Электронды карта таныстырылды

326
фото А. Қажеке

Алматы облысында тарихи –мәдени мұра нысандарының электронды  картасы таныстырылды. Бұл  бастама облыс  әкімдігінің жан-жақты қолдауымен  «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілген  «Киелі  Қазақстан» жобасы аясында қолға алынған.

 Жоба авторы Бақытжан Махметовтың айтуынша, жаңа картаға Жетісу жеріндегі көптеген қасиетті орындар мен  тарихи ескерткіштер енгізілген. Олармен танысам деушілер арнайы сайтқа кіріп өздеріне керекті мәліметтерді ала алады. Мұндағы мақсат – карта арқылы оларды жұртқа таныстырып, есепке алу, қорғау жұмыстарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, ғылыми – зерттеуге тың жол ашу.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев: «Жалпы биыл аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылуға тиісті 28 жоба бар. Соның бірі осы электронды карта. Картаның таныстырылымына ғалымдар, тарихшылар және БАҚ өкілдері шақырылды. Шараға қатысушылар мұның болашақтағы пайдасы, бағыт-бағдары қандай? Картаны жасаудағы басты мақсат не? деген сауалдарға тиісті жауап алды. Ал, карта негізінен тарихи орындар мен ескерткіштерге арналған. Бүгінде өңірдегі 2340 ескерткіш тізімде тұр. Ол тарихи ескерткіш, табиғи ескерткіш,  мәдени ескерткіш болып бірнеше түрге бөлінеді. Сонымен бірге тұнып тұрған қазақ  жерінде Сақ қорғандары, балбал тастар,  көне қалалар бар. Осының барлығын алдағы уақытта аталмыш электронды картадан табуға болады» -деді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page