдарға жете беруіне тілектеспін!-деп балабақша меңгерушісі Бегімбетова Замзагүл Тоқтарбекқызы ыстық ықыласын білдірді.

Айжан Болатова.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз