Сәрсенбіде Талдықорған қаласы әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 2 мәселе. Біріншісі – қаланың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 4-тоқсанға арналған жоспар болса, екіншісі – Талдықорған қаласы әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылған ескертпелер мен ұсыныстардың орындалуы туралы.
Бірінші мәселе жайлы қала әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев баяндама жасады. Ол атап өткендей, қаланың барлық саласында дерлік өсім бар. Мәселен, өнеркәсіп өнімін шығару көлемі 49 млрд. теңгеден асса, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 9 млрд. теңгеге артқан. Кәсіпкерлік саласында 15 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, салада жұмыспен қамтылғандар саны 26,3 мың адамды құрап, 1,6%-ға артты.
2017 жылы жергілікті маңызды автокөлік жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 3,8 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылға жолдарды салу және жөндеу жоспары қаланы газификациялау бойынша жұмыстарды ескере отырып, әзірленді. 3 шақырымнан астам автокөлік жолы жаңадан салынса, 24 шақырымы орташа жөндеуден, 12 шақырымнан астамы күрделі жөндеуден өтті.
Қаланы газбен қамту бойынша бірінші кезең аясында 169,3 шақырым газ құбыры салынды және жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын 6 іске қосу кешенін орналастыру аяқталды. 7-қарашадағы жағдай бойынша, 305 абонентті техникалық іске қосуы жүргізілді.
Есепті кезең бойынша 2876 жаңа жұмыс орыны құрылды, бұл 2016 жылдың деңгейінен 13,4%-ға көп. Жылдық тапсырма 97,3% орындалды.
2017 жылға 600 орынды 5 жекеменшік балабақша және 25 орынды 1 қосымша топ ашу қарастырылған. Жыл басынан бері 225 орынды 3 жекеменшік балабақша қолданысқа беріліп, 45 орынға 2 қосымша топ ашылды.
Денсаулық сақтау саласында жоспарлы алдын алу тексерумен 65 мың адам немесе жоспардан 85% қамтылды, оның барысында 3269 науқас анықталып, 1949 адам сауықтырылды.
Бюджет болжамы 101,8%-ға орындалды.
Аталған мәліметтерді баяндай келе, қала әкімінің орынбасары бірнеше ұсыныстарын алға тартты. «Біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, бағдарламаларында көрсетілген міндеттерді мінсіз орындау үшін тиісті шараларды ұйымдастырып, атқаруымыз керек. Сондай-ақ, қала дамуы үшін қарастырылған жоспарлы көрсеткіштер мен нысаналы индикаторлардың орындалуы бойынша шаралар қабылдауымыз шарт» деді. Ұсынысында көрсеткендей, әкімдік инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды жандандыру, инвестициялық жобаларды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдана отырып білім беру, денсаулық сақтау, спорт және т.б. салаларда жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу керек. Ағымдағы жылы жаңадан салынған және күрделі жөндеу есебінен ашылғалы отырған нысандарды уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Құқық бұзушылықты, қылмыс санын және жол-көлік жағдайларын азайту бойынша алдын ала жұмыстарды күшейту қажет.
Мәрлен Көлбаев атап өткендей, бүгінде қаладағы кейбір қоғамдық көліктер 21-00-ге дейін жұмыс атқармайды. «Талдықорғантаксопарк» ЖШС, «Жигули» ЖШС және «Майка инвест» ЖШС-ға тиесілі бағыттардағы автобустардың 70-80 пайызы жұмыстарын ерте аяқтап жүр. Салдарынан 7 сабақтан кейін шыққан оқушылар мен мұғалімдердің қозғалысы қиындап жатыр.
Орынбасарының ұсыныстарын қала әкімі де қолдады. «Жалпы көрсеткіштер жаман емес. Бізде 3 көрсеткіш кемшін түсіп жатыр. Ол – құрылыс, инвестиция және тұрғын үйлерді қолданысқа беру. Бүгінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берілді. Құрылыс жылдағыдан кем болмайды. Ал, инвестиция мен тұрғын үйлерді қолданысқа беру бойынша объективті себептер бар. Былтыр еліміз көлемінде заңдастыру шарасы өткен. Соның аясында Талдықорғанда 120 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді деп көрсетілді. Биыл бұл межеге жету қиын. Бірақ, қазір Сәулет бөлімі барынша жұмыс істеуде. Ал, инвесторларды тарту бойынша жоспарлы қадамдар жасалып жатыр» — деді Бағдат Қарасаев. Ал, қоғамдық көліктер мәселесі бойынша, арнайы рейд жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту тапсырылды.
Мәжіліс барысында бірқатар бөлім басшылары жарыссөзге шығып, жұмыс есебін беріп, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Алқа мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталсақ, былтырғы жылдың жұмыстары жөніндегі қала әкімінің есептік жиынында тұрғындар тарапынан 13 ескертпе-ұсыныс түскен. Бүгінгі күнге олардың 12-сі орындалды. «Бір мәселе – әскери қалашықтағы үйлердің ауласын абаттандыруға байланысты еді. Әзірге, бұл үйлер әкімдіктің құзырына өткен жоқ. Ол бойынша нақты шаралар қабылданған. Үйлер тиісті ведомствадан біздің меншікке өткенде, мәселе толығымен шешімін табады» — деді Бағдат Қарасаев.
Есепті жиындарда қалаға тиесілі ауылдық округ әкімдеріне тұрғындар тарапынан 5 ескертпе-ұсыныс түскен. Қазіргі сәтте олардың үшеуі толығымен шешілді. Тағы 2 мәселе реттеліп жатыр.
Данияр БОЛЫСБЕКҰЛЫ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page