Биыл Талдықорған қаласында 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осыған орай облыс орталығында жалпы ауданы 50 мың шаршы метр (543 пәтер) тоғыз көп қабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Коттедж қалашығындағы 203 пәтерлі 167 үйді ағымдағы жылы қолданысқа беру көзделген. Қазір Оңтүстік-Батыс ауданды одан әрі дамыту бағытында  8-ші және 9-шы шағын аудандарда 12 үйдің жобасы дайындалу үстінде. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салу және 48 аулаға жөндеу  жұмыстарын жүргізу басты міндеттердің қатарына кіріп отыр. Бұл туралы қала әкімі Дастан Шалтабаев тұрғындар алдында берген есептік кездесуінде айтты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бұл жолы шаһар басшысының қорытынды есебін тыңдауға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді. Сондай-ақ, аталмыш жиынға қала тұрғындарынан бөлек, облыстың басқарма басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары, округ әкімдері, «Нұр Отан» партиясы филиалының, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес, жиналған қауым алдында сөз алған Дастан Тұрарбекұлы өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндады. Қала әкімінің айтуынша, 2018 жылы облыс орталығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеге артқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 4,8 млрд. теңгеге жоғары. Барлық инвестициядағы бюджеттен тыс қаражаттың үлесі 52 пайызды құрайды. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 36 млрд. теңгеге асып отыр.

Жалпы, Д.Шалтабаев тұрғындарға Елбасының Жолдауларында айқындалған міндеттерді орындауда жоспарлы жұмыс атқарылып жатқандығын айтып берді.

«Биыл «Қаратал» шағын ауданындағы құрылысы аяқталмай қалған қонақ үйдің ғимаратын студенттерге арналған жатақхана етіп салмақпыз. Жуық арада «Жастар» саябағы жанынан 570 орынды жабық жүзу бассейнінің құрылысы да басталады. Сонымен бірге, 8-ші шағын ауданда жеңіл атлетикалық манеж салу үшін 2,9 га. жер учаскесі бөлініп, қазір тиісті құжаттары дайындалуда. Бес жаңа тұрғын ауданды қамтитын 28 шақырым су құбыры жүйесінің құрылысы жалғасуда», — деп атап өтті қала әкімі.

Одан бөлек, шаһар басшысы Қабанбай батыр көшесінің бойын және Алматыдан кіре беріс жолдың аумағын абаттандыру бойынша  жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып жатқандығына тоқталды. «Коммунальник» және «Жеңіс» саябақтарын абаттандыру мәселесі де қаланың бас жоспарына кіріп отыр. Жыл соңына дейін  газ желісінің үшінші және төртінші кезеңінің құрылысы аяқталмақ. Қазір Еңбек, Ынтымақ ауылдарына және үшінші бөлімшеге құны 702 млн. теңгеге газ құбырының құрылысы қарастырылуда.

«Биыл «Көктал» шағын ауданына, Өтенай ауылының алты көшесіне және «Ынтымақ» тұрғын ауданындағы 25 шақырым жолға қиыршық тас төселетін болады. «Жастар-1» тұрғын ауданындағы Республика көшесін орташа жөндеуден өткізбекпіз. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы 77 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, 46 аялдама кешенін орнату және ауыстыру жоспарға енгізілген», — деді Д.Шалтабаев.

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, өткен жылы 500 орынды 5 жекеменшік балабақша және 2 топ ашылған. Биыл кәсіпкерлердің қатысуымен тағы 350 орынды мектепке дейінгі балаларды даярлау орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

«Екі мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге, барлығы он тоғыз мектепке 1 152 бейнебақылау камерасы орнатылды. Биылғы жылы 7-ші мектепті күрделі жөндеп, 16-шы және 17-ші мектептің аумақтарын абаттандыратын боламыз», — деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ, Дастан Тұрарбекұлы биыл Еркін ауылында дәрігерлік амбулатория салынатынын және «Қызыл тас» саяжайына, Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданына полиция пункттерін ашу көзделіп отырғандығын айтты.

Қала әкімі сөзін қорытындылай келе: — Талдықорған қаласы жыл санап көркейіп келеді. Бұл табысты облыс басшылығының қолдауы және қала тұрғындарының қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін. Үстіміздегі жылы да алдымызда ауқымды жоспарлар, маңызды міндеттер бар. Шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Ендігі уақытта «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей, береке-бірлікпен, бар мүмкіндіктерді жұмылдыра жұмыс жасауымыз қажет. Осы жолда баршаңызға сәттілік, табыс тілеймін, — деп баяндамасын аяқтады.

Осыдан кейін қала тұрғындары кезекпен сөз алып, сауалдарын жолдады. Бүгінде қаланың «Шығыс» шағын ауданындағы Виноградов пен Майлин көшесінде ауыз су мәселесі қиындық туғызуда. Ынтымақ ауылында инженерлік желілердің құрылысы аяқталмаған. Шевченко көшесінде орналасқан «Мангал» кафесі сол маңдағы тұрғын үйлердің мазасын алуда. Айтуларынша, олар күніге кәуап пісіріп, айналаны түтінмен тұншықтырып отыр. Тұрғындар кафе иесіне қанша шағым түсіргенімен, мәселе шешілер емес.

31-ші маршруттың жүру кестесі жолаушылардың наразылығын туғызған. «Көктал» шағын ауданындағы жаңа көшелерде жарық жоқ. Тұрғын үйлердегі балалар ойнайтын алаңдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Алдабергенов көшесіндегі 21-ші, 31-ші үйдің кіреберіс жолдарына жөндеу жұмыстары қажет. «Жастар-2» шағын ауданында жолдар жөндеуді талап етеді, себебі тұрғындар көктем кезінде батпақ кешіп жүргендерін айтады. «Самал» және 6-шы шағын аудандарында рұқсат етілмеген жерлерге қар, қоқыс төгіліп жатыр.

Қала әкімі тұрғындардың бұл сауалына толыққанды жауап беріп, көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынатынын айтты.

Сонымен қатар, жиын барысында халық тарапынан Тәуелсіздік боздақтарына арнап, арнайы ескерткіш салынса деген тілек те айтылды. Өңір басшысы бұл ұсынысты мақұлдап, іске асыруға болатындығын жеткізді.

Тұрғындардың сауалынан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз алып, өңірде атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша баяндама жасады. Облыстың өткен жылдағы жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Осыдан кейін өңір басшысы Талдықорған жайлы өзінің ойымен бөлісіп, қала әкіміне біраз тапсырмаларды жүктеді. Керек кезінде сын ескертпелерін де айтып, табанды жұмыс істеуге шақырды.

«Алдымен облыс орталығына қарасты шағын аудандарға, елді мекендерге тиісті жағдай жасау керек. Қаланы газдандыру мәселесі әлі де болсын ақсап тұр. «7-20-25» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітпейді. Муниципалдық автобус паркін және таксопаркін құру жайлы үнемі айтамын, нәтижесі шамалы. Қаланың өндірістік аймағында қарқын байқалмайды. Тұрғын үйлердің аулаларына қатысты жұмыстар да мардымды емес. Осының барлығын назарыңа алуды тапсырамын. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз», — деді А.Баталов.

Облыс әкімінің сөзінен кейін қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Мұрат Қалық сахнаға шығып, тұрғындардың атынан қала әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page