«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтпақшы, ақындық әлемге еніп, кез келген жан өз бағын сынап көруіне құқылы. Десекте, қиыннан қиыстырып, сөзден өрнек салып, сол әлемнің адамы атану әрбір жанға бұйыра бермейтін бақ. Осындай сирек ұшырасатын бақытты кезіктірген ақынның бірі – Гүлбақыт Қасен. Жетісу ақындарының ішінде дарыны ерек, болмысы бөлек ақын қыздың өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

 Құсқанаты

Аспан сілкіп түсірген құсқанатын,

Құсқанаты соңынан қыс қалатын.

Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай  –

Әшекейге әдемі қыз тағатын.

 

Құсқанаты –

секілді үкілі арман,

Үкілі арман жолында бүкіл арман.

Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын,

Періштесін аспаннан күтіп алған.

 

Қылаулаған ұшқыны үміттердің,

Құсқанаты, сен соны біліп келдің…

Тамсандырдың.

Сағыныш сарайына –

Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келдің.

 

Жазғытұрым жауатын құсқанаты –

Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын.

Жастық пенен қарттықтың белгісіндей,

Күн ұзарып, түн мерзім қысқаратын.

 

Құсқанаты –

төгілген жыр қауырсын,

Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың…

Саусағына…

ақынның жүрегіне –

Қонақтайсың әлемді жырлау үшін…

 

***

Көңілдің де қысы, жазы, күзі бар,

Ал, көктемде сұлулық бар біз ұғар.

Теңіз толқып, тау теңселіп кеткендей…

Жыр ғұмырда қандай сыр бар қызығар?

 

Сүйіп кеткен, сүйікті еткен, көктемім –

Мен өзіңмен  биіктемін, көктемін.

Қалап тұрам құс біткеннің ән салып,

Алтын күннің шұғыласын төккенін.

 

Көк белдердің гүлдегенін қаладым,

Алма ағаштың бүрлегенін қаладым.

Мені көріп мейірімді Жер-Ана:

деп тұрғандай «айналайын, қарағым».

 

Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –

…Құсжолымен жетелейді бір әуен…

Мына өмірге қайта келу бұйырса:

Мен бәрібір ақын болып туар ем,

…ең бақытты ақын болып туар ем!

 

 Бәрі де ғажап, бәрі де сұлу…

 «Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем мен егер,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын…
Төлеген Айбергенов

«Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің…», жаңғырсын таулар, жарығым,
Сағынышымның жүрегімдегі қуаныш – досы, жары – мұң.
Күрең күз жанды жабырқатты ма, жанға батты ма қажыма,
байқатпас болар, тегінде бөрі арығын…

Бәрі де ғажап, бәрі де сұлу табиғат егіз адаммен,
Жанаттың төрі – жұпарлы әлемді аңсаудан жанға табам ем.
Кеудемдегі ыстық сағынышымды тапсыра алам өзіңе,
Жалғанда күнім, сен ғана маған адал ең!

Көмкеріп нұрға даланы ғажап арайлы ақ таң атқанмен,
Күймесін қозғап ғасырлар көші алыстап бара жатқанмен.
Қимастық бәлкім, адасып құстай ілесе алмай әуен жүр,
Өмірдің мәнін көкжиегінен тапқанмен.

Сағыныш деген – Төлеген толғау, ұшқыны өрттің лаулаған,
Аңсатқан арман, Шәмшінің әні жүректі мәңгі жаулаған.
Жыр құрап аққан жеті өзенімнің мөп-мөлдір моншақ тамшысы –
Көзіңнен жаным, өзіңнен жаным, аумаған…

«Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің…» адаспай табар арманым,
Сағынған көңіл, тіл қатшы қәне, жүректе сүйген бар ма мін?
Қобызым зарлы, домбырам мұңлы төгеді күйін өзгеше —
Сағынышымды алтыным, саған арнадым!

*****

Оралмайтұғын көктемді іздеп жүріп мен,
Төлеген жырға қайтадан қалқам оралдым.
Қасымхан Бегманов

Төлеген жырға қанбайды-ау шөлім, қанбайды,

Аңсаған көңіл сағыныш жырын таңдайды.
Әйбат-ақ дүние ғайбатқа толып жатса да,
Сүйемін деуден жүрегім сенсең танбайды.

Жаныммен сүйгем ақынның мұңын, өлеңін,
Сағыну менен аңсаудан өлсем, өлемін!
«Төлеген жырға оралдым қайта ормандай»…
Не көрсем дағы тағдырым, сенен көремін.

Махаббатымды адамдарға арнап ізетпен,
Анамды аялап, ұйқымды менің күзеткен.
Біз еккен ағаш, өмірдің болсын саясы –
Ризамын, достар қатемді менің түзеткен.

Төрінде көңіл тізілер таулар, теңіз де,
Жазира белден, бұлбұл үнінен ем ізде.
Таңғы шық сұлу көрінер жаным, бұл ғалам –
Байқасаң тылсым адам жанымен егіз бе?

Төлеген жырға қанбайды-ау шөлім, қанбайды,
Аңсаған көңіл сағыныш жырын таңдайды.
Алдайды жалған…
Нәзіктігіммен тік тұрып,
Сүйедім саған, ақындық ғұмыр, маңдайды.

Жанғандай бағы қай ақын қыздың, қай ұлдың?!
Айыпты тағдыр!
Есесін немен қайырдың?
«Махаббатына өртеніп кеткен жүз қыздың»…
Сырлары тұнық жырында қалар шайырдың!

 

Кестемнің жібі алтыннан…

 

Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.
Төлеген Айбергенов

Тіземін зерлі ой маржанын,
көңілдің емі табылар.
Кестемді қабыл ал, жаным,
сағыныш жыры тағы бар.

Өмірдің өзі кестелі,
өрнектер ару бізбенен.
Әдемі сол бір кештегі,
әуенді ешкім үзбеген.

Кестемнің жібі алтыннан,
бір талы жібек жырымның.
Жүректі қайтем алқынған,
сандығы толы сырымның.

Өмірде сенген серігім,
үмітім бір күн ақталар.
Еркелеткеніңде ерідім –
құпиям қалай сақталар…

«Бәрін де саған айтар ем»…
жанарда моншақ шық тұрар.
Өзің де сөзсіз байқар ең –
кестелі жырым ұқтырар.
«Бәрін де саған айтар ем»…

*****

Мен бұла сезімді кешпегем,

Жұбатпас көңілді ештеңе.

Ғашық боп көрмегем дәл бұлай —

Әдемі айтылмас ән бұлай.

 

Мен ерек бақытқа бөлендім,

Төгілген өрнегі өлеңнің.

Ынтызар болмағам дәл бұлай —

Әдемі шықпаған ән бұлай.

 

Мен құлай сүймедім еш жанды,

Ғашықтық дертінен ес танды.

Аңсарым аумаған  дәл бұлай —

Әдемі шырқалмас ән бұлай.

 

Мен бұлай телмірген емеспін,

Көңілді арбайды елес мың.

Жүрегім дүрсілдеп дәл бұлай —

Жүрегім  салмаған ән бұлай.

Әдемі айтылмас ән бұлай…

ӘН ҒАЛАМАТ
І.

Ән салады,
Ән салады жүрегің…
Ән салады,
Ән салады жүрегім!
Көңіл күйдің пернелерін дөп басар,
Сенің сұлу жыр-әуенің білемін.

Домбыраның үні әсем ғажайып,
Тамады нұр, мұңды ғазал азайып.
Түн құшағы –
Тұнсын жырға әдемі…
Өмір жайлы өлмейтін ән жазайық!

Түн құшағы –
Екеумізде бір арман…
Ай толықсып, жалғыз жұлдыз сыр алған.
Бүгінгі әнім сыяр емес кеудеме –
Бүгін жаным, шығайықшы құмардан.

Ән салады,
Ән салады жүрегім…
Тамсанады,
Тамсанады жүрегің!

 

ІІ.

Тағы да ән..
Сиқырлы саз еліткен,
Осы әуенге ынтызармын неліктен?
Алпыс екі тамырымды идіріп —
Таңғажайып күйге ендірдің мен күткен.

Қандай ғажап?!
Сезім күйін шертемін.
Сен ән салсаң, аяқталмас ертегім…
Бұл ғаламда, ән әлемде — екеуміз,
Құшағыңа мен құлайын,
Өртегін!

Сиқырлы саз.
Сыбызғы үн — сан әуен.
Алуа жыр сағынғанда, самал — ем.
Жасырынған әр нотада есімің —
Бүгін тағы ғашық болдым саған мен…
Алтыным!

ІІІ.

Ән жетелеп кетті алыс қиянға,

Оралмадым. Тәтті өмірді қиям ба?!

 

Сұлу ғалам. Әнмен ғана тілдесем,

Мұңсыз бір сәт мен бақытты күн кешем…

 

Сансыз майда, жарық сәуле  – тылсымдар,

Құпиялы сызықтарда  мың сыр бар.

 

Жанарыма ессіз ғашық нұр әлем,

Жүрегімде сиқырлы күй – бір әуен.

 

Сол әуеннің шыға алмаймын ырқынан,

Көз байлаулы… мен еріксіз бұлқынам.

 

Көңілімді  қалықтатқан бұлбұл үн,

Өте шығар арман қуған бұл күнім.

 

Айдай сұлу ақ жүзіме құмар Күн –

Сағыныштан әнге айналған шығармын…

 

*****

Мөлдіреген мен осы, сезім едім…

Өгей тартып барамын өзіме-өзім.

Есенқұл Жақыпбек

 

Мүмкін жанды…

Мүмкін бағым жанбады,

Мендік жүрек жүрісінен танбады.

Шындығымнан ажырамай адастым –

таңдағам жоқ…

Тағдыр мені таңдады.

 

Таңдарыма сенім артқам алдағы,

Маған демеу – ақсақ сезім балдағы.

Арманымды сүйреп жүріп сүріндім –

алдағам жоқ…

Уақыт мені алдады.

 

Жаным менің көктем сайын бүр атты,

Мөлдіретіп айнадайын бұлақты.

Үмітімді үкіледім, жығылдым –

Жылағам жоқ…

Жылдар мені  жылатты.

 

Кімдерге кім

Алтын басын иіпті,

Бағындырам махаббатпен биікті.

«Мөлтілдеген … сезім едім» білерім –

Сүйгенім жоқ

Өмір мені сүйіпті!

 

*****

Өмір — өзен. Неге қарсы ағасыз?..

Үнсіз келіп жан жарамды таңасыз.

Сезім деген лап етеді бірдемде,

Байқаңызшы…

Жанамыз-ау, жанасыз!

 

Тәж кигізіп, жырдан тұмар тағасыз,

Бекзатымсыз, теңдесі жоқ бағасыз.

Сүйген жанға кедергі емес ешнәрсе…

Іздесеңіз, Алатаудан табасыз!

Бір білерім — мына әлемде дарасыз,

Жүрегімнің әні болып қаласыз!

Сізді іздегем тағдырымнан, жоғалтқам…

Ал, Сіз мені тек көктемнен табасыз!

 

*****

Өр өлеңім — өмірдегі серігім,
Бөбегіндей өбектетер сені кім?
Күміс бедер жыр күймеме байланған —
Сөнбесе екен, сөнбесе екен
Сенімім.

Ана жүрек дұға жасар күні-түн,
Шындық аян. Оқылады бір үкім.
Күннің көркем кірпігіне ілінген —
Өшпесе екен, өшпесе екен
Үмітім.

Айналайын, ақ қанат жыр ардағым,
Алуа өмір. Гүлғұмырда бар ма мін?
Ең аяулы, ең әдемі сәттерде —
Мен сенемін.
Адастырмас Арманым!

Г.Қасен.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page