«ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК таратқан мәліметке сүйенсек, атлантикалық циклонмен байланыстырылған жылы ауа массалары Қазақстанға өте баяу жылжуда. Мұның себебі республиканың ауа-райына суық және қуатты Сібір антициклонының тигізген әсері. Бірақ басталған жылуды тоқтата алмайды.

«Алдағы үш тәулікте, циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар, Қазақстан аумағы арқылы өтіп, температураның көтерілуін ғана емес, жол-жөнекей боран, қар жауу, қатты батыс желін, оңтүстік аудандарға көктайғақ алып келеді. Осы кезеңде ауа температурасы климаттық нормаға жуық болады», — дейді синоптик мамандары.

Ал, Талдықорған қаласында бүгін және ертең ауа температурасы -12 градусты көрсететін болса, сенбі, жексенбі күндері -8, -16 градус нөлден төмен, күн ала бұлтты болады деген болжам бар.

Халық арасындағы аңызға сәйкес өтіп бара жатқан қаңтар ақпанға мынандай аманатын айтыпты: «Ақпан – Тоқпан, Ай мүйізді алты күн. Айқайлап соқпа жеті күн. Қаһарлы келсе қатты күн, Қырына алса қырық күн. Боз тоқтыда құйрық қалды, Қырлан, Ақпан, қырлан!». «Ақпанда күн ат адымындай ұзарады» деген бар. Бұл кезде күн ұзара бастайды. Қатты қарлы борандар болады. Ақпан – «ақ ықпа» сөзінен шыққан. Ақпандағы ауа-райы аумалы-төкпелі, құбылмалы. Ақ ықпа сол мағынаны білдіреді.

Бабаларымыз қаңтар мен ақпанға мынандай сипат берген: қаңтар – аяз айы, ақпан – боран айы. Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады. Ақпан – қайталаманың ақ бораны, алдамшы ай. Бір бүйіріңді қыздырса, екінші бүйіріңді мұздатады. Бір қолымен маңдайдан сипап, екінші қолымен маңдайдан шертеді. Ақпан тұрақсыз: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Оның бұрқасынды да, шуақты күндері алма-кезек. Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады. Ақпан борандайды, келер наурыз – жылауық. Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады.

Ертеде халық ауа райын табиғат құбылысы мен болмысына қарап болжаған. Мысалы, кешкісін аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Қырау түспей, күн желді болса, боран соғады. Жұлдыз жымыңдаса, боран соғады, жарқыраса аяз тұрады, күңгірттенсе күн жылырақ болады. Қарағаш бұтағына жабысып түспесе, күн жылынады. Салқын және ылғалды болса, келер тамыз – ыстық болады. Айдың соңғы жартысында ауа-райы ашық болса, жаз қуаң болады. Жер көлкілдеп, ылғал молайса, жазда жер отты. Дала қарлы болса, келер жазда жер нәрлі. Алқап қалың қар жамылса, көкекте көл суға толады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page