Биылдан бастап Мемлекеттік сатып алу туралы заңға бірқатар түзетулер енгізілді. Ол негізінен мемлекеттік сатып алуларды жеңілдетуге, байқаулардың әділ, уақытылы және сапалы өткізілуіне байланысты. Бұл туралы бүгін Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Раманхан Төрегелдиев айтты.

Бұдан былай әлеуетті өнім берушілер үшін мемлекеттік сатып алу веб-порталы ақылы болады. Қызметтердің құны мен тарифтері мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған.

«Бүгінде порталда қолданушылар көп. Бір адамның 5-6-дан жеке кәсіпкерлігі бар. Бір байқауларға соның 2-3 қатысса, қалғандары шағым жазып, байқаудың уақытын созады. Яғни бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік сатып алуды табыс көзіне айналдырып алған. Заңға енгізілген түзетулер алдымен осындай «кәсіпкерлердің» жолына тосқауыл болады. Сонан соң, тапсырыс берушінің не байқау ұйымдастырушының сапалы тауарға, қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етеді» дейді Раманхан Төрегелдиев.

Сонымен, түзетулерге сәйкес, енді  баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуларда (сатып алуларда 1 000 АЕК дейін немесе 2 525 000 теңгеге дейін) тапсырыс берушілерге құжаттамада тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл тапсырыс берушілерге неғұрлым сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.

— бір көзден алу тәсілімен жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

— мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын веб-порталда орналастырмағаны немесе уақтылы орналастырмағаны үшін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бюджетке сәйкес келмейтін көлемде бекіткені үшін бірінші басшылардың, сонымен қатар комиссия мүшелерінің әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін уақытылы қарамағаны үшін, сондай-ақ алдын ала рұқсат беру хаттамасын және қорытынды хаттамасын уақытылы орналастырмағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктері қарастырылған.

— жұмысқа демпинг шараларын алып тастау арқылы демпинг мәселесі реттелді. Бұрын сатып алуға қатысушылар келісім-шартқа отыру үшін бағаны негізсіз төмендету салдарынан шарттық міндеттемелердің тиісінше орындамауға әкеп соқтыру мәселелері орын алған.

— өткізілмеген конкурстар/аукциондар бойынша бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары қысқартылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру бөлігінде де көптеген түзетулер енгізілді.

Енгізілген түзетулермен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000434

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page