Танымал әнші Бейбіт Мұсаев «Мен қазақпын» шығармашылық кешін өткізді

126
Фото авторы А.Нұршанов

Қазақ  халқының төл мұрасы, рухани байлығы саналатын  дәстүрлі ән өнерінің  қашан да  шоқтығы биік, қадірі жоғары. Сонау ғасырлардан бері  тамырын тереңге жайып, бүгінгі ұрпаққа баға жетпес құндылықтарын дәріптеп отырғаны тағы бар. Талайдың таңдайын қаққызып, құлақ құрышын қандыратын бұл жанрдың расымен теңдесі жоқ.

Фото авторы А.Нұршанов

Дәл осы аса қадірлі дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушысы, Жетісудың жез таңдай әншісі Бейбіт  Мұсаев  І.Жансүгіров атындағы Мәдениет  сарайында  «Мен қазақпын» атты  шығармашылық ән кешін өткізді. Залда ине шаншыр орын жоқ. 3 сағатқа жуық болған кеште әнші домбырада Кенен Әзірбаевтың «Базар-назар», Әсет Найманбаевтың «Қоңыр қаз», Шама Нұрұлының «Шама», Есенқұл Жақыпбектің «Сен жалынсың» әндерін нақышына келтіре орындаса, оркестрдің демеуімен де ел аузында жүрген Жамбыл Жабаевтың жыр-термелерін толғады. «Жауқазын гүл», «Бала махаббат», «Мен қазақпын» сынды эстрадалық әндер де кештің шырайын кіргізді.

«Аталмыш кешке  5-6 ай аралығында дайындық жасадым. Әр әнді  нақышына келтіре орындау қажет. Оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалатын әндер көп дайындықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Концерт басталғаннан аяқталғанға  дейін толқып, қобалжыдым. Алайда әнсүйер қауым, өнердің қадірін түсінер халықтың демеуі, қошеметі маған шабыт берді. Алдағы таңда дәл осындай сарындағы ән кешін алып шаһар Алматыда және Астанада өткізуді жоспарлаудамыз. Халықтың қазыналы ән өнерін, соның ішінде дәстүрлі әннің өшпеуіне, одан әрмен өркендеуіне өзімнің үлесімді осындай ән кештері арқылы қосқым келеді» дейді әнші. Бейбіт Мұсаев алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ісіне көңіл бөлмекші.

Фото авторы А.Нұршанов

Кештің  қадірлі қонақтары қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері  Рамазан Стамғазиев пен Саят Медеуов, Амангелді Күзеубаев, Шаба Әденқұл, Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Қобыз сарыны» ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік халықтық  би  ансамблі және «Раян» тобы болды.

Фото авторы А.Нұршанов

Кеш барысында Бейбіттің жары Айнұр Нұрбергенова Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін оркестрдің сүйемелдеуімен орындаса, ұлы Расул да сахна төріне көтеріліп, өнерден құралақан емес екенін көрсетіп, ән шырқап берді.

Бейбіт Мұсаев Алматы облысы Кербұлақ ауданы Тастыөзек ауылында 1984 жылы дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша  аяқтаған. 2008 жылдан бері Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында жеке дауыстағы әнші болып қызмет атқарып келеді. Бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. «Қазақстан» Ұлттық арнасы ұйымдастырған «Мен қазақпын» телевизиялық мега-жобасының жеңімпазы.

Салтанат ИРҒАИПОВА.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page