Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашев пен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев аудан және қала тұрғындарымен кездесу өткізді.

Айта кетейік, жуырда облыс әкімдігі тұрғындар назарына өңір басшысы Амандық Баталовқа WhatsApр желісі арқылы өздерінің саулдарын қоюға болатындығын жариялаған-тын. Облыс әкімінің есебі қарсаңында белгіленген желіге 80-ге жуық хабарлама келіп түскен, соның ішінде 55-і қалаға қатысты.

Атап айтсақ, мұндағы сауалдардың басым көпшілігін баспана мен жерге кезекке тұру мәселесі құрап отыр. Ал, ауыз су бойынша – 5, өнеркәсіп саласы – 1, жарықтандыру – 3, көмір және газдандыру – 4, жол жөндеу және қоғамдық көлік мәселесі бойынша – 7, тұрғындарға кедергі келтіріп отырған нысан бойынша – 2, әлеуметтік көмек туралы – 4, қоғамдық тәртіп турасында – 1 сауал келіп түскен. Бұл сауалдарға Бағдат Әбілмәжінұлы төмендегідей жауап берді.

Шаһар басшысының айтуынша, бүгінгі күні 11 категория бойынша 15800 адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде ҰОС-ның ардагерлері, бірінші, екінші топтағы мүгедек жандар, көп балалы және толық емес жанұялар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер бар. Аталған категориялардың барлығы үйлердің санына байланысты жеке қаралатын болады. Мәселен, 2016 жылы қалада 298 пәтер берілген. Ал, 2017 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы коммуналдық және жеке жалға берілетін, жалпы 900 пәтердің кілті табысталған. Биыл 9 үйдің құрылысы жүргізіліп, 500 пәтер өткізу көзделген. Одан бөлек, қалаға кіре беріс жерден котеджді қалашық тұрғызу жоспарда бар. Яғни, биыл бұл маңнан 154 үй салынып, 202 пәтер тұрғындар игілігіне берілмек. Әкім сөзіне сүйенсек, бұл үйлерді кезекте тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіде» есеп шоты барлар ала алады. Сонымен қатар, инвесторлардың жеке қаражатымен «Қаратал» шағын ауданынан бес қабатты екі тұрғын үй беріледі деп жопарлануда. Алты мың шаршы метрді құрайтын бұл баспаналар құрылысы аяқталған соң сатылымға шықпақ.

Айта кетейік, бұл тұста банкке ақша салуға көп адамдардың жағдайы келе бермейтіндігі мәлім. Осы орайда, тұрмысы төмен отбасылар пәтер жалдап тұрып жатқандықтан әкімдерден көмек сұрады. Айтуларынша, тапқан табыстарының басым бөлігі өзгенің қолында кетуде. «Егер үкімет бізге үй берсе, біз сол ақшаны өзіміздің болашақ баспанамызға құяр едік қой», дейді. Облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашев тұрғындардың сауалын ескере келе, өз қаражаттарына үй тұрғызған кәсіпкерлерге бұл турасында ұсыныс жасап көруге болатындығын нұсқады. Егер келіскен жағдайда, көмектесуге ниетті екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, жиында жер кезегінде 23 600 адам тұрғандығы мәлім болды. Ал, бұл адамдардың барлығының сұранысын қамту үшін қаладан 5600 гектар жер керек екен. Қала әкімі мұндай көлемде Талдықорғанда жердің жоқ екенін алға тартты. «Дегенмен, бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылдан бастап «Жастар-3» шағын ауданындағы 154,9 гектар жерге инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Яғни, 812 адамға жер учаскесі бар. Шілде айынан бастап, бұл жерлер кезек бойынша үй салуға беріледі», — деді Б.Қарасаев. Ал, келесі жылға қосымша тағы 274 гектар жер дайындалмақ.

Сондай-ақ, кездесу барысында «Үйтас» саяжайын ауыз сумен қамту үшін жобалық сметалық құжаттардың аяқталғандығы сөз болды. «Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 1 млрд. теңгеден астам қаражат керек. Ендігі кезекте облыстық бюджетке сұраныс енгізу ғана қалды. Саяжайға су тарту кезең-кезең бойынша іске асады», дейді қала әкімі. Ал, бұған дейін тұрғындардың өтініші бойынша ауыз су саяжайға көлікпен тасымалданып тұратын болды.

Жиын соңында қала әкімі қойылған барлық сауалдар ескерілетінін тілге тиек етіп, тұрғындарға мейлінше көмектесетіндігін айтты. Кейбір адамдарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтындығын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page