Тіл – татулық тірегі

0
45
Дереккөз

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “Мемлекеттік тілді дамыту – ма­­ңыз­ды басымдық болып қала­ды. Біз­дің мақсатымыз – Қа­зақстанның барлық азамат­та­ры­ның мемлекеттік тілді мең­геруіне қол жеткізу! Мемлекеттік тіл — елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш” — деген болатын. Осы орайда Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен “Тіл – татулық тірегі” атты дөңгелек үстел өтті.  

Дереккөз

Тіл айлығының қарсаңында  ұйымдастырылған жиында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, өңіріміздегі “Тіл” оқу-әдістемелік орталығының атқарған жұмыстарының нәтижесі баяндалды. Алғаш болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов “Тіл – достықтың  кілті, ынтымақтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны, ары. Әр ұлттың ең алғашқы қастерлі де қасиетті сипаты ана тілі. Әркім өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс”-деп мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында ой қозғады. “Ұлттың жаны тіл болатын болса, сол ұлттың жан-дүниесін, болмысын білгісі келген адам, әуелі тілін білуі керек. Алысты жақындататын да, аразды татуластыратын да, елді бірлікке үндейтін де – тіл. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Бірнеше ұлтты береке-бірлікте ұйыстырып отырған ең негізгі фактор тіл екені баршаға мәлім. Тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, тарихыңды да, әдебиетіңді де, мәдениетіңді де ары қарай жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана”-деді  аталмыш шараға арнайы келген Алматы облыстық Әзірбайжан этно-мәдени орталығы “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы Асылы Осман.

Қазіргі таңда облысымыз бойынша “Тіл” оқу-әдістемелік орталығы және 9 аудандық, қалалық филиалы жұмыс істейді. Жалпы облыс бойынша 2006-2018 жылдар аралығында 18 721 тыңдаушы курстан өткен. Өткен жылы мемлекеттік тіл курсына қабылданғандар саны – 1339, ағылшын тілі курсына – 423, орыс тілі курсына – 46. “Көптілділік – заман талабы. Қазақстанда тілдердің үштұғырлығы жобасы жүзеге асырыла бастады. Осы жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренуге жағдайлар жасалуда. Бұл жобаның еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосылуға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Қазақ тілін  мемлекеттік тіл ретінде қастерлейміз, біле жүреміз. Орыс тілін қатынас тілі ретінде қолданамыз, есте сақтаймыз. Ағылшын тілін әлемдік аренаға ену үшін енгіземіз, үйренеміз. Тіл үйрету жұмысы – өте күрделі үдеріс. Алға қойған мақсатқа жетуге оқытушының оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруы, қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеруі керек. Бүгінгі күні Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанынан ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту курсының жұмысы осы бағытта жұмыс жүргізеді”-деді “Тіл” оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Зинагүл Қожакеева. Жалпы, тіл меңгертудің кезеңдері еуропалық стандарт бойынша алты деңгей негізінде жүзеге асырылса, жергілікті орталықта қазақ тілін меңгерту төрт деңгей бойынша жүргізіледі. Олар қарапайым А1, базалық А2 (бағдар беру мен тілашар), орта В1, ортадан жоғары В2 деңгейлері. “Оқыту түрлі жағдайлар мен барлық саладағы ауызша және жазбаша қолданыстағы құрылымдарын меңгертуге бағытталған. Мақсатымыз – тіл  үйренушінің өз ойын жеткізуде тілдік құрылымдарды өз бетінше қолдана білуге, жаза және дұрыс айта алу деңгейіне бағыттау”-дейді Зинагүл Халыққызы.

Дереккөз

Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері арасында  қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алатындар саны біртіндеп артуда. Солардың бірі – Қаратал  ауданы Бастөбе ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ирина Киримова. “Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев “Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады”-деп айтқан болатын. Туған жеріңнің, еліңнің тілін, тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін емес. “Отан тарихы туған өлкенің тарихынан басталады” деген жақсы сөз бар. Бір кездері саясаттың салдарынан көптеген ұлт өкілдері қасиетті қазақ жерінен пана, елінен аға, бауыр, туыс тапты. Қазақ халқының кең пейілі мен ыстық ықыласының арқасында суықтан, аштықтан, жойылып кетуден құтылып, керісінше, өстік, өндік, өркендедік. Мемлекеттік тілдің өркендеуіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосатын болсақ біздің ынтымағымыз да арта түсері сөзсіз. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан тіл үйренуге барлық жағдай жасалған. Мен қазақ әулетінің келінімін. Қазақ халқының рухани құндылықтарына толы әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерін жетік білемін, құрметтеймін. Біздің татулықты ту еткен отбасымыз арқылы қазақ пен корей халқы туыс, мың жылдық құда-жекжат болып отыр”-деп өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін жетік меңгеруге шақырды.

Дереккөз

Шара барысында облыста тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар, атап айтар болсақ    “Тіл” оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Зинагүл Қожакеева, Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Нейля Қойбағарова, облыстық соттың бас маманы Жанар Сергебаева, Білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғанбаева, Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Гүлден Ықыласбаева, Қазынашылық департаментінің бас маманы Галина Коростелева, “Талдықорған” газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев, Қаратал ауданы Бастөбе ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ирина Киримова Алғыс хатпен марапатталды.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here