Бүгінгі таңда барша қазақстандықтардың ортақ міндеті  – латын қарпіне көшу. Мемлекетіміздің өркендеуін өрлететін бұл бет бұрыстың тиімді екеніне барлығының көзі жетті. Алайда, жалпыға ортақ талқыға түскен үлкен бастама үш мәрте өзгеріске ұшырағанымен, олқылықтар әлі де болса табылады. Тіл мамандарының арасында орфографиялық және орфоэпиялық ережелердің дұрыс сақталмауына байланысты пікірталас туындауда. Латын қарпіне көшу үміт пен күдіктің арасында тұрғандай көрінгенімен, ұстаздар қауымы оқушыларды болашақтың жазуына үйретуін бастап кеткен болатын.

Оқушылардың аяқ алысы қалай болып жатқанын білу мақсатында  № 28 IT мектеп-лицейіне кірдік. Бізді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Исаева қарсы алып, латын әліпбиіне байланысты тұщымды ойларымен бөлісті.  — Ғалымдар арасында қызу талқыға түсіп жатқан латын қарпінің өзгерісіне ұстаз ретінде қаншалықты көңіліңіз толады?

— Тіл жанашыры, мұғалім ретінде өзімнің жеке пікірім, кирилица әліпбиінің ықпалы салдарынан ана тіліміздің қолданыс аясы жылдан-жылға нашарлап бара жатқаны байқалады. Тіліміздің ешбір шұбарланусыз өз қалпында мәңгі сақталуы біздің тірлігіміздің айғағы болмақ. Елбасымыз латын қарпіне көшу туралы шешім қабылдаған сәтте ең алғаш қуанғандардың бірі мен болдым. Иә, тіл мамандарының арасында дау-дамайдың болып жатқандығы барлығымызға мәлім. Қателіктерге келер болсақ, қазір қолданып жатқан әліпбиіміздің кем-кетік тұстары бастан асады. Тек, жылдар өткен сайын ұмытылып, мән бермей кеткенбіз. Мұндай қарама-қайшылықтардың туындауы заңды құбылыс. Себебі, барлығымыз болашақтың бастауы болатын жаңа қаріптің ешбір қатесіз елге таралуы үшін қажырлы еңбектер атқарудамыз. Бірақ, ғалымдар жоғары ойлағандықтан болар, тұжырымдарын тым ғылыми түрде  жоғарғы аудиторияларда түсіндіреді. Ал, оны қарапайым жұрт, басқа да мамандықтағы адамдардың түсінуі қиынға соғады. Сондықтан ұстаз ретінде ғалымдарға айтар ұсынысым – ең  алғаш болып жас бүлдіршіндерге жазуды үйрететін қарапайым мектеп мұғалімдерімен көптеп кездесіп, айтар ойларына құлақ түрсе деймін. Осылайша, бірлесе шешім қабылдаса барлығымызға тиімді болар еді.

— Оқушыларға латын қарпінде жазуға бейімдеу қаншалықты қиынға соғуда?

— Дәл қазіргі сәтке дейін,  қағілез қазақ балаларына бұл бастама айтарлықтай қиындық туындатқан жоқ. Ағылшын тілін үйреніп жүрген оқушыларға латын таңбаларын жазу оңайға соқты. Диктант, эссе жазғандарында қателіктердің басым бөлігі тек әріптердің төбесін белгілегенде шығып жатты. Менің тағы бір ұсынысым, осы апострофтарды мейлінше азайтуды қолға алса деймін. Сондай-ақ, өткен апталықта С. Мұқановтың «Туған тілім өркенде, бола бер күшті көркемде» деген сөзін латін қарпінде ұран етіп жазып, бір жетіге созылған ауқымды іс-шара өткізген болатынбыз. Бұл жұмыстарымыздың негізгі мақсаты – тек таңбаның ауысып, өз ойымызды ана тілімізде жеткізіп, бұрынғыша сөйлей беретінімізді саналарына сіңіру. Себебі, біздің тіліміз таңбаға байланбаған, әбден дыбыстық жүйелілікпен жетілген тіл.

Менің тіл маманы ретінде айтар ойым – ана тілін ана сүтімен бойына дарытқан, қазақы ойлау жүйесі қалыптасқан азаматтар үшін тек таңбаның ауысқаны ешқандай қиындық туындатпайды. Латын қарпіне көшу – заман талабы. Бастысы, Елбасымыз барлығымызға міндеттеген жауапкершілікті жұмысты жұмыла көтеріп, тәуекел етіп, діттеген мақсатымызға жетуге тиіспіз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page