“Мектепке жол” акциясы жалғасуда

0
61
Фото авторы А.Нұршанов

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде 1 тамыздан жыл сайынғы жалпыреспубликалық  “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда. Осы орайда қаламызда аталмыш акцияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Алғаш болып сөз алған қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Сәулеш Бақтыбаева “Бұл игілікті шара 13-ші жыл қаламызда өз жалғасын табуда. Қала әкімшілігі мен қалалық білім бөлімінің бастамасымен акция мақсаттарын насихаттау, жұртшылықты қайырымдылық қорына тарту үшін бес қабылдау орны ұйымдастырылды. Акцияға қаламыздың кәсіпкерлері, мекеме басшылары мен қызметкерлері, ұстаздар, қарапайым тұрғындар да атсалысуда”-деді. Акцияның  мақсаты – аз қамтылған және көп балалы жанұяның балаларына жаңа оқу жылына дайындықта қолдау көрсету.  Өткен жылы акция аясында 2245 балаға көмек көрсетілсе, ағымдағы жылы 2352 мектеп оқушысына көмек көрсету жоспарлануда.

Фото авторы А.Нұршанов

Айта кетейік, Талдықорған қалалық әкімдігі мен білім бөлімінің ұйытқы болуымен “Мектепке жол” жәрмеңкесі өтуде. Кез келген білім алушының жәрмеңке аясында  жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп формасы мен кеңсе тауарларын  қолжетімді бағада алуына мүмкіндік мол.

Фото авторы А.Нұршанов

Кәсіпкерлер тауарларды тиімді бағада сатып қана қоймай, сонымен қатар,  қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Өткен жылы жәрмеңке аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы  отыздан астам балаға сабаққа қажетті жабдықтар тегін берілді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ.

Жәния ханым, қала тұрғыны: Мен көпбалалы анамын. Баланы сабаққа даярлау оңай емес екені белгілі. Бірнеше жылдан бері “Мектепке жол” жәрмеңкесінің тұрақты тұтынушысымын.  Жыл сайын оқу жылына қажетті барлық заттарды осы жәрмеңкеден табамыз. Бағасы нарықтағыдан 20%-30%  төмен. Мысалы, дәптер 15 тг, қалың дәптер 60 тг, қалам 10 тг, қарындаш 20 тг, түрлі-түсті қарындаш 150 тг, күнделік 350 тг басталса, ақ жейде 1000 тг, спорттық киім 3000 тг, костюм жиынтығын 4500 тг алдым. Осылайша біраз қаражатты үнемдедім. Осы орайда баланың болашағына бей-жай қарамай, игілікті іске атсалысқан  қаламыздың әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін.

Гүлзира ханым, Ақсу ауданының тұрғыны: Білім күні таяған сайын мектепке қажетті жабдықтардың бағасы  шарықтап кететін әдеті бар ғой. Бұл  ата-аналардың қалтасына салмақ салатыны айтпаса да түсінікті.Осы орайда бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып жүрген “Мектепке жол” жәрмеңкесінің біздер үшін көмегі зор. Жәрмеңкеге  ауылдан арнайы келдім. Бағалары тиімді.  Осыған дейін ұлыма арналған спорттық үлгідегі киімді 7000-8000 теңгеге алсам, жәрмеңкеде 3000-5000 теңге аралығында.  

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here