Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің бастауы саналатын Наурыз тойы ұлтымыз үшін ұлық мереке. Биылғы жер жаннаты Жетісудағы  ұлыстың ұлы күнін ұлықтау дәстүрі Талдықорғандағы  киелі өнер ордасы Б.Римова атындағы драма театрынан басталды. Игі шара наурыз айының тең ортасындағы халқымыздың айдан аман, жылдан есен шыққанын еске алатын «Амал» яғни «Көрісу» күніне орай ұйымдастырылған.

Тойшыл қауымды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев құттықты, аймақ басшысы Амандық Баталовтың ізгі тілегін жеткізді. Танымал актер Сағындық Жұмаділовтың айтуынша, Наурыз мерекесінің алдында айрықша аталып өтілетін бұл салт халқымызда ежелден бар. Ол, Ай мен Үркердің тоғысар мезгілене тура келетіндіктен кей жерлерде «Тоғыс» деп аталады. Ал, еліміздің батыс облыстарындағы жұрт оны «Көрісу» яғни «Амал» дәстүрі деп атап, жыл сайын 14-15-ші наурызда ерекше тойлап келеді. Амал күні – жақсылыққа толы күн. Бұл Талдықорғанда алғаш рет тойланып отыр. Мұндағы мақсат – Елбасының «Рухани жаңғыру» бадарламасы аясында барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп жатқан бүгінгі күнде ұмыт бола бастаған осындай қазақи салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту. Осы арқылы жастарды тарихтан тағылым алып, тілін, дінін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтауға тәрбиелеу.

Әжелердің ақ шашуымен басталған шара барысында театр ұжымы  өз өнерлерін ортаға салса, қариялар ақ батасын арнап, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, құт-береке тіледі.

Жиылған жұртшылықты облыс әкімі атынан орынбасары Ақан Әбдуәлиев құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.

Салтанатты шарадан кейін халайық наурыз көжеден ауыз тиіп, ақ дастарханнан дәм татты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page