Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіп отырған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жекешелендіру туралы жаңалық ел тұрғындарын алаңдатып тастады. Яғни, қаржы құрылымын шетелдік инвестор еншілесе, ең төмен пайызбен беріліп жатқан несие тоқтап қалуы мүмкін бе?

Алаңдауға негіз де бар. Егер банк жеке қолдарға өтіп кетсе, пәтер аламын деп үмітін желбіретіп жүрген жас отбасылардың арманы көкке ұшама ма деген күдік басым.

Дегенмен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшылығы акциялардың негізгі бөлігі, яғни бақылау пакеті мемлекеттің иелігінде қалатындықтан, алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Айтуларынша, шетелден серіктес іздеп жүргендері рас, алайда ол тұрғын үй жинақ жүйесінде тәжірибесі мол, жаңа технологиялар мен қызмет түрлерін алып келуге қауқары жеткелікті, банктің сапалы дамуынына үлес қосатын инвестор немесе қаржы институты болуы тиіс. Алайда, бұл банктің әлеуметтік міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді, несиелендіру мөлшерлемелеріне қатысты жеңілдіктердің барлық түрлері сақталады дейді мамандар. «Барлық біздің мемлекеттің беріп жатырған жақсылықтары қалады. Мемлекеттік сыйақы, төменгі пайызбен берілетін несие, қазір біздің қолданып жүрген жақсы бағдарламаларымыз «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» тағы да төменгі пайызбен несиелерімізді алып жатыр ғой халық, бұның барлығы қалады, ешқандай уайымдамасын», — дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова.
Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық холдингісі төрағасының орынбасары Айдар Арифханов «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2018 жылы жекешелендіру көзделген деп мәлімдеген болатын. Айтуынша, бүгінде, әлеуетті инвесторлар мен серіктестердің тізімі жасалған. «Жекешелендіруді 2018 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланған. Мүдделі инвесторлармен толық келіссөздер жүргізіледі және келісімге қатысуға ниеттер туралы индикативтік ұсыныстар алынады. Біз қаржылық қызметтер мен ипотекалық несиелендіру нарығындағы жетекші халықаралық инвесторларды тартқымыз келеді. Негізгі мақсатымыз – банктің қызметінің тиімділігін арттыру және озық технологиялар мен жаңа банк өнімдерін енгізу», — дейді ол.
Қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін енгізетін жалғыз банк. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page