Жер ана ақ мамығынан арылып, түрлі түске боялған сәті адамзатқа ерекше шабыт пен келер күнге деген құштарлық сыйлайды. Осылайша тіршілікке тіл біткен сәтте туыс-туғанымызды қуантқымыз келіп тұратыны белгілі.  Ұлы дала төсін дүркіреткен, жыл айналып қайта келуін ел күткен ұлық мерекеміз әз наурыз мейрамының тойлануы еліміздің әр аймағында басталып та кетті.  Бұл мерекенің қайталанбас нақышына айналған наурыз көженің иісі әр шаңырақтан бұрқырап шығып, ешбір тағамға алмастырмас дәмі тәбетіңді аша түседі. Жер қарайған аймақта додаға түскен жүйріктердің дүбірі де естіле бастаған кезең.

Иә, мұндай мерекелік той-думанның жылда жалғасқанын қызықтаудың өзі бір ғанибет. Осындай жанды жадыратар ұлыстың ұлы күнінің басты ерекшелігі көнені жаңғыртып, алысты жақындатқаны. Әлемге шаттық сыйлаған әз наурызды ұтымды пайдаланып, ұмыт қалып бара жатқан дәстүрімізді түгендей жүрсек қандай жарасымды болар еді.

Қазақ халқының көшпелі мәдениетімен қоса қалып бара жатқан әдеп-ғұрыптарымыздың бірі – «Ерулік» дәстүрі. Іргемізге жаңадан қоныстанған көршілерді үйге шақырып, дастархан жайып қонақ қылуды «ерулік» деп атаймыз. Дәстүріміздің мән-мағынасына бойласақ, дәм татқызудан бөлек, алыстан келген кісілермен жақынырақ танысып, одан кейінде жақсы мәміледе болу. Есігінің әрқашан ашық екенін білдіріп, көмек қолын созып, тату-тәтті өмір сүру. «Көрші ақысы, тәңір хақысы.»  — деп, айтқан көреген бабаларымыз  осындай шын мәнінде елге  керек болған қарапайым дүниені салт-дәстүрімізге енгізіп, санамызға сіңіруі – түсінгенге үлкен ғибрат. Алайда, дәл осы мерекенің парқын жете түсінбей жүргеніміз өкінішті.

Бұл дәстүр ауыл-аймақта жасалғанымен қалалықтардың біле бермейтіні жасырын емес. Тіптен, содан болар қарама-қарсы тұрған есіктің арғы жағындағы адамдармен араласқан былай тұрсын, атына, затына да мән бермейміз. Мұнда тұрған несі бар деп ойлайтын адамдар да табылуы мүмкін. Бірақ, күнделікті күйбең тіршіліктен шарашаған сәтте жаныңды сергітер жақындарыңнан жұмыстың қамымен жырақтағанда жанашыр болар жандар көршілер екенін ұмытпаған абзал. Дәл осы мейрамды пайдалана отырып неге көршіңізбен қарым-қатынасыңызды нығайтып алмасқа. Ақ дастархан жайып, барыңызды алдына салып, қыстан аман-есен шыққанымызды бірге тойлап, келер жылға тілектер айтып, жылы лебізімізді білдірсек қандай керемет. Қуыс үйден құр қайтармаған қонақжай халықпыз ғой, көршіңіздің көңілінен шығар шын ықыласпен сый-сыйяпат танытсаңыз тіптен жақсы. Осылайша, атадан мұра болған дәстүрімізді дәріптеу әр шаңырақтан бастау алса, бірлігіміз бен ынтымағымыз баянды болмақ.

Айтқым келгені, сандыққа жасырған қазақы нақыштағы киімдерімізді киіп, саны сиреп, үзілердей әрең жеткен көшпелі мәдениетіміздің жұрнақтарын бір күнге қызықтап қайтқанша, айналамызбен бірге нағыз мейрамның мәні мен сәнін келістіріп жүрейік. Өткенімізден қол үзбеу үшін өшкенімізді тірілтіп жатқан сәтімізде дәл осындай амалдардың орындалуы құптарлық іс.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page