Дін — діңгек: Ізгілік иманнан

0
646
http://taldykorgan-online.kz

Әлем елдері арасында діни экстремизм мен терроризм дерті дендеп тұрған бүгінгі таңда бейбітшілікті бекемдеп, қоғамның орнықтылығын сақтаудың орны ерекше. Ол үшін алдымен жұрттың шынайы исламға деген көзқарасын айқындап, діни сауаттылықты арттыру бәрінен де маңызды. Бұл біріншіден, жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің алдын алуғ мүмкіндік берсе, екіншіден, дәстүрлі дін жолымен имандылыққа бет бұруына кең жол ашады, — дейді мамандар. Осы бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан  Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.

Облыстық дін істері басқармасы берген нақты мәліметтерге сүйенсек, бүгінде жалпы Жетісу өңірінде  Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес 588 діни ұйым мен филиалдар тіркелген. Соның ішінде дәстүрлі исламды дәріптейтін мешіттер саны 430-дан асады. Онда шариғат шарттарын түсіндіретін 516 имам бар.

Осыған байланысты жақында діни басқарманың Талдықорған өңірі бойынша өкілі, қаладағы «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаевтан біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.

— Ардақ Нүсіпханұлы, халыққа қасиетті Ислам дінінің құндылықтарын дәріптеп, жастарға тура жол нұсқау дін өкілдерінің басты міндеті. Осы бағытта қазір аймақта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Аллаға шүкір!  Еліміз Тәуелсіздік алып, ес жиып, еңсе тіктегеннен бері халық жаппай дінге, мемлекеттік тілге бет бұрды.  Кешегі Кеңес үкіметі тұсында ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, рухани бір серпіліске кенелді. Тіпті, жыл санап жұрттың имандылық ұстанымына деген ынтасы артып, жер-жерде жамағаттың қалауымен  көптеген мешіттер бой көтерді. Міне, бұл азаматтарды ізгі имандылыққа жебейтін игі бастамалар екені  даусыз. Алайда, алғашқы адымда кейбір дінге келушілер ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тура бағамдай  алмай жат ағымның арбауына түсіп қалды. Оларға  шынайы шариғат шарттарын түсіндіріп,  ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы  ұстанып келген дәстүрлі дін жолына бағыттау оңайға соққан жоқ. Қайта, соңғы жылдары аймақта арнайы үгіт-насихат топтары  құрылып, олар  ауыл-аймақты аралап, түрлі кездесулер ұйымдастыру арқылы тынбай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Онда белгілі дінтанушылар мен ғалымдар арнайы ұсыныс пен  уағыздар айтып, жұрттың ізгі ықыласына бөленді. Атап айтсақ, қайырымдылық, сауат ашу, жат ағымның алдын алу, үгіт-насихат сынды  4 бағыттан тұратын бұл бастама жыл сайын өз жалғасын табуда.  Сонымен бірге мешіт имамдары дін істері, ішкі саясат,  жастар саясаты және ішкі істер басқармаларының   мамандарымен бірлесіп көптеген игі істер атқарды. Соның нәтижесінде осыған дейін жат ағымның жетегінде жүрген біраз адамдар кері қайтарылып,  түрмеде отырған жазасын өтеушілердің тура жолға түсуіне көптеген бағыт-бағдар берілді.

— Бүгінде қаламызда «Иман» мешітінің бастамасымен көптеген қайырымды іс-шаралар атқарылуда. Солардың біразына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

— Жалпы, Ислам діні  әр адам баласын береке-бірлікпен мейірімді де қайырымды болуға шақырады.  Соның ішінде кедей-кепшік, ауру-сырқау, жоқ-жітік жандарға көмектесу басты шарт. Сондықтан да мешіт имамдары жай уағыз айтумен ғана шектелмеуі тиіс. Әрбір игі істерге өздері бастамашы болып, жастарға тәрбиелік мәні зор қайырымды істермен көбірек шұғылдануы керек.  Мәселен, соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасымен осы «Иман» мешітінде біраз шаруалар жасалды. Нақтырақ айтсақ,   рамазан айында 30 күн бойы көпшілікке мешіт атынан  ауызашар беріліп, «Иманашар» бағдарламасы арқылы  дәстүрлі діннің қағидалары жан-жақты түсіндірілді. Міне, бұл жастарға, басқа да адамдарға сабақ болмақ. Себебі, олар осы арқылы өздерінің ұстанар бағытын айқындап, аз да болса діни білім алады. Сондай-ақ, мәуліт, ораза, құрбан айт мерекелерінде діни концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып,   жеңімпаздарды марапаттау үрдіске айналды. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне көмектесуге көптеп көңіл бөлініп келеді.  Бұл бағытта «Жәрмеңкемен жәрдемдес» шарасы тұрақты түрде жолға қойылған.   Мысалға, Құрбан айт мерекесінде мешіт атынан 70 такси жұртқа тегін қызмет көрсетіп,  340 бас қой сойылып, еті мұқтаж жандарға таратылды. «Мектепке жол» акциясы аясында 150 бала киім-кешек, қағаз, қалам, сөмке сынды оқу құралдарымен қамтасыз етіліп, тұрмысында қиыншылығы бар біраз адамдарға отын, көмір түсіріп берілді. Осының барлығы дәстүрлі ислам дінінің қадір-қасиетін жан-жақта түсіндіріп, халыққа мейір бағыштау.

— Енді алдағы уақыттың еншісінде тұрған тағы қандай тың жоба- жоспарларыңыз бар?

— Жақсылық жасау әр азаматтың борышы. Көпке көмек қолын созып, жан баласына еш зиян келтірмеген пенденің екі дүние де жүзі жарық. Біз мұнда жасап жатқан жақсы істерімізді айтып, мақтанайық деп отырғанымыз жоқ. Осы бір игілікті істен басқа да адамдар, өсіп келе жатқан жас жеткіншектер үлгі алсын. Ата тарихымыздан тағылым алып, олар ұстанған жолымен өз бағыт-бағдарын айқындасын деген ой. Енді Алла бұйырса мұндай игі шаралар бұдан былай да жалғасын таба беретін болады. Әр жылдың басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сәйкес, жылдық жоба-жоспарлар жасалады. Сол арқылы жұртқа  үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Ол түрлі келеңсіздіктердің алдын алып, жастарды тура жолға бағыттауға мол мүмкіндік береді.  Сондықтан да алдағы уақытта беделді ғалым,  әр саланың білікті де білімді азаматтарын ұсыныс етіп, жастарға тәрбиелік мәні бар  маңызды шараларды  жиі өткізуді жоспарлап отырмыз.  Осы орайда тағы бір айта кететін мәселе, әрбір дінге бет бұрғысы келетін  жамағат  қандай да бір сауалы болса тек мешітке келіп сұраса болады. Қазір бәрі қолайлы ғой. Тіпті, мешітімізде тіл үйренем деушілерге де бар жағдай жасалған. Бәрі де тегін. Қорытып айтқанда, ізгілік – иманнан. Ал, дін – иман айнасы. Әлемдік өркениеттің негізі. Сөз соңында  айтарым елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға тек имандылық берсін!

 — Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Данияр Болысбекұлы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here