Жетісулық журналистер Қазақстанның батыс өңірлерін аралап келді

0
287
Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев

Халқымыздың санасын оятып, ұлттық құндылықтарымызды қайта тірілту бағытында Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағаны баршамызға белгілі. Аталмыш бағдарламаға «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы енгізіліп, өткен тарихымызға жіті көңіл бөлу керектігі қадап айтылған еді. Неге? Себебі,  еліміздегі қасиетті жерлердің мәдени-географиялық белдеуі — сан мың ғасыр өтсе де кез келген рухани жұтаңдықтан аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Осы орайда өткенімізге бір сәт үңіліп, халыққа сол тарихты мейлінше тереңінен түсіндіруіміз керек-ақ. Алматы облысының ішкі саясат басқармасы осы бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алып келеді. Соның бірі – Қазақстанның батыс өлкесіне ұйымдастырылған блог тур. Біз жақында еліміздің Батыс өңірінде орналасқан тарихи-мәдени жерлерді аралап келдік. Көне жәдігерлерді көзбен көріп, қолмен ұстап, рухани ләззат алдық. Көңіл көкжиегіміз кеңейіп, қоржынымыз рухани азыққа толып қайтты.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына біз түнгі сағат бір шамасында келдік. Аралайтын жеріміз көп. Уақытымыздың тығыздығын ескеріп, ертеңгісін таңмен таласып ерте тұрдық. Таңғы астан кейін бірден іске кірісуге тура келді. Алдымен Маңғыстаудың киелі жерлерін аралауды жер астында орналасқан Бекет атаның мешітінен бастадық.

Көнеден қалған ғибадат орны Бейнеу кентінің оңтүстік-батыс жағынан 20 шақырым жерде орналасқан екен. Жалпы, жергілікті тұрғындардың айтуынша Бекет атаның бес мешіті бар. Оның төртеуі еліміздің батыс өңірінде (Оғыланды, Бейнеу, Жем, Тобықты), қалған біреуі Арал жағасында орналасқан. Біз барған мешіттің ішкі көрінісі киіз үй, ал төбесі күмбез тәрізді. Кіреберіс бөлмесінде Бекет ата ұрпақтарының осы мешіт үйінде жерленгенін айғақтайтын тақта орнатылған. Мешіт тұрған төбе басына Бекет атаның туған ағасы Меңдіғұл батыр жерленген. Ел аузында сақталған дерек бойынша, Бекет ата 40 жас шамасында, яғни ХІХ ғасырдың аяғына таман осы мешітті жыл маусымдарына қарай, ауыл балаларын оқыту және әрі-бері өткен жолаушылардың тынығып, зиярат жасауы үшін салдырған деседі.

Бекет ата – қалмақтарға қарсы азаттық күресін бастаған қазақтың әйгілі батыры, табиғатта сирек кездесетін көріпкел, ағартушы, сәулетші, халық әулие тұтқан кісі болған. Бекет Мырзағұлұлы 63-ке қараған шағында, пайғамбар жасында өмірден өткен. Сүйегі Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы өзі тұрғызған Оғыланды мешітінде жерленген.

 

Көне мешіт толықтай аудан әкімдігінің қарауында. Атаның мешітіне алыс жақын жерлерден зиярат етіп келуші халықтың қарасы мол болғандықтан, түнеухана, намазхана, асхана тұрғызылыпты. Төңіректің барлығы жасыл желекпен және жарық шамдармен көмкерілген. Бекет атаның Бәйтелі дейтін ұлынан тарайтын алтыншы ұрпағы Қалымбегі Тәшов бүгінде мешітте шырақшы қызметін атқарып отыр. Айтуынша, 21 жылдан бері осы мешітте имам болып келеді. «Дертіне шипа іздеп атамыздың мешітіне еліміздің әр өңірінен, тіпті Ресейден де адамдар келіп, кетіп жүр. Алладан дұға тілеп, Бекет атаның рухына құран бағыштап жатады», — дейді Қалымбегі ата.

Бекет атаның рухына біз де құран бағыштап, сапарымызды ары қарай жалғастырдық. Келесіде ХІХ ғасырда салынған құрылыстардың ең ірісі және әрі жауһары болып саналатын Көркембай мешітіне бардық. Мешіт Бейнеу кентінен 40 шақырым оңтүстік бағытта орналасқан. Үлкенді-кішілі отыз күмбезі, 26 бөлмесі бар ғимаратта кезінде қазақ балалары шариғат үйреніп, сауат ашқан. Көзі ашық, көкірегі ояу Алаштың оқығандары жаппай қуғын-сүргінге ұшырап жатқанда ұстаз Көркембай Бектұрлыұлы елден кетіп, білім ошағы 1928 жылы жабылған.

Мешіттің терезелері үлкен болғандықтан бөлмелері жап-жарық. Арнайы кітап жинап қоятын сөрелері де бар. Сірә, кезіндегі медреселер осындай сипатта болса керек. Асықпай бөлмелерін аралап көрсеңіз өткен заманға қайта оралғандай күй кешесіз. Бізді, әсіресе, ортаңғы бөлмеде отырып, имамның оқыған Құраны, айтқан уағыздары барлық бөлмелерге анық жетіп тұратындығы таңқалдырды. Сонымен қатар, мешіт маңайынан көнеден қалған ескі құдықтарды да көзіміз шалып қалды. Маңғыстау облысы өзен, дария сынды суға тапшы болғандықтан, кезіндегі ата бабаларымыз жер қазып, су шығарған. Жалпы, бұл өңірде құдықтар төрт түрге бөлінеді. Біздің көргеніміз ең терең қазылған шыңырау құдық, тереңдігі шамамен 15-20 метрді құрайды.

Көркембай мешітінің ерекше сәулетіне тәнті болысымен Бейнеу кентіне қайта оралдық. Орталыққа шамамен бесін уақытында келіп түстік. Жүрек жалғап, сәл тынығып алғаннан кейін Барақ батырдың кесенесіне жол тарттық. Батырдың мавзолейі Тұрыш ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Кесене 1992 жылы тұрғызылып, 1993 жылы үлкен ас берілген екен.

Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) 97 жас жасаған әйгілі батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Кіші жүздің ішіндегі Табын руынан шыққан. Үстірттің Сам құмында дүниеге келген. Барақтың батыр атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шыға бастайды. ХVІІІ ғасырдың 70 жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысқан. 1785-1792 жылдар аралығында Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күрес басшыларының қатарында болған. Батырдың рухына тағзым етіп, жолға шықтық.

Бүгінде «Тоғыз жолдың торабы» атанып отырған Бейнеу ауданының тарихы тым тереңде жатыр. Кезінде Батыс пен Шығысты, Европа мен Азияны байланыстырған Ұлы Жібек жолын дәл осы өлкеден кезіктіруге болады. Оған себеп Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданына қарасты Тұрыш елдімекенінен солтүстік-батысқа қарай 20 шақырымдай жерде Белдеулі керуен сарайының орны бар.

Археологтар бұл сарайдың орнын 2011 жылы ашып, зерттеп, қоршап қойған екен. Ол жерге барғанымызда оның да көптеген бөлмелері бар екендігін көрдік. Керуен сарайдың салыну уақыты XVI ғасырдың екінші жартысына немесе XVII ғасырдың басына жатқызылады. Айты айтып тұрғандай, кезінде Ұлы Жібек жолымен жүріп өтетін керуеншілер осы жерде демалып, сауда саттық жасаған көрінеді. Айта кететіні, бұл нысанның ашылмаған сырлары көп. Яғни, әлі де зерттеуді қажет етеді.

Келесіде керуен сарайынан бес шақырым жерде орналасқан «Ақпанның үйігі» деп аталатын ескерткішті де көріп өттік. Тарихи ескерткіш б.з.д V-IV ғ.ғ салынған деген дерек бар.

Сарматтар ғибадатханасы деп аталатын бұл жерде әлеуметтік дәрежесі жоғары көсемдер ғана жерленген дейді. Бұған себеп қазба жұмыстары барысында бес адамның сүйегі және алтыннан жасалған тікпелі әшекейлері табылған. Бүгінде бұл жәдігерлер Бейнеу аудандық мұражайда сақтаулы. Ақпан ескерткішінің алғашқы биіктігі 7-9 метрден кем емес болған. Бұл қорым да толықтай зерттелмеген.

Қойнауы тарихқа толы Бейнеу ауданын аралап болғаннан кейін, бағытымызды Ақтау қаласына қарай бұрдық. Келесі күні Маңғыстаудың ең биік нүктесі болып саналатын Отпан тауын бетке алдық. Аталмыш мекен Ақтау-Таушық Шетпе тас жол  бойындағы Жыңғылды ауылы менен Тұщыбек санаториінің орта жерінде, жолдан 5-6 шақырым сол жақ қапталында орналасқан.

Біз алдымен таудың етегінде жатқан жауынгер жырау Қалнияз  Шопықұлының бейітіне бардық. Бұл кісі 1816-1902 жылдар аралығында өмір сүрген. Адай руынан шыққан жырау әрі батыр, аласапыран заманында (1870 ж) Маңғыстау көтерілісіне қатысқандардың бірі. Көтеріліс кезінде жауынгерлерді рухтандыру мақсатында бірнеше жыр жолдарын шығарған деседі. Кейін патша үкіметіне қарсы шыққандар көтерілісте жеңіліске ұшырап, халық жан жаққа қашқан деген дерек бар. Бұл кісі сол уақытта Тәжік жеріне ауып, Қисар деген жерде қайтыс болған. Арада 112 жыл өтіп, 2015 жылы осы таудың етегіне сүйегі қайта жерленген.

Батыр жыраудың рухына құран бағыштап болғаннан кейін Қаратау жоталарының ең биік шоқысы Отпан тауда орналасқан Адай атаның кесенесіне қарай көтерілдік. Алып мовзолейдің бой көтергеніне 10 жылдан асыпты. Кесененің екі жағына Адай атаның екі баласының (Құдайке мен Келімберді) құрметіне мұнара тұрғызылған.

Жалпы, «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің негізін қалаған, идея авторы еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, белгі ақын Сабыр Адай болған. Кесененің қасында Түркі халықтарының символы болып саналған Көкбөрінің бейнесі және арғы бетінде қазан іспеттес «Ұран оты» деп аталатын ескерткіш кешен орнатылған.

Атап өтсек, Адай ата – Қазақ хандығы тұсында атақты хандармен бірге қызмет жасап, қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр. 115 жыл өмір сүрген тарихи тұлға қазіргі Шымкент, Ташкент қалаларының маңында жерленген. Адай атаның сүйегі жатқан жерден бір уыс топырақ алынып, Маңғыстаудағы Қаратаудың басына әкеліп қойылған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жерде қазір Адай атаның алып кесенесі тұр.

Келесі тұрақтаған жеріміз — Түпқараған ауданындағы Таушық кентінен батысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан Шақпақ ата жер асты мешіті болды. Жалпы, Маңғыстау облысында жер астында орналасқан 9 мешіт бар. Солардың бірі Х — ХІІІ ғасырларға тиесілі «Шақпақ ата» мешіті.

Кезінде бұл өлкеде 362 әулие кісі болған деседі. Солардың қатарына Шақпақ ата да кіреді. Шақпақ ата мұсылмандықты терең меңгерген, өзінің жерасты мешітінде шәкірт тәрбиелеп, бала оқытқан әулие адам болған. Шақпақ ата аталуының себебі, ол кісі тырнақтарын бір-біріне жанастырғанда, арасынан от шығатын болған. Шақпақ ата жер асты мешіті тау борлы жартаста салынған. Мешітке кірсеңіз, даладағы қапырық ыстық немесе салқын аязды ұмытасыз. Мұнда ауа температурасы бірқалыпты.

Мешіттің ішкі қабырғаларынан құран аяттары мен хадистерді, жануарлар мен адам алақанының бейнелерін көруге болады. Бір қызығы мешіт бөлмелерін аралап жүріп, сыртқа қарай басқа есіктен шығып кетуге мүмкіндік бар.

Қожа Ахмет Яссауидің ізбасары болған сопының  өмір сүрген жылдары туралы деректер әр түрлі. Академик А.Г. Медоевтың айтуынша, Шақпақ ата IX ғасырда өмір сүрген. Ал, Бартольдтың пікірінше, сопы 1312-1342 жылдары (XIV ғ.) билік еткен Өзбек ханның тұсында өмір сүрген деседі.

Шақпақ атаның мешітімен танысып болғаннан кейін, Форт-Шевченко қаласының солтүстік-шығысынан 57 шақырым жерде, Сарытас шығанағына таяу маңдағы Сұлтан үпі мешітін тамашаладық. Бұл ғибадат орны да жер астында орналасқан. XII-XIII ғасырлардың ескерткіші саналатын ескі нысан 1993 жылдан бері мемлекет қорғауында.

Жартасты ойып жасаған мешіт бір-біріне жалғасқан 11 бөлмеден тұрады. Бүгінде тек екі бөлмесіне ғана кіруге мүмкіндік бар. Қалған жерлері құлап, тас басып қалған. Мешіттің ішіндегі сырық ағаштары шаншылған екі дөңгелек тас қоршаудың ортасында Сұлтан үпінің зираты орналасқан. Тарихи мәліметтерге жүгінсек, шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Құл Сүлейменнің баласы делінеді. Оның есімі ел ішінде «Баһрғани» жазбасының иесі және су апатынан сақтаушы ретінде белгілі болған. Адамдар «Сұлтан епе, сақтай гөр пендеңді су апатынан» деп сыйынған және күн күркірегенде де осы кісінің атын атапты. Мешіт маңында орналасқан Сұлтан-үпі құдығы да назар аударарлықтай. Жардан 6 метр жерден ойып салынған құдықтың суы таза, әрі салқын екен. Құдықтан су ішіп, шөлімізді қандырғаннан кейін қайтадан жолға шықтық.

Блок турдың бесінші күні Атырау облысындағы «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорығына табан тіредік. Бүгінде мұражайда 4242 жәдігері сақтаулы. Сол дәуірдегі алтын тиын, темірден жасалған бұйым, құмыра, құмған, шам, бесік сынды әр түрлі көне заттар бар. Мұражайдың қасынан 17 метр биіктікті құрайтын ескерткішті де көруге болады.

Кезінде Сарайшықта 100-ге жуық хан хандық құрған деген дерек бар. Бұл ескерткіш осының құрметіне қойылыпты. Ескерткішке Сарайшық қаласында жерленген жеті ханның құрметіне құлпы тастар орнатылған. Аталмыш нысан 1999 жылы бұрынғы Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен ашылған. «Мұражайдың ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келген», — дейді музей қызметкерлері.

Кезінде Бату сарайы немесе Алтын Орданың кіші ордасы деп аталған ХІІ-ХVI ғ.ғ. Сарайшық қаласының орнын да арнайы барып көрдік. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қала Жайық өзенінің тура маңынан бой көтерген екен. Жалпы, қаланың ұзындығы 10, ені 8 шақырымға дейін созылған деген дерек бар.

Айта кетейік, Қасым xанның тұсында Сарайшық Қазақ xандығының астанасы болып жарияланған. Сарайшық қаласына алғаш қазба жұмыстары 1937 жылы Ресей арxеологы К.Арзютовтың бастауымен жүргізілген. Ал, 1950 жылы арxеолог Әлкей Марғұлан, 1996 жылы Зейнолла Смашев зерттеді. Алдағы уақытта мұнда ұзындығы мен ені 4 шақырымды құрайтын үлкен туристік база салынбақшы. Сонымен қатар, Ер Тарғын мен Қамбар батырға ескерткіш орнатылып, Қасым xанға үлкен монумент тұрғызу да жоспарда бар.

Осыдан кейін Атырау облысының Индер ауданы, Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Махамбет Өтемісұлының кесенесін барып көрдік. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы көтеріліс рухтандырушысы болған тарихи тұлғаның қабірі — мәдениет ескерткіші саналады.

Ең басында бұл жерде қабір үстіндегі шомбал құлпытасымен жабылып тұрған сегіз қырлы тас табыты болған. 1995 жылы бұл жерді толығымен қайта жөндеп, ақынның қабірі үстіне ақ тастан әдемілеп мазар тұрғызылған. Осы кезден бастап батыр жыраудың қабірі тек киелі жер ғана болмай, сонымен қатар сәулет ескерткіші болып табылады.

Атырау облысына жасаған сапарымыздан кейін, Батыс Қазақстан облысына ат басын бұрдық. Орал қаласына таңға жуық келіп түскен едік. Бұл өңірге келудегі негізгі мақсатымыз ежелгі Бөкей ордасы қалашығының тарихымен танысу болатын. Алайда, бізге жол көрсетіп, көлік мәселесін шешіп беруді уәде еткен жергілікті ішкі саясат басқармасының мамандары көмек көрсетуден бас тартты. Одан кейін өзіміз көлік жалдап, Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Алтын орда дәуіріне жатқызылатын (ХІІІ-ХVғғ) көне Жайық қалашығын барып көрдік.

Кіреберіс жерде тарихи орын мемлекет қорғауында деп арнайы белгі қойылған. Дегенмен, біз ол жерден ешқандай күтімді көре алмадық. Қазба жұмыстары жүргізілген орынға күл қоқыстар үйіліп қалған екен.

Осы тарихи орындарға қатысты толық мәлімет алу үшін түстен кейін Орал қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне арнайы бас сұқтық. Шаһар орталығында орналасқан мұражайдың іргетасы 1879 жылы қаланған. Бұрындары бұл ғимарат орыс-қазақ қол өнер мектебіне тиесілі болса, 1980 жылдан бастап мұражай қызметін атқарып тұр.

Қазақстанның ең көне музейлер қатарына кіретін мұражайда бүгінде 130 мыңнан астам тарихи құнды жәдігер сақталған. Музей экспозициясы сегіз залдан тұрады. Жалпы, мұндағы ең құнды жәдігерлердің қатарына 2002 жылы Теректі ауданынан табылған «Алтын ханшайымның» реконструкциясы, соврамат, сармат дәуіріне жататын алтын бұйымды әшекейлер түпнұсқа күйінде қойылған. 2001 жылы Жайық қалашығынан табылған жәдігерлер осы  мұражайда сақтаулы.

Сондай-ақ, Қазақ хандығы мен Бөкей орда тарихы аралығындағы жәдігерлермен де таныстық. Бұл жерде ХVIII-XX ғасыр аралығындағы күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, тұрмыстық және әскери қару-жарақ сынды бірнеше заттарды көруге болады. Қазақтың әйгілі суретшісі, қыл қалам шебері Әбілхан Қастеевтің графикасы да құнды жәдігерлердің қатарын толықтырып тұр.

«Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» деп аталатын картина 1941 жылы салынған. Ал, мұражайдың екінші қабатында ХХ ғасырдан бастап, Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарына дейінгі аралықты қамтитын экспонаттар сақтаулы.

Орал қаласынан шығып, құтты мекен Ақтөбе облысына келіп табан тіредік. Бұл өңір жетісулық тілшілерді жылы қарсы алды. Поездан түсе салысымен бірден облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қабылдауында болдық. Әкім орынбасары біздің Батыс өңіріне, соның ішінде тарихи орындарға жасап жүрген экспедициямызды құп көріп, қолдайтындығын жеткізді. Сөз арасында бұл шараны өздері де жалғастыруға ниетті екендіктерін білдіріп, ішкі саясат басқармасына осыны назарға алуды тапсырды.

Кездесу барысында барлығымызбен жекелей танысып, облыс әкімдігінің тарапынан арнайы дайындап қойған сыйлықтарын да берді. Біз де Ербол Жолдасбекұлына өз тарапымыздан шексіз ризашылығымызды айтып, жолға шықтық.

Жалпы, бұл өңірде тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштердің саны өте көп. Солардың бірі — Есет батыр Көкіұлының мавзолей-кешені. Кесене Ақтөбе облысы, Алға ауданының Бестамақ ауылында орналасқан.

Есет – қазақ тарихында «тархан» шеніне ие болған үш батырдың бірі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түсіп, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың адал серігі болған. Батыр 1667 жылы еліміздің батыс өңірінде дүниеге келген. Кіші жүз жетірудың ішіндегі тама руынан тарайды. Есет Көкіұлы 1749 жылы 82 жасында өмірден өткен. Батырдың құрметіне орй тұрғызылған ескерткіш 1992 жылдан бері мемлекет қорғауында. Мавзолей Маңғыстаудан әкелінген ұлутас блоктарынан тұрғызылып, сырты плиталармен қапталған. Бүгінде мемориалдық кешенге Есет атаны әулие тұтып келетіндердің қарасы көп. Осыған орай бұл маңда шырақшы үйі және бір мезетте 200 адамға қызмет көрсете алатын мерйрамхана салыныпты. Былтыр Есет батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталған.

Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көктөбе деген жерде орналасқан Көтібар Бәсенұлы (1757 – 1823) батырдың жатқан жері де тарихи маңызы бар орын. Көтібар батыр Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезінде сарбаз жинап, Ресей үкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес жолында аты танылған. Батырдың кесенесі 2000 жылы сәулетші Әбдіғали Баяндиннің нұсқауымен салынған.

Кесене жанына орнатылған құлыптастан Көтібардың үзеңгілес, қарулас замандастарының есімдерін оқуға болады. Батыр кесенесінің архитектуралық тұрқы мен сәулеті, мазмұны жағынан ерекшелгі мол. Оның мазмұнында ХІХ ғасырдағы қазақ халқының бостандыққа ұмтылысы және ХХІ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің жетістігі ұштастырылған. Ескерткіш мемлекет қорғауында.

Батырға зиярат етіп, құран бағыштағаннан кейін Темір ауданы, Темір қаласында орналасқан көне мешітке бас сұқтық. Ғибадат орны 1905 жылы Орынборлық көпес Мәжит Батқалұлының қаржылық көмегімен тұрғызылған. Онда Насыр Ахмет Халфе діни қызмет атқарған.

Бұл мешіт төртбұрышты екі қабатты құрылыс, қабырғасы қоңыр текше тастардан қаланған. Алдыңғы жағында сегіз қырлы мұнарасы бар. Бүгінде жергілікті тұрғындар мешітке өз қаражаттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Келесіде сол ауданға қарасты Шұбарқұдық ауылынан бес шақырым жердегі Досжан ишан мешітіне қарай ат басын бұрдық. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бой көтерген көне мешіттің бүгінде тек қабырғалары ғана сақталған.

Мешітте кезінде көптеген мүриттер қызмет етіп, ишандар, сопылар білім алған екен. Досжан ишан 1815-1890 жылдар аралығында өмір сүрген. Қазақстанның батыс өңірінде ислам дінін таратуға өлшеусіз үлес қосқан, осы жолдағы қызметі, білімі, жеке басының қадір-қасиеті арқылы халық арасында зор құрметке бөленген тұлға. Өзінің бірінші мешітін Доңызтаудағы Тасастау-Қайнар алқабында салдырған.

Ақтөбе облысына жасаған сапарымыз барысында Шәймерден Әбжанұлының (Шәкен ишан) мешітін де көріп қайттық. ХХ ғасырдың бас кезінде салынған ғибадат орны Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылынан батысқа қарай 27 шақырым жерде (Самара-Шымкент тас жолынан 3 шақырым солтүстікте) орналасқан.

Мешіттің қабырғалары табиғи тастар мен күйдірілген кірпіштерден қаланған. Мешіт 2010 жылдан бері жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіші есебінде мемлекет қорғауына алынған. Шәкен ишан шамамен 1853-1929/30 жылдары өмір сүрген. Халыққа имнадылық жолын насихаттап, бала оқытып, елдің еңсесін тіктеуге өлшеусіз үлес қосқан білімде де ұлағатты ұстаз болған адам.

Қобда ауданы, Жиренқопа ауылынан бой көтерген Қобыланды батыр мемориалдық кешені де республика бойынша мағызы ерекше ескерткіштердің бірі. Кесене батырдың сүйегі жатқан мавзолейден, Даңқ залынан және белгі тастардан тұрады. Бір қарағанда мавзолей батырдың дулығасына, ал, сол жанындағы мұражай садаққа ұқсайды.

Айта кетейік, Қобыланды батыр — қазақ халқының 29 нұсқадан тұратын эпостық жырының басты қаһарманы. Жоңғар мен қалмақтарға қарсы соғыста аты кеңінен танылған. Шамамен XV — XVI ғасырларда өмір сүрген. 2007 жылы іргесі қаланған кесене қазіргі таңда мемлекет қорғауында.

Қобда ауданы, Талдысай ауылынан 12 шақырым оңтүстік-батысында орналасқан Абат-Байтақ қорымы да тарихи маңызы бар ескерткіш болып саналады.

Аңыз әңгімеге сүйенсек, бұл кесене XV ғасырда өмір сүрген, «Жерұйықты» іздеп өткен Асан Қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған. Әкесінің тапсыруымен шөбі шүйгін құнарлы мал өрісін іздеуге шыққан Абат батыр Бесқопада желмаядан құлап қаза табады. Кейбір деректе қара құрт шағып, содан көз жұмған дейді. Ал, екінші атауы «Байтақ» кең, шексіз деген ұғымды білдіреді. Аңыз желісі бойынша Байтақ кедейлерге көп шапағаты тиген, қолы ашық мәрт адам болыпты. Мавзолейдің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі 14.5 метр. Абат-Байтақ кесенесіне 2004-2005 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Ескерткіш мемлекет қорғауында.

P.S. Адам өз тарихын білмей жатып, ұлт болып қалыптасуы мүмкін емес. Иә, тарихты білмеу надандық. Егер біз баланың санасына жастайынан ата бабаларымыздың жүріп өткен жолын айтып һәм қазақтың қалай ел болғандығын құлағына құйып өсірсек, онда бұл мықты ұрпақ тәрбиелегендігіміздің айғағы. Мұндай мектептен өткен адамның патриот атанып, келешекте халқының гүлденуіне атсалысатыны сөзсіз.

Біз екі аптаға жуық уақытта еліміздің Батыс өңірін аралап, көптеген тарихи жерлерімен таныстық. Енді артымыздан ерген кейінгі буынға айтарымыз көбейгендей. Әуелгі сапарға шыққандағы мақсатымыз да сол тұғын. Қазақтың тарихын, соның ішінде киелі жерлерді зерттеп, оның құндылықтарын халыққа кеңінен насихаттау. Сапарымыз сәтті болған секілді. Ал, сіз тарихқа қызығасыз ба?

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here