Сан қилы тағдыр тауқыметін бастан өткерген қазақ халқының туа біткен қайтпас қайсарлығы, ерлік жігері әлемге аян. Ұлы дала төсін тұлпарының тұяғымен түріп, небір жаугершілік замандарда елін, жерін қорғаған бақадүр батырлар есімі әлі күнге жадымызда. Тіпті, арысын айтпағанда кешегі екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлігімен танылғандардың дені қазақ ұлтынан. Қай дәуір, қай соғыста болсын ұлтымыздың ұландары бойынан сол ержүректік еш сөнген емес.

Алматы облыстық «Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің» және «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ержан Данабеков осыдан 30 жыл бұрынғы Ауған жерінде өткен соғысты көзбен көріп қайтқандардың бірі.  Соғыс ардагері жақында бізге арнайы сұхбат беріп, қақтығыс аймағында болған қанды оқиғалардың  бір парасын  баян етті.   

— Құрметті Ержан Сүлейменұлы, сіз аймағымыздағы Ауған жеріндегі соғысты көзбен көріп, көптеген оқиғаларға куә болып, аман оралғандардың бірісіз. Сол бір жат ел, жат жерде өткен сұм соғыс жайына кеңірек тоқталып өтсеңіз?  — Биыл Ауған жеріне барған Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толса, менің сол аймақта болып, азаматтық борышымды өтеп қайтқаныма 35 жыл болды. Біз бір әулеттен тараған 6 ұл, 3 қыз едік. Мен ұлдың кенжесімін. Әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері. Атыс, шабыс, қан төгіс дегенді көзбен көріп, небір қарулы қақтығыстарды қолмен жөнелткен адам. Маған сол кісінің патриоттық тәрбиесі ерекше әсер етті. Менде соғыс аймағына аттанарда ешқандай қорқу, үрку, жүрексіздену деген болған жоқ. Ал, Ауған жеріндегі соғысқа келер болсақ, ол, кезде одақтас 15 Республика Кеңес үкіметінің  құрамында болатын. Ауғанстандағы соғысқа азаматтар ақша үшін немесе басқа бір алтын, күміс, дүние, мүлік үшін сұранып барған жоқ. Жоғарыдан біртұтас бұйрық беріліп, сол кездегі әскер қатарына шақырылған өрімдей жастар арасынан іріктеп алынды. Сонымен, 18 жасқа енді толған бозбалалар бірнеше түрлі әскери сыннан өтіп,  таңдаулылары ант қабылдап аттанды. Біз Үштөбе қаласынан жолға шыққанда 500 адам болатынбыз. Жол жөнекей жасалған сынақтан 54 азамат ғана қалып, Ауғанстан шекарасынан өттік. Соның өзінде әскери сыннан сүрінбей өткендердің 52-сі қазақ, бірі орыс, біреуі татар ұлты болды.  Міне, бұл біздің қазақ халқының қайтпас қайсар ержүрек, батыр ұлт екендігінің айқын бір дәлелі.

— Ал, Ауғанстанға барғанда қандай міндет алып, қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

— Ол жерде бір майданда ғана емес,  жан-жақта азаматтық соғыс жүріп жатты. Біз барғанда Мәскеуге тіке қарасты 602 әскери құрамында болып, Ауғанстанның бірнеше қаласына оқ, дәрі, жанармай тасымалдаумен айналыстық. Бәрі тапшы. Су тауып ішудің өзі мұң. Айтарға болмаса оқ дәрі алып жүру өте маңызды да қатерлі жұмыс еді. Кез-келген уақытта шабуылға ұшырап отырдық. Сондай шабуылдың бірінде Талдықорғаннан бірге барған екі азаматымыз көз алдымызда ерлікпен қаза тапты. Оның бірі­­­ – Шәріп Әбдіқалиев деген азамат. Ол қазіргі Алакөл ауданының Қабанбай ауылы маңында туып өскен. Әке-шешесі туған-туысы сол жақта тұрады. Шәріпке атылған оқ оның денесін тесіп өтіп, артындағы екінші есікке қадалып қалыпты. Біз оның жанын жалмаған сол оқты алып келіп, отбасына табыстағанымызда ет жақындары оқты көруге батылдық етпеді. Бұл оқиға бізге ерекше ауыр тиді. Жалпы, одан басқа жерлестеріміздің бірнешеуі жараланды. Тағы біреуі аяғынан айырылды.  Екі жыл бойы көлікте ұйықтап жүрдік. Жанымызда жүріп, біреудің жалғызы, біреудің жары қыршынынан қиылып, біреулері өмірлік мүгедектік күйге түсті. Осындай қиындықтарды көзбен көрдік. Осының барлығы бізге үлкен рухани соққы болып, одан арылудың өзі бір мұңға айналды. Ұзақ емделіп, қатарға қосылдық.

— Бүгінде жалпы, Жетісу жерінде қанша Ауған соғыс ардагері тұрады? Олардың тұрмыстық жағдайы, қоғамдағы атқарып жатқан міндеті қалай?

— Кезінде Алматы облысынан 3 мың 700-ден астам азамат Ауған соғысына аттанса, қазір олардың тең жарымынан астамы көз жұмды. Жыл санап, қатары сиреп, қауырсыны селдіреп барады. Оларды жастай бақилық қылып әкетіп жатқан сол баяғы соғыстың зардабы. Бастапқыда көптеген адамдар ол соғыс қазақ жерінде болған жоқ деп, Ауған соғысы ардагерлеріне басқаша көзқараспен қарады. Ол да дұрыс емес. Шариғатта да басшыға бағыну керек деп, айтылады ғой. Біз мемлекеттің заңына бағындық, берген антымызға адал болып, азаматтық міндетімізді орындадық. Жасырары жоқ, соғыстан аман оралғандардың дені денсаулығынан айырылып, күні бүгінге дейін рухани күйзелістен еш арыла алмай келеді. Кейбіреулері сол күйзелістен көз жұмды. Енді біреулері жатса тұрса қып-қызыл қанды ұмыта алмай ақыл-есі қалыпсыз болып қалды. Осының бәріне кім кінәлі? Соғыс кінәлі. Қан төгіске итермелеген сұрқия заман кінәлі. Осындай ауыр тағдырды еңсере білген азаматтардың біразы бүгінде қоғамның әр саласында елеулі еңбек етіп жүр. Соның ішінде ақын, жазушы Бақытбек Сымағұл сынды дарынды азаматтар жоғарғы билікте қызмет етіп жатса, біразы аймақтарда жеке шаруа қожалықтарын құрып, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.

— Енді аймағымыздағы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының жұмысы және олардың алдағы жоба-жоспарлары туралы айтып өтсеңіз?

— Бүгінде аймағымызда бірнеше қоғамдық бірлестік бар. Олардың мақсаты бір. Жастарға патриоттық тәрбие беру. Соғыс ардагерлерінің мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізу. Мысалға, қазір бір Ауған соғысы ардагері қаза тапса, оның соңында жесірі, асыраушысы жоқ бірнеше жетім баласы қалып жатыр. Олардың күнкөрісі, баспана алуы, балаларының оқуы күрделі мәселе. Оған қол ұшын беріп, жағдайын аудан, қала, облыс әкімдіктеріне жеткізу осы құрылған  қоғамдық ұйымдардың құзырында. Сондықтан, біз осындай отбасына түскен қиындықтарды шешудің жолдарын ойластырудамыз. Сонымен бірге, алда 30 жылдық мереке келе жатыр. Осыған байланысты, түрлі іс-шаралар жоспары бекітілген. Онда жастарды ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптар мен ержүректікке баулыйтын кездесулер өткізіп,  спорттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылмақ. Қорытып айтқанда,  бұл жастардың тілін,  дінін сақтап, еліміздің ертеңі үшін еңбек етуге тәлім-тәрбие беру.

 

Әңгімеңізге рахмет!                                    Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page