Кезіндегі Ауғанстан жерінде өткен соғыс Кеңес әскері құрамынан азаматтық борышын өтеуге аттанған талай жастың өмірін қыршынан қиғаны анық.  Қанды майданға, жалпы, қазақ даласынан 22 мыңнан астам жауынгер аттанса, оның  3701-і  Жетісу өңірінен. Соның бірі қазіргі Талдықорған қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы  Мұхтар Ахыметжанов. Соғыс ардагері жақында бізге сұхбат беріп, Қандагар қаласы маңындағы қарулы қақтығыстағы өз көзімен көрген біраз оқиғаларды ерекше күйзеліспен еске алды.

Себебі, онда біраз отандасымыз оққа ұшып, кейбірі аяқ-қолынан айырылып,  өмірлік мүгедектік күйге түсті. Тіпті, тағы біразының күні бүгінге дейін өлі тірісі белгісіз із-дерексіз жоғалып кетті, –дейді ол.

— Мұхтар Әбдіқасұлы, сіз Ауған соғысына қалай аттандыңыз? Жолға шығар сәтте бойыңызда оққа ұшып, өліп қалам-ау деген қорқыныш болған жоқ па?

— Ол кезде мен 18-ге енді толған жас едім.Өзім 1963 жылдың 5 сәуірінде дүниеге келгем. 1981 жылдың 4 сәуірінде яғни, туған күніме бір күн қалғанда сол кездегі Талдықорған облысы Алакөл ауданынан әскер қатарына шақырылып, Үштөбе қаласына келдім. Ондағы дәрігерік тексеруден өткеннен кейін бізге бірден Ауғанстанға  барасыңдар деп бұйырды. Сонымен Іле ауданына барып, әскери киім кидік. Жастығым болар, бойымда соғысқа бара жатырмын-ау  деген қорқыныш,  үрей мүлде болған жоқ. Жәй ғана өзімді көппен бірге әскерге аттанып бара жатқандай сезіндім. Осыдан соң бізді Түрікменстанда екі ай жаттықтырып, Ашхабад арқылы Ауғанстанға аттандырды. Бірге барғандардың арасында 12 қазақ едік. Біз ондағы 191-ші жаяу әскер құрамына қосылып, барлығына мен әскери жетекші болдым. Біз барып түскенде ол жерде 215 қазақ азаматы міндетін өтеп қайтуға тас-түйін дайын отыр екен. Олар қайтты. Жалпы ілгерінді-кейінді  Орта Азиядан онда барғандардың тең жарымынан астамы қазақ жастары болатын. Барғаннан қайтқанға дейінгі екі жыл бойы атқарған басты міндетіміз – жаяу әскер болған соң көбінде соғыс операциясын жүргізу еді.

— Сол екі жылда соғыс майданында қандай қиындықтарға кездесіп, қандай жағдайларға куә болдыңыз?

— Жаяу әскер құрамында болған соң бір жерде тұрақтап тұрмай тәулік бойы дала кезіп жүресің. Абайлап жүріп, аңдып баспасаң кез-келген уақытта шабуылға ұшырап мерт болуың мүмкін. Оның үстіне сырын білмейтін жер, 40-50 градустық ми қайнаған ыстықта жаяу жүріп, су тауып ішудің өзі мұң. Ара-тұра бір арықтағы ағып жатқан лай сулар кездеседі. Ондай судың табылғанына қуанып, ыдысымызға құйып, алдын-ала арнайы таратып берген дәрінің 1-2 талын салып тазартып ішіп жүрдік. Бірақ, көп адамдар сол сор судан ауру болып қалды. Бір күні әдеттегідей  соғыс операциясында жүрген болатынбыз. Аяқ астынан шабуылға ұшырап, қиян-кескі ұрыс басталды да кетті. Жауынгерлер бораған оқтың ортасында қалды. Екі жақта аянып қалған жоқ. Өзімізді қорғап, қарсы жасалған шабуылға тойтарыс беруге тырыстық. Соғыс болған соң адам шығыны болатыны белгілі. Өкініштісі сол, майданда өзіммен бірге барған қазақ жігіттерінің екеуі көз алдымызда оққа ұшып, біреуі аяғынан айырылып, тағы біреуі ауыр жараланды.

— Иманды болсын! Жолдастарыңыздың қазасы сізге де ауыр тигені анық. Бұдан басқа да тағы қандай оқиға ерекше есіңізде қалды?

— Әрине, етек-жеңін жинап, азаматтық өмірге енді ғана қадам басқан қыршын жас үшін қанды оқиғаларды тұңғыш көру тым ауыр. Бірақ, амал не..? Тағдыр басқа салған соң көнесің. Біз сол соғыс майданына барғаннан кейін 5-6 ай өткенде тағы бір шабуылға ұшырадық. Сол кезде жау әскері маған бетпе-бет келіп қалды. Нағыз өмір мен өлім арасындағы сәт. Мен атпасам ол атады. Көз ілестірмес жылдамдықпен мен оны екі жарым метр жерден атып құлаттым. Оның қаба сақалы қауқиып, көзі өрге тартып құлап бара жатты. Міне, сол көрініс күні бүгінге дейін менің көз алдымнан бір кетпей қойды. Тіпті, көпке дейін түсіме де кіріп, сандырақтап сөйлеп кететін болдым. Тағы бір оқиға қызылордалық Аманқос деген азаматқа қатысты. Ол Талдықорғаннан әскерге шақырылып, бізбен бірге барған болатын. Аманқос марқұм өте кішпейіл, ақ көңіл адал жігіт еді. Бір ұрыста оның кеудесін екі бірдей оқ түйреп өтіп, көз алдымда қанға боялып қаза тапты. Бұл Қандағар маңындағы қанды қақтығыстардың бір парасы. Ал, бізден басқа құрамда болған азаматтар қандай күй кешкені бір Тәңірдің өзіне ғана аян. Осындай қайғылы жағдайлардың  барлығы маған көп рухани соққы болды. Негізі, шабуылға ұшыраған сарбаздарды от пен бораған оқтың ортасынан аман алып шығу – бас қолбасшы мен  құрам жетекші болып жүрген менің міндетім. Оған да асқан шеберлік қажет. Кейбір қоян-қолтық ұрыстан қаруластарды амалын тауып аман алып шығу қиын. Сәл селқос қарасаң бірақ қырылуың мүмкін. Дегенмен, амалдап соның бәрінен де аман өттік.

— «Жеңдік қой жауды, арман не құрбым, Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» демекші,  ол күндер өтті де кетті. Енді, міне, Тәуелсіз еліміз бар. Сол қанды оқиға, қарулы қақтығыстарды көзбен көріп келгендердің бүгінгі жалпы жағдайына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

— Биыл 15-ші ақпанда жалпы, Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толады. Бұл біз үшін үлкен мереке. Себебі, жауынгерлердің өмір мен өлім арасындағы арпалысқан сәттерден аман оралғаны зор қуаныш. Соғыс артта қалды. Дей тұрғанмен,  жат елге Отан алдындағы борышын өтеуге барған азаматтардың жан жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Бүгінде олардың біразы мүгедек. Дені рухани күйзеліске ұшыраған. Жыл сайын ең кемінде 15 адам қайтыс болады. Қазір Талдықорған қаласында 380-нен астам Ауған соғысы ардагері тұрады. Олардың кейбіреуінде баспана да жоқ. Қазір үй аламыз ба деген үмітпен кезекте тұр. Тек, жылына бір рет дауаланып, демалыс және сауықтыру орындарына баруы тегін,  көлігі барлар салықтан босатылған. Сонымен бірге, ардагерлердің әрбіріне үкіметтен ай сайын  14 мың 200 теңге жәрдемақы  беріледі. Бұл олардың күнделікті дәрі-дәрмегінен аспайды. Оның үстіне қазір Ауған соғыс ардагерлерін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген деп айтылады. Алайда, шын мәнінде ондай мәртебені әлі ала алған жоқ. Сондықтан, биліктегі азаматтар осындай мәселерге баса назар аударып, олардың басында тұрған қиыншылықтарды шешіп берсе дейміз.

— Сөз соңында жалпы майдандастарыңызға, халқыңызға қандай ізгі тілектеріңізді жеткізер едіңіз?

— Қазіргі уақытта облыс орталығы Талдықорғанда 30 жылдық мерекеге байланысты жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін әр түрлі кездесулер ұйымдастырылуда. Санаулы күндерден кейін мерекелік  шара айрықша аталып өтіледі. Осы орайда барлық Ауған соғысының ардагерлерін төл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін. Жаратушы жалғыз Алла, барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызға шаттық, маңдайларыңызға ортаймас бақыт жазсын! Еліміз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

       Әңгімеңізге рахмет!  

                                                                         Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page