Жабайы сауда қашан тыйылмақ?!

0
140
Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Қаламызда жабайы саудамен айналысатын саудагерлер айылын жимай тұр. Оларға арнайы ескерту жасалып, айыппұл салынса да оңай олжа тапқандар заң талаптарына бағынар емес. Бүгінде шаһар орталығындағы базар маңына бара қалсаңыз, аяқ алып жүру қиынның қиыны. Көше бойындағы жайма базар көлік қозғалысына да айтарлықтай кедергі тудырып отыр. Осыған орай қала әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлері біргіп, рейд жұмыстарын жүргізді.

Орталыққа біз де барып, жабайы сауданың жайымен таныстық. Расымен де базар маңындағы Гауһар ана көшесінде заңсыз сауда жасап отырғандардың қарасы көп. Тәртіп сақшылары оларды орнынан тұрғызып, бұл жерлерде сауда жасауға болмайтындығын ескертті.

Талдықорған қаласы бойынша жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Базиевтің сөзіне сүйенсек, жаз мезгілі кезінде бұл жерге жеміс-жидек пен көкөніс сатушылар жиі келеді. «Күнделікті жабайы саудамен күресу үшін осылай жұмыс жасаудамыз. Бұл кісілер салықтан жалтарып, көше бойында заңсыз сауда жасап үйреніп қалған. Қанша ескерту жасап, хаттама толтырсақ та түсінер емес. Мәселен, жыл басынан бері жеті айдың қорытындысы бойынша 789 хаттама толтырып, 1 млн. 963 теңге көлемінде айыппұл салдық. Кей кездері саудагерлер орынға таласып, бір-бірімен жаға жыртысып жатады. Егер біз тәртіп орнатпасақ, мұнда тіпті жол жүруге мүмкіндік болмай қалады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Көшенің жиегінде отырған адамды көлік басып кетсе, не болмақ..? Сондықтан, біздің міндет қылмысты болдырмай, әкімшілік жауапкершіліктің алдын алу», — дейді полиция полковнигі Талғат Базиев.

Расымен де, мұның барлығы қала тұрғындары мен сырттан келетін қонақтар үшін ыңғайсыз жағдай. Жабайы сауда шаһар көркіне де айтарлықтай нұқсан келтіріп тұр. Ал, мұның шешімі бар ма?

Данияр Жаныс, қала әкімінің баспасөз хатшысы: — Біз қала әкімдігі тарапынан «Көк базар» және «Жерұйық» комуналдық базарымен келісімге отырғанбыз. Сол жерлерде сауда жасауға болады. Дәл қазір «Көк базардың» бірінші қабаты мен жер төлесінде сауда жасауға арналған арнайы орындар бар. Алайда, бұл кісілердің онда барғысы жоқ. Оларға сыртта отырып сауда жасау тиімді. Дегенмен, ол жерде де дәл осындай саудагерлер кәсібін дөңгелетіп отыр.

Саудагерлер полиция қызметкерлеріне біраз қарсылық танытып, тұрып алды. Шулап, өздерінің шағымдарын білдірді. Ұзақ жылдан бері осы маңда сауда жасап жүрген Анар Сауытбаеваның айтуынша, көшеде отырып, сауда жасамасқа амал жоқ.

«Біз тәртіп сақшыларына ешқандай қарсылық келтірмейміз. Бірақ, неге әкімшілік бізге көмек бермейді? Бұрын «Көк базардың» жанында жаздық базар болған. Біз сол жерде саудамызды жасайтынбыз. Кейін «Көк базарды» қайта жөндеген кезде қасындағы біз отырған жаздық базар сатылып кетті. Ал, енді қазір «Көк базардың» ішінен бізге орын берген. Алайда, ол жерде отырып сауда жасау мүмкін емес. Неге, десеңіз? Сатып отырған жемістеріміз өте нәзік, ыстық жерді көтере алмайды», — дейді саудагер. Айтуларынша, «Көк базардың» ішінде желдеткіш (кондиционер) жұмыс жасамайды. Ол жерге барса, сатып отырған құлпынай, таңқурай сынды жемістерінің барлығы бұзылып кетеді. Біз осыған орай мұның анық-қанығын білу үшін «Көк базарға» барып, ондағы жағдаймен таныстық.

Сауда орнының бірінші қабатында бірнеше желдеткіш жұмыс жасап тұрғандығын көзіміз көрді. Дегенмен, «кондиционер» деген аты болмаса, одан келіп тұрған ешқандай салқындық жоқ. Іші ыстық, саудагерлер желпініп отыр. Ал, сауда орнының жер төлесіне қарай түскенімізде ол жерлерге желдеткіш мүлде орнатылмаған болып шықты.

«Егер мұндай жабайы сауда орын алмасын десе, бізге жағдай жасап берсін. Төбесін жабық қылып, арнайы жеке жерге жаздық базар салсын. Ешкім мұнда еріккеннен күннің астында қақталып отырған жоқ. Бізге де күн көріс керек. Неге бізді түсінбейді?» деп саудагерлер жанайқайын білдірді.

Өздеріне қолайлы базар салып беру жөнінде саудагерлер әкімдікке де бірнеше рет барған екен. Өкінішке орай бұл өтініштері іске аспай тұрған секілді. «Егер жеке базар салып берсе, салығын уақытылы төлеп тұрамыз, одан қашып отырған жоқпыз», — дейді саудагерлер.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here