Бір үзім нан (Әңгіме) Мәулен ӘНЕРБАЙ

374
фото А.Қажеке

Аралтөбе жайлауының бөктерінде аядай ғана ауылды тұман бүркеп жатыр. Тау шыңдарынан сығалай көтерілген күн тұр-тұрлап тұман көрпесін баяу түруде. Тыныштықты тек үрген ит, шақырған қораз, жайлау аңсап мөңіреген бұзаулы сиырлар ғана бұзғысы кеп ауық-ауық ауылдың ана басы мен мына басын азан-қазан қылады. Әйтпесе, тіршілік атаулының барлығы жан рахатын қимағандай шырт ұйқыда. Күрк-күрк жөтелген қарт қана, тысқа беттеп барар еді. Содан соң ашылған есікпен бірге үйге ызғырық ілесе кіріп, көрпе жамылмаған ашық денені тоңазытады. Бұл көріністер қаланың қым-қуыт тіршілігінен мезі болып, туған жерін аңсағандағы ой тұлпарын ерттеп мініп, қиялдың қия беліне шаба жөнелетін Ерболдың үйреншікті әдеті. Құлағына сағыныш сағымына енген алып денелі, бұрынғының батырындай кейіптегі атасының қоңыр үні келеді.

– Айналайындар, тұрыңдар!, – дейтін даусын сағынады. – О несі ей, тірі адам тіршілігін істейді емес пе? Біреу келсе ұят болады, тындырар шаруа көп.

– Қазір ата, бүгін қайда барамыз, қой бағамыз ба?, – деген немересі көзін тырнап ашып, үй маңындағы мұздай суға беті-қолын жуады. Тоғайға ертеңгілік салқынмен шырпы, отын жинап алуға беттеген ауыл балаларына қабаған иттер өшіге үріп, көшеден өткізбейді. Мұны қызық көретін атасының баласы айтақтап, итті одан бетер ашуландырады. Тасты бұршақша боратқан жаңағылар тісін қайрап, орманға еніп кетеді.

«Атасының баласы» дейтіндей-ақ бар. Қара торы, қайратты  шаштары мен қастары үріп аузына салғандай. Ертеден қара кешке дейін мойнынан түспей, есерсоқтық пен еркелікке мейілінше қанық болып алған. Өзінен кейінгілерді түртпектеп ауыздағы тәттілерін тартып жейді. Ол, ол ма айтылған шағымнан соң анасының таяғы етіне қанша батса да, томсырайып алып, бетбақтыққа салынады. Бірақ, басқалар секілді емес, ойынға құнықпайды. Көбіне үйдің айналасынан шықпай, үлкендерге қолғабыс етеді. Мұнысы өзінен екі жас кішілігі бар інісіне қиын соғатын. Бір анадан туылса да, екеуінің мінезі екі бөлек, тіпті түр-тұлғаларына дейін өзгеше. Бірі атасының баласы да, бірі апасының. Шағымдарын алдымен сол кісілерге жеткізеді.

Таңертеңгілік астан соң, әркім өзінің қызу тірлігіне кіріседі. Атасының көк биесіне міңгесе алмаған Ербол мен әкесінің тракторынан қалып қойған Аңсар жылай-жылай көз жастары тиылған соң, асықтарын арқалап, төмен жаққа тартады. Шыққан бойда кілт тоқтап:  – «Бар, нанға май мен варение жағып шық», – деп бұйыра сөйледі Ербол. Қанша қарсылық танытқанымен ештеңе шықпайтынын сезген Аңсар: – Түй!, – деп ернін шошайтқан күйі бұйрықты екі етпей орындайды. Екі-үш үйден соң, абалаған азулы иттің дауысы естілді. Әрине, ол бос жүреді. Таңертең отын теруге аттанған көршілердің әдейі жасағаны бұл. Ерні дірілдеп, бойын қорқыныш билеген Аңсар жүруден қалды. Арқа сүйері тек Ербол. Оның қорқатын түрі жоқ, жауды жайратып келген батырлардай алшаң басып, адымдайды. Итті үйге жақындаған соң, жаңағы абалаған азулы құдды жеп қоярдай жүгірді дейсің. Оны көрген Аңсардың жүрегі аузына тығылды. Сәл болмағанда жер әлемді басына көтеріп, айғайлауға немесе қашуға даяр еді. Бірақ «өйтетін болсаң, қораға қамап кетем» деген Ерболдың сөзі аяғы мен аузына тұсау салды.

Еш саспастан,үлкені өзіне жақындап келе жатқан иттің алдына: – Кә-кә, мә-мә,– деп бір жапырақ нанды тастай салды. Ашуынан көрі, ашыққаны басым түскен мақұлық нанды сүйсіне жеп жатқанда жаңағы екеуі алыстап кетті. – Мәссаған, қандай қусың, ей?!, – деп Аңсар таңданысын жасыра алмай жаңағы ерлікті өзі жасағандай масаттанды-ай   бір. Бірақ, бар кедергі бұл емес, ауыл ортасында бала көрсе жын көргендей қанатын сабалап жүгіретін қаз бар. Жылдамдықтың сыналатын сәті сол. Бұл жағынан Аңсардан асып түсетін ешкім жоқ. Қашу мен жүгіруде алдына жан салмайды. Үлкен балалар ерегестіріп: «Шығасың ба?», «Шығам», «Сен ше?», «Мен де», «Кеттік онда қырманның артына» деген диалогтардан кейін болатын төбелестен талай қашып құтылған.

Енді керісінше, Ербол тәй-тәй басқан баладай тасқа шалынып, жан-жағына жалтақтап келеді. Әуселесін көрейін дегендей, Аңсардың көңілі көтерліп, қаздың шығып қалуын күтті. Көп кешікпей, күндегі әдетінше, жемтігіне шүйліккен қыранша қиқу сап көзді ашып-жұмғанша қаз да жетті. Жүгіре жөнелген  Аңсар алдыға түсіп алып, артына қайта-қайта жалтақтайды. «Ойбайын» салып, жыларман болған Ерболды көріп, ішек-сілесі қатты. Қашып, құтылған соң біразға дейін күлкісін тыйа алмай әуре. Ентігін баса алмаған Ербол қара терге малынып, қаздың тұмсығы шымшыған денесін сипалап әлек. Бірақ, үлкендігін місе тұтып мыңқ етпеді. – Енді күлсең, таяқ жейсің!, – деп қойып қалды. Аңсар болса, аузын басып тұншыға ыржақтаудан басқа амалы қалмады. Әупірімдеп жүріп, межелеген жерлеріне жетті. Қызу ойын басталған екен. Ағалы-інілі екі жақтап, басқалардың асығын ұтып, үйге қайтпаққа ыңғайланды. Ойынға берілгендері соншалық күннің қалай батқанын сезбей қалды. Асқазандары тамақ сұрап, итке берген бір жапырақ нанды аңсады-ай. Баппен жағылған майын айтсаңшы. Оның бетіндегі варениенің иісі алқымыңды алады. Қазір сол нан қолдарында болса, итке таланып жатса да берместей болып бекінді. «Одан да таспен атып ұрғаным мың есе артық» деген ой Ерболды шармап өтті.

Аяқтарын санап басып, бірінің артынан бірі үйге қайтып келе жатты. Қалталары асықтан жыртылардай адымдаған сайын арлы-берлі ырғалды. Төмен қарай тартқан салмақ, жүрістерін баяулатып, үйдегілердің уайымын молайтты.

 – Жүгермектер осыдан келсін, көрсетейін мен оларға, – деп аналары бұрқылдап жүр. Ашуға әбден мінген. Күні бойы айғайлап шақырғанда жауап қатпай, тіпті түскі, кеші астарын да ішпегені бір шетінен жанашырлық сезімін оятса, бір жағынан ашуына тиді. «Бірдеңеге ұрынып қалды ма?», «Әлде тағы төбелесті ме?» деген сұрақтар тыншытпай қайта-қайта көзін көшеге ұрлайды. Ақыры, көшенің басынан екеуінің сұлбасы байқалды. Қотырқайық тауына әне-міне, дегенше, сіңіп кетуге даярланған күн сәулесінен көлеңкелері ұзарып, ебедейсіз байқалады. Қақпадан аттағаннан екеуін көк шыбықпен қуып үй бұрышына бірақ тықты. Жылаған дауыстары сексендегі әженің сай-сүйегін сырқыратты. Ақыры шыдай алмай араша түсіп, қос шөбересін қорғаштай берді. Ашуы басылған ана өз ісіне өзі өкініп, көз жасын сығып алды. Шыдай алмай жаңа ғана айғайдың астына алған балаларын айналшықтап, беттерінен сүйді. Жуындырып, тамақтарын беріп, ұйықтатты. Тәп-тәтті пысылдап жатқандарын да, көрпелерін қымтап жатып «Құдай бере салған» деп күбірлеген күйі бөлмелерінен шықты.

Кейбір күндері осындай жағдайдан соң Ербол мен Аңсар жеген таяқтарын ұмытып, ел ұйқығы кетер сәтте ойынға кіріседі. Ондай кезде әділетсіздікке шыдай алмай Аңсар үйді басына көтеріп жылайды. Оны көрген анасы Ерболды қойып қалады. Сөйтіп, екеуі екі жақтан жылайды. Жылаған күйі төсектеріне жатқызып, еріксіз ұйықтатады.

Өстіп жүріп қалай ержеткендеріне таңданады Ербол. Ол кезде уақыт шіркін өтпейтіндей болатын. Қазір ғой, таңның атысынан күннің батысына дейін зымырап, қол серметіп үлгертпейді. Уақыт – алтынға бергісіз байлық болып көрінсе, бірде бағасыз әйтеуір әупірімдеп өтіп жатқан сыңай танытады. Ал, бірде қу түлкіше арбап та алды. Осыларды ойлап отырып, бір жапырақ нанды есіне алды. Ол да уақыт мәшинесінің жетегіне еріп, қайтып келмес, қол жетпес шаққа ұласты. Шіркін, сол кезге бір күнге болса да оралып, ойын қуса ғой. Қаздан қашып, иттің алдына нан тастаса етті.

Санасында сайраған бұл шақтар Ерболдың есінен мәңгі өшпес. Мұндай балалық дәуренді көрген де көрмеген де арманда. Кейін өз балаларына ертегіше айтып берер әлі…

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page