Талдықорғанға табиғи газ келгенде басындағы бөркін аспанға лақтырып қуанбаған жан жоқ шығар, сірә. Иә, қалаға көгілдір отынның келуі тұрғындардың тіршілігіне серпін берді деуге болады. Бұл өз кезегінде облыс орталығындағы өндіріске де өзгеше қан жүгіртетіні анық. Жалпы, бұл тарихи сәттің орын алғанына тура екі жылдай уақыт болыпты. Осы аралықтағы өзгерістерді білу мақсатында біз Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбековке жолығып, сұхбат құрған едік.

Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Барлыбеков
Алмас Барлыбеков

– Алмас Қанатұлы, әңгімемізді газдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ. Талдықорғандағы газ құрылысы төрт кезеңмен жүргізіліп жатқанын білеміз. Бүгінде бұл жұмыстардың қанша пайызы орындалды?

Иә, дұрыс айтасыз. Газдандыру құрылысы төрт кезеңге бөлінген. Айта кету керек, соның ішінде бірінші және екінші кезеңі толығымен аяқталды. Яғни, бүгінгі күні «Қаратал», «Новостройка» және қаланың орталық аудандарына газ құбырлары тартылып отыр. Одан бөлек, «Шығыс», «Жастар» шағын ауданы, Өтенай ауылы және қаланың төмен жағында орналасқан «хутор» ауданындағы жүріп жатқан үшінші кезеңнің құрылысы да бітуге жақын (99 пайызға аяқталған). Қазір ауа райына байланысты жұмыстар уақытша тоқтап тұрған жайы бар, күн жылынған бойда төртінші кезеңнің құрылысы жалғасатын болады. Мұндағы 4-ші кезеңге облыс орталығына қарасты саяжайлар және Шайқорған, Еркін, Көктал елдімекендері кірмек. Жоспар бойынша жыл соңына дейін аталған бұл ауылдарды да газға қосу көзделіп отыр. Жалпы, бұл жобаның құны 19 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде соның 16,5 млрд. теңгесі игерілген.

Дереккөз

– Бүгінгі күнге дейін қанша абонент табиғи газға қосылып үлгерді?

– Қазіргі таңда 2500-ден астам абонент табиғи газға қосылған. Оның ішіндегі 2493 жеке сектор болса, 89-ы көпқабатты тұрғын үйлер. Одан бөлек, 200-дей үй көгілдір отынға қосылуға дайын тұр. Біз қазір көпқабатты тұрғын үйлерді де газға қосуды бастап кеттік. Мәселен, «Қаратал» шағын ауданындағы №64, 61А және Пушкин көшесіндегі №286 көпқабатты тұрғын үйлер табиғи газға ауысып үлгерді. Негізі, көпқабатты тұрғын үй иелерінің газға қосылуы өздеріне байланысты. Яғни, олар пәтер иелері кооперативі басшысымен (КСК) ақылдасып, барлық тұрғындардың ортақ келісімімен мердігер мекемелерге өздерінің өтініштерін бере алады.

Дереккөз

– Мердігер мекемелер демекші, осы орайда бір сауал туындап тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Алишевтың «Алаш айнасы» сайтына берген мәлімдесін оқып едім. Ол жерде филиал директоры Талдықорған қаласын газдандыру баяу жүріп жатқандығын және бұған газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп отырған кейбір жекеменшік газ компанияларының салғырттығы себеп болып отырғандығын айтыпты. Сіз бұған не дейсіз?

– Жалпы, бүгінде қала бойынша 10-нан астам газ қосумен айналысатын мердігер мекеме бар. Оның ішінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапалы жасап жүрген 9 компанияны айта аламын. Айта кету керек, газ қосып береміз деп өздерін арнайы маман ретінде таныстырып жүрген алаяқтар да болуы мүмкін. Тұрғындарды осыдан абай болуға шақырамыз. Егер үйге қандайда бір мердігер мекеме газ қосуды ұсынып келген болса, оның құжаттарын мұқият қарау керек немесе «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалына жүгінген жөн. Ал, сіз айтқан Жайық Алишевтың мәлімдемесіне пікір бере алмаймын.

– Жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің көгілдір отынға қосылуы тұрғындардың өзіне байланысты деп өттіңіз. Сіздер осы орайда табиғи газдың тиімділігін насихаттау мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізесіздер ме?

– Әрине, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Біз пәтер иелері кооперативтерімен, көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен жолығып, табиғи газға қосылудың артықшылықтарын айтудамыз. Жер үйдегілерге де солай түсіндіреміз. Осы орайда мына мәселені айтқым келеді. Біз жақында ғана қаладағы барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысатын мердігер мекемелерді жинап, «Сіздерге қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйлерді бөліп берейік. Тұрғындарға газ қосуды төменірек бағада жасаңыздар» деп ұсынымызды айттық. Қазір солардан жауап күтіп отырымыз.

– Түсінікті. Енді газға қосылу үшін үй иесі қалтасынан қанша қаражатын шығару керек? Бағаларын айтып кетсеңіз.

– Газға қосылудың бағасы әр түрлі. Орта есеппен жер үйлерде газ құбырды көшеден үйге дейін кіргізіп бергенге 70-80 мың теңге шығады. Сонымен қатар, газплитаға қосу және түтін мұржасын жасағанға қосымша баға жүреді. Ал, орталықтандырылған газы бар көпқабатты тұрғын үйлер де баға төмен. Себебі, оларда қолданыстағы жүйе болғандықтан газды қосу арзанға түседі. Шамамен ондағы бір пәтерді табиғи газға қосу құны 10 мың теңгенің төңірегінде болмақ. Алайда, қазіргі таңда кейбір тұрғын үйлер әлі де газ балонмен отыр, оларда мүлдем орталықтандырылған жүйе жоқ. Бұл көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи газға қосу сәл қымбатқа түседі.

– Табиғи отынның бағасына тоқталып кетсеңіз. Тұрғындар газдың бір текше метріне қанша теңгеден төлейді? Бағасы сұйытылған газбен салыстырғанда тиімді шығар?

– Әрине, тиімділігі жер мен көктей. Бүгінде табиғи отынның бір текше метрі 29,36 теңге болса, сұйытылған газдың бір текше метрі 450 теңге. Енді өзіңіз салыстыра беріңіз. Мәселен, сұйытылған газда отырған абонент бір айда 5 текше метр жағып, 2500 теңгеге жуық төлейді. Егер тұрғындар табиғи газға ауызса, 5 текше метрге бір айда небәрі 200 теңге қаражат жұмсайды. Қазіргі таңда «Қаратал» шағын ауданындағы тұрғындар осындай мөлшерде төлеу үстінде.

– Көпбалалы аналарға, соғыс ардагерлеріне және тұрмысы төмен отбасыларға газға қосылу үшін жеңілдік қарастырылған ба?

– Негізі, әзірге мұндай жоқ. Себебі, газ қосумен жекеменшік мердігерлер айналысуда. Газ құбырын тарту бойынша құрылыстар аяқталып қалды деп айттым ғой. Мүмкін болашақта осы жұмыстар біткеннен кейін сіз айтқандай көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер болатын шығар. Бірақ, нақты емес, бұл жайында ештеңе айта алмаймын. Қазір осы мәселені әкімдік қарастыру үсінде. Алайда, бір айта кететін жайт, қала әкімдігі мердігер мекемелерге газ қосудың құнын жалпыға бірдей төмендетуді ұсынған болатын. Мәселен, алғашқыда бір үйді табиғи газға қосу орта есеппен 130-140 мың теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 70-80 мың теңгеге төмендеп отыр.

– Төрт кезең бойынша атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын дедік. Осыдан кейін Талдықорғанға іргелес жатқан елдімекендерге де газ тартылатын шығар?

– Егер үстіміздегі жылы төртінші кезеңнің құрылыс жұмыстары сәтімен тәмамдалатын болса, одан кейін қаладан шалғай жатқан 3-ші бөлімше, Еңбек, Ынтымақ сынды ауылдар кезек күтіп тұр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Данияр САҒЫНДЫҚ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page