20 миллионшы тұрғын атанған жетісулық Айсұлтан перзентханадан шығарылды

1086

14 қараша күні таңғы сағат 08:10-да бес бала дүниеге келіп, Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атандығы туралы ақжолтай хабарды  оқырмандармен бөліскен едік. Жетісу облысында Диана Әзімбаева ер баланы дүниеге әкелген болатын.

 Күні кеше Жетісу облысының әкімі Б.Исабаев  айтулы 20 милионшы сәбидің анасы мен әкесіне бауы берік болсын айтқан еді.  Облыстық перинаталдық орталықтың директоры  Қанат Жұмашевтің айтуынша, дәл сол 14 қарашада 19 сәби дүние есігін ашқан.  Ал сағат сегіздер шамасында туған Айсұлтан 4-ші болыпты. 2023 жылы, жас балалардың  туу саны артып отыр. Халқымыздың саны көбейе берсін деген тілек білдірді.

  Бүгін қасиетті жұма күні кішкентай сәби, жетісулық  Сабденбай Айсұлтан  Мұхтарұлы анасы екеуі перзентханадан аман-есен  үйлеріне  шықты.

Мұхтар Сәбденбайұлы  мен Диана Талғатқызының отбасында енді 3 ер бала мен Айзере атты  қыз бар. Төртінші балдырғанмен толыққан отбасы көпбалалы жанұяға айналды. Дәрігерлердің айтуынша Айсұлтан нәрестенің салмағы 3 келі, бойы 50 сантиметрді құрады. Бүгінде ана мен баланың жағдайлары жақсы. Диана Талғатқызы: «Үлкеніміз Айзере 7 жаста, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы, одан кейін Махмұтәли, Миранның ізін басып Айсұлтан дүниеге келді. 20 миллионшы облыс тұрғыны атанып жатқандығымызға қуаныштымыз. Әр отбасына амандық, балалардың күміс күлкісін тілейміз».

Сәбилі  болу  – үлкен қуаныш. Осы айтулы сәтті бөлісуге Мұхтар Сабденбайұлының бірге қызмет атқаратын қызметтестері келіп қуанышты бөлісті.  Авиация бөлімінде майор шеніндегі Мұхтар Әзімбаев пен жұбайы Диана және кішкентай Айсұлтанды қызметтестері әскери оркестермен сыртта күтіп тұрған еді.

20 миллионшы  ел тұрғыны перзентханадан салтанатты түрде шығарылды.  Қазақи киінген қыздар, тамаша безендірлген шар, аниматорлық кейіпкерлер мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Батырдың бауы берік болсын. Халықтың баласы болсын» ,- ізгі тілектер  бұл күні көптеп айтылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз