облыс әкімі А.Баталов
Суреттті түсірген А.Нұршанов

Талдықорған қаласындағы  І.Жансүгіров атындағы  Мәдениет сарайында  «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезі делегаттарының қатысуымен облыстық актив отырысы өтіп, алдағы уақытқа нақты мақсат-міндеттер айқындалды. Басқосуға Алматы облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов, съезд делегаттары, облыстық саяси кеңес мүшелері, аудан, қала әкімдері, партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдары,  басқарма басшылары, жастар, ҮЕҰ, кәсіподақ өкілдері қатысты.

Өңір басшысы, Алматы облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталов  халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларға тоқталды.

Жиырма жылдық тарихы бар  «Нұр Отан» партиясы алдағы уақытта да әлеуметтік көмекке байланысты орасан зор жұмыстарды  атқарады деп сенемін. Жуырда партияның кезекті  съезі Астана қаласында өткені баршаға белгілі. Елбасы азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартуға орай  алдымызға  мақсаттар қойды. Ұлттық қордан  қаражат бөлінетіндігі туралы да айтылды.

Әрине, әлеуметтік салаға партия белсенді атсалысуы тиіс. «Халыққа көмек» жобасы жұмыстарды жандандыруға бағытталған. Съезд жұмысына Жетісу өңірінен 93 делегат барып, қатысып қайтты. Сондай-ақ, партияның 20 жылда атқарған жұмысы сараланып, 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдыққа 10 мақсат» атты бағдарламасы қабылданды.

Партияның бастамашыл жобалары аясында жыл бойы жүргізілетін жұмыстарға сараптама жасап, ортақ істің жоспарымен танстыруды жөн деп санаймын.

Бүгінгі күнге дейін Елбасы тапсырмасымен көмекке мұқтаж 17 мың адамды анықтадық. Ерекше күтімді қажет ететін жандарды бағып-қағу үшін төлемді 30 пайызға арттыру жоспарда бар.  Жетісу өңірінде көмекке мұқтаж 8 мыңнан астам отбасы бар. Бұдан бөлек, 65 мың бюджет саласының қызметкерлері және 4 мыңнан астам мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы өспек. Медициналық амбулаториялардың құрылысы да назардан тыс қалмайды. Облыста 97 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қолға алынады. Қазіргі уақытта 14-нің  жобалық-сметалық құжаттары дайын. Сондай-ақ, арендалық тұрғын үй салынып, су, газбен қамту жұмыстары жүргізіледі,-деді партия филиалының төрағасы.

Актив отырысында облыстық партия филиалы төрағасы, облыс әкімі А.Баталов аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына, сала мамандарына тапсырмалар жүктеп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page