Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік атанған спортшыларды марапаттады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Салтанатты шарада өңір басшысы спортты жанына серік етіп, еліміздің атын шығарып жүрген саңлақтарға ыстық ілтипатын көрсетті.

– Құрметті спортшылар! Үздіктерді марапаттауға арналған дәстүрлі жиында сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Жалпы, спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, денсаулық, рухтың күштілігі. «Саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының кілті. Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс», — деген Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сөздері әрқашан да нақты істерге ұласып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыстарда биікке көтерілді. Бұл – спортшылар мен бапкерлердің, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай терінің жемісі, спорт инфрақұрылымының дамуының жарқын көрсеткіші, — деді А.Баталов өзінің құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, облыс әкімі отандық спорттың дамуына жетісулықтар да өзінің мол үлесін қосып жүргендігін атап өтті. 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айреста өткен жасөспірімдер арасындағы үшінші жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Бекарыс Садуақас пен велоспортшы Евгений Федоров чемпион атанған. Индонезияның Джакарта қаласында өткен XVIII жазғы Азия ойындарында Ділдаш Күрішбаева да үздіктер қатарынан көрініп отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ІІІ жазғы ПараАзия ойындарында Раушан Қойшыбаева, Рахметжан Хамаев және Гүлбану Әбіқалықова жүлдегер болып елге оралған.

«Алматы облысының спортшылары 2018 жылы әртүрлі жарыстардан 1779 медаль ұтып алды. Оның ішінде 637 алтын, 529 күміс, 631 қола медаль бар. Сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі 49 спорт шебері, 111 спорт шебері, 818 спорт шеберлігіне үміткер және бірінші спорттық санаттағы 504 спортшы дайындалған. Мұның барлығы білікті бапкерлеріміздің жемісі», — деді өңір басшысы.

Жиын барысында Амандық Ғаббасұлы облыстың түкпір-түкпірінде спорттық сауықтыру кешендері салынып жатқандығына да тоқталып өтті. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 13,1 млрд. теңге бөлініп, спорт нысандарының жалпы саны 3534 жеткен. Биылғы жылы бұған қоса 8 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, оның төртеуі пайдалануға берілмек.

Облыс әкімінің құттықтау сөзінен кейін марапаттау рәсімі басталды. 2018 жылғы облыстық спорт мекемелерінің, аудандық, қалалық бөлімдердің жұмысын рейтингтік жүйеде бағалаудың қорытындысына сәйкес жеңімпаз деп танылған облыстағы спорттық ұйымдардың әрқайсысы 500 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болды. Олардың арасында Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі де бар.

Ал, 700 мың теңгенің сертификаты самбодан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылғы XVІII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Ділдаш Құрышбаеваға берілді.

Халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2018 жылғы XVІII жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Нұрмахан Тыналиев, мүгедек-спортшылар арасында пауэрлифтингтен III ПарАзия Ойындарының күміс жүлдегерлері Раушан Қойшыбаева мен Рахметжан Хамаев және қола жүлдегері Гүлбану Абдыхалыкова 400 мың теңгенің сертификаттарына ие болды.

Сол сияқты каратэ шинкиокушинкайдан ерлер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мерей Сүйіновке, бокстан жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Анель Құдайбергенге, самбодан әйелдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы Гүлнұр Ерболова, қол күресінен 2018 жылғы жастар арасында Әлем чемпионы Алена Станскаяға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Одан бөлек, Азия чемпионатының жүлдегерлері және спорт саласын насихаттаған журналистер 150 мың теңгенің сертификатын алды. Өз кезегінде бапкерлерге де лайықты құрмет көрсетілді.

Театр ғимаратында өткен салтанатты жиынға елімізге танымал спортшылар да келді. Құрметті қонақтардың қатарында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпиноны Жақсылық Үшкемпіров, бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионы Ардақ Назаров және еркін күрестен Атланта Олимпиадасының жүлдегері Мәулен Мамыров бар.

Жиналған қауым алдында сөз алған Жақсылық Үшкемпіров спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, ел спортының болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page