Білім беру ісіндегі жаңа заман талабы

281

ХХІ ғасыр — адамзаттық өркениеттің, технологияның дамыған заманы, адамзат санасының жаңарған заманы.  Қоғам заманның өзгеруіне қарай бейімделіп, заман тынысымен ілесе, тіпті,  кейде ілгеріні  болжай отыра  қадам басатын кезеңге жетіп отыр десем, артық айтқандық болмас. Өзгермелі, құбылмалы кезеңде жолдан адасып қалмай, бағдарды айқындап алу — әр ұлттың  алдыңғы міндеттерінің бірі.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»,- дейді.  Кешегінің ескіріп, бүгінгінің өзі жаңа болған кезеңінде білім де жаңа бағытқа бұрылды. Соған сәйкес елімізде білім беру жүйесі де білім берудің жаңа мазмұнына көшті.  Елбасының сөзіне сүйенсек: «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Ал қазақ халқы- білімнің пайдасын, болашақ үшін маңызын ерте кезден-ақ білген көкірегі ояу, көзі ашық халық.

Елімізде білім беру мазмұнын жаңарту кезеңі қолға алынып, жаңартылған мазмұнда білім беру ісі басталып та кетті.  Білім мазмұнын жаңарту не үшін керек еді? Бүгінгі күні алдыңғы қатарлы дамыған елдер білім жүйесін заман талабына сай бейімдеп өзгертіп оқытуда. Біздің елімізде де білім беру ісін жаңарту да осындай қажеттіліктерден туындағаны анық.  Қазіргі күні алдыңғы қатарлы дамыған елдердің білім берудегі озық тәжірибесі мен жетістіктерін алып, өзімізге бейімдеп беру мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қажетке жарату, сол арқылы саналы, қоғамдағы өзінің орнын білетін, бойына адами қасиеттер мен  құндылықтарды сіңірген ұрпақ тәрбиелеу- мойнына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған ұстаз қауымының міндеті. Халық айтса, қалып айтпайды: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды».

Қоғамдағы қандай жаңалық болсын, қандай да бір мәселе болсын, өзінің тұла бойынан өткізіп, алғашқылардың бірі болып селт етер — ұстаз қауымы. Жаңалықтың да жаршысы, адами ізгіліктің де дәнін себуші, қоғамдық өмірдің айнасы да, өткен мен бүгінгіні, болашақты да жалғастырушы — ұстаздар.

Заман талабына сай қазіргі күні сол ұстаз қауымының мойнына ғасыр жүгі мен болашақ аманаты артылып отыр. Алғашқы педагог Ыбырайдың өзі кезінде білім беру ісін «Қалай оқытамын?» деген сұрақпен бастаған екен. Содан бері қанша ғасыр мен кезең ауысып келді, ал білім беру ісі әр кезеңде осы сұраққа оралып отырды. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны да жаһандық даму кезеңінде ұрпақты «Қалай оқыту керек?» деген сұрақпен байланыстыра отыра мазмұнын өзгертті. Оқыту мен оқуға жаңаша көзқарас қалыптастырды, жаңадан әдіс-тәсілдер белгіленіп берілді, білім беру формаларын өзгертті, сонымен бірге бағалаудың да жаңа түрін-критералды бағалау түрін енгізді. Жаңаша білім беруде оқушыларға білімді дайын күйінде емес, берілген мәселенің шешімін тыңнан табуға, өзіндік қажеттілік пен қызығушылық аясынан қарап табуға,  өздігінен білім алуына мүмкіндік беру арқылы табысты оқуға, бір-бірін үйретуге, бір-бірінен үйренуге және алған білімін өмірде қолдана алуға бейімдеуге үйрету маңызды болмақ. Оқу мен оқытудың жаңаша мәнмәтінінде оқушы пікір алысады, әңгімелеседі, ортақ түйін шығарады, бір-бірімен келіседі немесе пікірін қайта қарайды, әрекетке немесе жағдаятқа сыни көзқарасын білдіреді, қорытынды түйінін шығарады, яғни ұжымдық әлеуметтік  әрекетке түседі, диалог жүреді.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістерді де біз терең түсініп, өзімізді де соған байланысты әдістемеміз бен оқушыға, сабақты жоспарлау мен өткізуге деген қарым-қатынасымызды басқаша бағытқа бұрдық. Ал жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқушыны тыңдау, пікірін құрметтеу, олармен тең дәрежеде, еркін қарым-қатынаста болу оқушының бойында өзіне деген сенімін нығайтады, ойын ашық жеткізуіне жетелейді. Сонымен бірге заман ағымында адами қасиеттің азайып, әркім өзінің жеке басын күйттеп бара жатқан заманда оқушылар топтық жұмысқа тартылу арқылы бұрынғы ата-бабамыздан қалған қанымызда бар қасиет- бір ауыз сөзге тоқтау, бірінің пікірін тыңдау, құрметтеу, «өзімде» ғана емес, өзгеде де болсын деген ниеттің, шыдамдылықтың, бірлесе отырып «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарар қасиеттердің  қайта жандануына ықпал етудеміз. Өйткені топтық жұмыстың негізгі қағидасының бірі- топтағы оқушылардың «бәрі бірі үшін» ұстанымымен бірлесе жұмыс атқаруы.

 Жиырма жылдан аса ұстаздық тәжірибемде алдымда отырған оқушыма сенім білдіру,  оның бала қылығын жақсы көруді үйрендім. Баланың жүрегі өзін жақсы көргенді сезеді екен. Өзіңе де сондай жауап қайтарады. Ал ұстаз бен оқушының арасында осындай көзге көрінбейтін байланыс болған жерде сабақ та өз үйлесімділігімен өтетінін білдім.

Кез келген істі бастап, тыңнан соқпақ салу қашанда болса да жеңіл болмаған. Еліміздегі білім беру ісін жаңарту да сондай күрделі кезеңінен өтуде. Жаңа бастаманың мұндай кезеңнен өтуі табиғи заңды да. Бірақ қай заманда болсын, қандай жағдайда да болсын өз пәнін, мамандығын шексіз сүйетін адам ғана ұстаздық жолды таңдап, бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса»,- деген екен үнді халқының қайраткері М.Ганди.  Ұрпағымыздың болашағы үшін жасалып жатқан игі ісіне ұстаздар қауымы бар ынта-жігерімен кірісуде. Уақыт бір орнында тұрмайды. Алдағы алыс емес болашақта біз- қазіргі кезеңнің ұстаздары өзіміздің осындай ауқымды істің басында бастамашы болғанымызды мақтанышпен айтатын боламыз әлі.

Сүйгенбаева Б.Қ. «Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page