Танымал ақын Әбілқайыр АҚБАЕВ өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары аралығында Қытайда басталған «Мәдениет зор төңкерісі» атты  бүліншілік кезінде ондағы Қарақұм деген жерде қалып қояды. Жалынды жырлары әлемді шарлаған қаламгер елге оралуды аңсап,  Алатауға бір шығуды қанша армандаса да қолы жетпейді. Өмірі құм жамылған далада өтіп бара жатқанына  жаны кейіген  шайыр :

Әбзелдеп мінбесем де қара көкті,

Өлмейтін өлең мені адам етті.

Көңілім қар жамылған қияны аңсап,

Өмірім құм жамылған далада өтті, – деген өлең жолдарымен мұң шағады.  9-шы ақпан Мұзарт шыңының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осы орайда, Әбілқайыр ақынның «Көкжал арман» атты Мұқағалиға арнау өлеңін жұрт назарына ұсынамыз.   

 

Айбынды Алатаудың күн бетінде,

Күркіреп келді бүгін дүние тілге.

Бұл өлең – менің оқыр дұғалығым,

Ұлы адам – Мұқағали құрметіне.

 

Әлі көп, әлі алыста арман құрғыр,

Жар берсе жарар еді қалған ғұмыр.

Сұлудың саусағындай сиқыр үміт,

Қай заман сипағалы маңдайды құр.

 

Көсілген көк теңізге тер төккім кеп,

Ойымның лапылдаса өрті екпіндеп.

Өксиді өкінішім өзегімде,

Баладай жылап жатқан жер тепкілеп.

 

Көтерген бойыңдағы ой туыңа,

Қол соқпас қолдаушың да, қортығың да.

Кешегі жалғыз қалған Мұқағали,

Жүр бүгін миллиондардың қолтығында.

 

Тұғырда бүркіті бар томағалы,

Бір ауыл бұл жерге де қонар әлі.

Сонан соң ырыс қонған іргемізге,

Киелі көкжалдар да оралады.

 

Жонданған жұла тартып жортуылмен,

Көкжалдар оралады жер түбінен.

Көресің, құмайларды, сонда анықтап,

Солардың жарып кеткен жемтігінен.

 

Жұлдызы аспанда емес, жерде жанған,

Болған жоқ бөрі бетін болжаған жан.

Теріңмен қарызыңды қайтарғанша,

Жорта бер, киең күшті көкжал арман.

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page