Отбасының берекелі болуы- сыйластықта

214

Халқымыздың келінге қоятын талабы күшті. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі сұрапты:
– Бауке айтыңызшы өзі, жер бетінде ең батыр адам кім? -деп.
Сонда батыр атамыз ойланбастан:
– Жер бетіндегі ең батыр адам… ол – қыз, -депті. Оның мәнісін сұрағанда былай деп жауап беріпті:
– Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, – деген екен…

 Дәстүрдің бұл сынына кез келген шыдас бермейді. Бірақ арамызда «нағыз қазақ келіні» атанған өзге ұлт өкілдері көп.  Солардың бірі- Панфилова Юлия Николаевна.   Қазақтың келіні атанғанына да  бірнеше жылдың жүзі болыпты. Қазақтың барлық салт-дәстүрін бойына сіңірген Юлия аспаздық өнерді меңгерген. Өзі наубайханада жұмыс жасайды.

-Жұбайым Серікболды  сыйлаймын, құрметтеймін. Оның бойынан жақсы қасиеттердің бәрі табылады. Отбасындағы кез келген мәселені  сабырлылықпен, барлығын ақылға салып шешеміз. Қанша  ренжісіп қалсақ та, оны екі жақтағы туыстарға айтпай өзіміз шешеміз,-дейді кейіпкеріміз.

 Оның келіндік жағы қалай  деп туыстарынан сұрағанда , тағамдарды өте дәмді әзірлейтіндігін алдымен ауызға алды. Мерекелік дастарқанды өз қолымен жасаған тағамдармен толтырып қояды екен. Үйде екі ұлттың да неше түрлі ас мәзірі  дайындалатын көрінеді.

Кейіпкердің айтуынша, бәрі бақытты отбасын құрғысы келеді. Алайда отбасының бақытты, берекелі  болуы екі жаққа қатысты екенін көп адамдар ескере бермейді. Отбасы бақыты ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуінен, қанша қателіктер болса да кешіріммен қарауынан туындайды. Егер екі адам бір-бірін шын мәнінде құрметтесе, сыйласа, шын сүйсе ешнәрсе кедергі болмайды. Ал өзге ұлттың қызын алсаң да, не өзге ұлтқа күйеу бала болсаң да, ең бастысы — сыйластық. Қазіргі жастарымыз отбасы, жанұя сөзінің мағынасын терең түсінбей жатып, шаңырақ көтеріп, ажырасып жатады. Әйелі ер азаматын  сыйламаған үйде береке де, ырыс  та болмайды.

 Юлия келін  қазақтың кішіпейілділік, ибалық мінезін жақын туыстар бойынан табуға тырысады. Балалардың  отбасында ұлттық тәрбиені сіңіріп өскенін қалайды. Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл мұра екендігі даусыз ғой.

«Жолдасым екеуіміз қонақ күтуді жақсы көреміз. Туыстары қашан келсе де , дастарқан жаюлы.  Қазақи салт-дәстүрді ұстанамыз. Қазақтың салт-дәстүрлері көп болғанмен де, бәрін уақыт өте келе  жайлап үйреніп кеттім. Қазір жөн-жоралғының бәрін  жақсы білемін. Анамыз күліп қояды «біз интернационалды,  көп ұлтты шаңырақпыз» деп, ол рас.

Қазақ халқында маған ұнайтын мейрамдардың бірі – күн мен түн теңелетін, сонымен қатар табиғат та жаңаратын Наурыз мейрамы. Наурыз  – достық пен сүйіспеншіліктің, молшылық пен татулықтың айы саналады емес пе? Мәселен, Наурыз  да, Жаңа жыл да жаңа өмірдің жаршысы болып саналады.

«Сіз  бесбармақты күнде әзірлейсіз бе?»,-деп үйге келгендер әзілдеп жатады. Ет – өте тойымды тамақ. Сондықтан оны күнде жеу мүмкін емес. Наурызға арнап қыстың сүрін сақтап қойып наурызкөже жасаймыз. Ол анамыздың маған үйреткені. Білмегеннің бәрін екінші  анам  мен   жолдасымның туыстарынан үйрендім. Білмегенімді үйреткен сол кісілер.

Алғаш келін болып түскен жылы қазақша ет аса алмайтынмын. Кейін бәрін үйрендік.  Жұма сайын жеті шелпекті пісіріп,  құран оқытуды да ұмытпаймыз. Осы  Ораза кезінде де жақын туыстарды шақырып, ауызашар жасадық. Татулық, бірлік, түсіністік әр  отбасында сақталса, елімізде бейбіт өмір болары сөзсіз. Ал отбасының берекелі болуы- сыйластықта.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз