Ақпан айының 15 күні Кеңес әскерінің  Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл.  Осыған орай, Талдықорған қаласында ауқымды іс-шара өтті. Бір минуттық үнсіздікпен басталған басқосуға аймақтағы Ауған соғысы ардагерлері, жергілікті билік өкілдері және жастар қатысты. Жиналған жұрт алдымен шаһардың орталық саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болған боздақтардың  рухына тағзым етті.

 

Осыдан соң І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев  Ауған соғысы ардагерлерін мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.  Сондай-ақ,  Дастан  Тұрарбекұлы: – Осыдан 30 жыл бұрын, 10 жылға созылған Ауғанстан жеріндегі соғыстың аяқталған, отандастарымыздың азаматтық борышын абыроймен атқарып елге оралды. Әр соғыстың тарихы бөлек болғанымен табиғаты бір. Жалпы, шайқас алаңына қазақ даласыннан 22 мыңнан астам жауынгер аттанса, оның 3701-і Жетісу жерінен. Олардың 173-і сол жерде қаза тауып, 2-і хабар-ошарсыз кеткен. Біразы ауыр жарақат алып, өмірлік мүгедектік күйге түскен. Қазір Алматы облысында 2 мыңға жуық Ауған соғысы ардагері бар. Соның 325-і облыс орталығы Талдықорғанда тұрады. Бүгінде олар қоғамның әр саласында еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Біз бейбітшілік жолында күресіп, ерен ерлік көрсеткен батырларымызды мақтан етеміз. Олардың атқарған әрбір ісі ұрпаққа үлгі, -деді.

Жиын барысында шаһар басшысы қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Ахметжановқа, соғыс ардагері Мұрат Мейірбековке «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын табыс етіп, әрбір ардагерге 70 мың теңгеден бір жолғы көмек берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, бірқатар азаматтар қала әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына  ұласты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page