Бастауы бар бұлақ-ұзағынан ағады

0
498

Ақын Сара Тастанбекқызының туғанына 165 жыл толуына орай облысымызда бірқатар игі шара қолға алынып, атқарылуда. Мәскеуде сақталған ақынға тиесілі құндылықтар елге жеткізілді, ұрпақтарын халық біліп, танып жатыр. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы қаламыздағы өнер мектебіне ақын Сараның атын беру туралы жағымды жаңалық айтып, жұртшылықты қуанышқа бөледі.

Талдықорған қаласындағы 300 оқушыға арналған балалар музыка мектебінің іргетасы өткен жылдың соңына қарай қаланған болатын. Бүгінде құрылыс алаңында жұмыс қызу. Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен салынып жатқан нысанда 35 адам еңбек етеді. Жауапты басшылардың айтуынша, күн жылына қосымша тағы да жүздеген адам жұмысқа тартылмақ. Болашақта қаламыздың ғанибет ғимараттарының қатарынан орын алатын мектеп құрылысының бас мердігері бұған дейін «Көрме кешені» құрылысын жүргізген «Стройсервис-97» ЖШС. Жобасын  «Арлан-жоба құрылыс» ЖШС жасаған. Нысанды пайдалануға беру мерзімі күзге жоспарланып отыр.

Оралбек Жақиянов, қоғам қайраткері, ҚХА жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

— Біздің елдің бағыт, бағдары — әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылу. Ол арманымыздың жүзеге асуы үшін барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуіміз қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымызға арна-ған Жолдауында айтылғандай, дамыған мемлекеттердің тәжірибелерінен үйренеріміз көп. Экономикамызды жаңа бағытта дамытуды қолға алу қажеттігі туындап отыр. Мәдениетімізді, тарихымызды жаңғырту керектігі айтылды. Өздеріңізге белгілі ақын Сара апамызға тиесілі көп дүниені Мәскеуден алдырдық. Жуырда Салтанат сарайында ұйымдастырылған көрме барысында жәдігерлерді облыс басшысының өзі көріп, қуанды. Керемет дүниелер екен деп жоғары бағалады. Бұл құндылықтарды халыққа таныстыру керек, апамыздың кім болғанын көрсін, қандай адам болғанын білсін деп айтты. Талдықорған қаласынан ақын Сараға арнап әдеби-қонақжай ашу туралы мәселеге «Бізде қазір Журналистер үйі, Оқушылар сарайы, Жастар орталығы, Ілияс Жансүгіров атында әдеби мұражай бар, сондықтан да, облыс орталығында салынып жатқан Өнер мектебіне апамыздың атын неге бермеске» деген салиқалы пікірін жеткізді. Оған  Жетісу жұрты қуануда.Әрдайым, береке, бірлігіміз арта берсін!

Сайлау Қожағұлов, ЖМУ профессоры, филология ғылымының кандидаты:

— Қазақтың біртуар тұлғаларының қатарынан табылатын ақын апамыздың аты Өнер мектебіне берілетінін қуана құптаймыз.Біржан мен Сара айтысы — қазақтың тұңғыш классикалық айтысы болғаны анық. Семейде Абай мұражайын көп жылдар бойы басқарған Төкен Ибрагимов деген ағамыз осы кешенді мемлекеттік тарихи және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы жасап кетті. Оған Семейдегі Абай мұражайынан бастап, сол өңірдегі Жидебайдағы Абайдың қорығы, Әуезовтің Берілідегі әдеби-мемориалдық мұражайы, Мақаншыдағы Әсет Найманбаевтың, Көкбайдың мешіт-медіресесі кіреді. Сол сияқты Жетісудың қасиетті өлкесін мекендеген ақын-жазушыларымыздың тарихи орындарын бір арнаға тоғыстырып, үлкен кешенге айналдырсақ та артық емес. Бұл бір жерден басқарылып, ауқымды жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Өнер мектебінің атын ақын Сараға беру-өте дұрыс мәселе. Олар-тұңғыштар. Қазаққа ортақ адамдар, қайталанбас тұлғалар. Еліміздің кез-келген жерінде лайықты орындарға аттары бе-ріліп, ескерткіштері тұрғызылса да көптік етпейді. Ұлылардың әруағы ұрпақтарын әрқашан қолдасын дейміз.

Гүлжамаш Есенбаева, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

— Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласымен халқымызға сали-қалы ой тастады. Тарихымызды жаңғырту арқылы  жас ұрпақты ұлағатты азамат етіп тәрбиелеу- үлкен жетістік. Ақын Сара апайымыз қазақтың маңдайына біткен шоқжұлдызы. Қалай мадақтасақ та жарасады. Қаламызда жаңа-дан бой көтеріп жатқан музыка мектебіне облыс әкімінің қол-дауымен ақын апамыздың есімі берілетінін естіп, қуанып жатырмыз. Шынайы алғысымызды білдіреміз.  Мен  М.Ващенконың қолынан шыққан ақын Сара Тастан-бекқызының мүсіні бейнеленген еңбектердің сонау Ресейден елімізге жеткізілгенін БАҚ арқылы білген едім. Керемет! Туындыларды дүниеге әкелген мүсіншіге де оны  сақтап, тапсырған қызына да, елімізге жеткізген азаматтарға да үлкен рахмет! Апамыздың құрметіне үлкен ескерткіш қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Оған халық болып жұмылса, қолдауға дайынбыз. Үлкен шара өткізілсе. Кезінде Б.Жолбарысұлы атындағы18 орта мектепте бір ай бойы дайындалып, 260 баланың қатысуымен ақын Сараны хор арқылы шығарғанбыз.

 Бибітай Жылқайдарқызы, қала тұрғыны:

— Биыл ақын Сара Тастанбекқызының туғанына 165 жыл толуына орай қаламызда салынып жатқан Өнер мектебіне атын беру — үлкен жаңалық. Алдына ескерткіші қойылса. Сара апамызға қандай құрмет көрсетсек те, жарасады. Өз пікірім — сонау дүбірлі айтыс өткен «Тоғызқұмалақ» баурайында республикалық деңгейде аламан айтыс өткізілсе, шіркін! Оған атағы елімізге ғана емес, шетелге де танымал болып қалған айтыс ақындары шақырылса. Дүбірлі додада шектеу қойылмай, нағыз суырып салма, саңылақтар анықталса. Міне,құрмет! Міне, рухани жаңғыру! Ұрпаққа өнеге деп осыны айтуға болар еді. Сара-қазақтың дүлдүлі. Сондықтан да ақынның өнерін дәріптеу баршамыздың ортақ ісіміз.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here