Алматы облысы ірі аграрлық өңірлердің бірі. Ондағы суармалы жер жалпы егістіктің 45 пайызын құрайды. Дей тұрғанмен, аймақта су ресурстарын толық қамтамасыз ете алмайтындықтан суармалы алқап бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Мәселен, 1991 жылы суармалы жер 633 мың гектарды құраса, өткен  2018 жылы 579 мың гектардың айналасында болған. Суармалы жердің азаюына, біріншіден, жаһандық климаттың өзгеруі, екіншіден, су жүйелерінің әбден тозып,  істен шығуы басты себеп дейді мамандар.

Бүгінде Жетісу өңіріндегі суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында ескі су жүйелерін жаңғыртып, қайта қалыпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Оған «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Талдықорғандағы Алматы филиалының қосып отырған үлесі зор. Аталған кәсіпорын филиалының инженер-гидротехнигі Әсем Нұрланқызының мәліметінше, облыстағы су шаруашылығын бір орталықтан басқару арнайы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы №616 қаулысымен бекітілген. Ережеге сәйкес, аймақтағы 16 аудандық су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарын республикалық меншікке қабылдау туралы қаулы әзірленген. Осы игі бастаманың арқасында алғашқылардың бірі болып Ескелді ауданының су нысандары пилоттық жоба аясында республикалық меншікке өтіп, ондағы 288 шақырымды құрайтын су жүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Жобаға шетел инвестициялары тартылып, яғни Ислам Даму Банкі арқылы қаражат қарастырылған. Суармалы жүйелерді қалпына келтіру арқылы пайдаланбаған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу көзделген. Бұл бағыттағы жобаға Талдықорған аймағының: Ақсу, Алакөл, Ескелді, Ұйғыр аудандарының су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу көзделген. Осыған байланысты, облыста 2011 жылдан бастап «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалдары біраз жұмыс атқарады. Онда ауыл шаруашылық дақылдарын суару кезеңіне дайындау, су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру арналарды тазалау ісі күнделікті күн тәртібінде. Сонымен қатар, көктемгі су тасқынын алдын-алу іс-шараларын белгілеп, уақытылы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, суармалы жерді игеру біршама жақсарып, пайдаланушыларға су қажетті көлемде беріліп келеді. Бұл күз мезгілінде диқандардың мол өнім  алуына жол ашады.

Қазіргі таңға облысымыздың істен шыққан 126,6 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру бағытында Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасына енген  маңызды су құрылысы жүргізілуде. Соның бірі – Қызылағаш су қоймасы. Оған 2016 жылы республикалық бюджеттен 5.9 миллиард теңге  қаражат бөлініп,  бөгет құрылысы жаңадан салына бастаған. Қазір ондағы жұмыс аяқталуға жақын.  Қоймаға жалпы 42  миллион текше метр су сақтауға болады. Сонымен бірге су сиымдылығы 22 млн. текше метр болатын Бүйен су қоймасының құрылысын аяқтау және Сарқан ауданында орналасқан Покатилов су бөгетінің құрылысын жүргізу жоспарда. Аталмыш  нысандар  пайдалануға берілгенде осы аумақтың өзіндегі 27,3 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіліп, ауданда көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page