Мәкей майталман мұғалім

0
32

Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылында 2018 жылғы 15 мамырында ҚазКСР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім Мәкей Еркінбекұлына арналған ғылыми-зерттеу конференциясы өткізіліп, Еңбек ауылында қараусыз жатқан зираты қоршалып, басына ескерткіш белгі қойылып, ашылу салтанаты болғаны баспасөз арқылы мәлім. Сөйтіп, ағарту (білім) саласына мол еңбегі сіңген, 70 жылдай аты мен заты ескерілмей келген, Ақсудың арда азаматы Мәкей Еркінбеков рухын жаңғыртып, түлетуге жол салынды. Мәкей Еркінбековтың «Ойды бөлген екі сөз» эссесі мен «Өмір тарихым» атаулы қолжазбасы сол ғылыми-зерттеу конференциясының негізінде дәріптелді.

Мәкей Еркінбеков — ҚазКСР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалімі болған. Конференцияда дәріптелген «Ойды бөлген екі сөз» эссесін ақын Жамау Бұқарбай Мәкей Еркінбековтың стилін өзгертпей, өмірден өзі өтпей тұрып, «Елу жылда ел жаңа» деген айдарда облыстық «Жерұйық» газетіне 1994 жылы шығарыпты. Жамау Бұқарбай: «Асарын–асап, жасарын жасап» дегендей, үлкен жолдан өтіп, ұзақ ғұмыр кешіп, жарық дүниеден аттанып кеткені бар, күні бүгін көзі тірі ардагерлері бар, зиялы ақсақалдар мен аға буын өкілдерінің ауызға жиі алып, құрметтеп еске түсіретін аяулы есімдердің бірі – Мәкей Еркінбеков. Халық ағарту саласында ұзақ жыл еңбек етіп, барлық саналы ғұмырын жаңа дүниені жасаушы және соны қорғаушы буын өкілдерін тәрбиелеу жолында сарп еткен үлкен жүректі, кең пейілді аға жайында айтылып келген көп сырға құлағымыз қанық-тын. Сондықтан да шығар, Мәкей Еркімбеков есімін қастерлеп, мәңгілік есте қалдыру ниетімен жазылып, облыстық газетке басылған бір топ ардагерлердің хатын, тіпті Үндеуі десе де болады, құлшыныспен қарсы алып, қуана құптағандардың бірімін. Ал, енді облыс оқырмандарының баршасына бірдей танылып болмаған Мәкей Еркімбековтың өзі кім еді? Бұл сауалға да жауап берерлік материалдар алдағы уақыттарда жариялана жатар. Әйтсе де, ардагер аға жайлы деректер іздестіру кезінде қолымызға түскен аса құнды дүниені қалың қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік. Оны сақтаушы- байырғы ұстаздардың бірі, зейнет демалысындағы ауыл ақсақалы Баянды Құсмолдин. Құнды дерек деп отырғанымыз- қырқыншы жылдардың аяқ шенін ала Мәкей Еркімбековтың өз қолымен жазылған осынау аманат – эссе. Көркемдік жағынан кез-келген хикая-повестке бергісіз шағын қолжазбаның орын-орнымен қойылған әр-бір тыныс белгілеріне дейін «Міне, біздің авторымыз, ардақты Мәкең осындай адам» деп тұрғандай. Сол мүмкіндікті мен енді оқырманның қолына беріп, кезекті қолжазбаға ұсынайын. Қалғанын көре жатарсыздар», — деп жазыпты. Жамау ақын осы жазғанының соңына «Ж.Беркімбаев» деп, әкесінің есімімен қойыпты.
Мәкей Еркінбековтың латынша әріппен жазылған «Өмір тарихым» атаулы қол-жазбасы Талдықорған қаласындағы Мұхаметжан Тынышбаев атындағы мұражайдағы Мәкей Еркінбековке арналған папкада сақтаулы. Папканы мұражай мұрағатына 1975 және 1981 жылы өткізген Мәкейдің інісінің ұлы Кәдірхан (Кәден) Еркінбеков.
Кәденнің қызы Бақыт Еркінбекованың Мәкей атасы туралы тынымсыз тіміскіленіп, көз майын тамызған ізденушілік еңбегі өрелі-ақ. Бақыт Еркінбекова әлі күнге дейін Мәкей Еркінбеков туралы зерделі зерттейтін жастар шықпай жатқанына қиналып-ақ жүр. Тіпті, Жетісу университетінің ғалымдарына да барып жолығып, осы жұмыспен ғылыми түрде айналысқысы келетін өркенді жасты тауып беруді сұрағаны бар. Олар уәде берумен шектелуде. Бұйырса, шығып та қалар. Бақыт Еркінбекова Мәкей Еркінбеков туралы шынайы кірісіп, айналысатындар болса, қолындағы бар деректерді беріп, жол көрсетіп, көмек беруге дайын.
Мәкей Еркінбеков, Қарасу орталау мектебі, Қарасу жетім балалар үйі туралы баспасөзде бұрындар жазылыпты. Ақсу аудандық «Ленин жолы», Талдықорған облыстық, қалалық және Талдықорған облысы депутаттарының «Семиреченская правда» газеттерінде латын әріпімен басылған материалдар сақталған.
Талдықорған облыстық «Семиреченская правда» газеті, «Қарасу жетім балалар үйінде» атаулы мақаласында А.Каримов: «Қарасу жетім балалар үйінде әкелері соғысқа кетіп немесе соғыста шейіт болған 135 бала тәрбиеленуде. Балалардың осында тұрып жатқандарына төрт жыл мерзім болды. Жетім балалар үйінің директоры Мәкей Еркінбеков тәрбиеленушілерге жақсы жағдай жасаған. Өздері өркендеткен шаруашылықтары бар. Қысқы азық-түлікті өздері қамтып, дайындап қойған. 25 центнер бидай, 30 центнер тары, 50 центнер көкерез, 150 центрнер картошке мен көкөніс. Шаруашылықтарында 317 бас сиыры бар. Олардың азығы қысқа жетерлік. Жатын орны мен оқитын мектебі түгелдей жөнделген. Қыстық отын да жетерлікті әзірленген», — деп жазса, Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетіндегі «Детдом балаларының арасындағы тәлім-тәрбие жұмыстары жақсарып келеді» атаулы мақаласында Т. Жексеков: «Қарасу детдомының жанында комсомол және пионер ұйымдары бар. Комсомол мүшелері пионер жаңа мектеп оқушылары арасында Орталық комсомолдар ІІ пленумының қаулысын басшылыққа ала отырып, іс жүзінде асыруға тәлім-тәрбие жұмыстарын жақсартуда. Комсомолдар мен пионерлер 20 кісілік музыка, хор құрып, музыка құралдарынан 14 домбыра, фортопионо, гармонь, гитара, мандалин, балалайка бір-бірден бар. Оқушылар арасында әдебиет пен газетті дауыстап оқу, қолөнер – кесте, шілтер тоқу үйірмелері бар. Олардың сапасы көтеріліп, мүшелер қатар саны да көбейіп келеді», — деп жазыпты. «Балалар лагерльерінің жұмысы ұйымдастырылуы керек» мақаласын Қ деген бүркеншік атпен жазған: «Аудан бойынша 830 бала лагерьде болмақ. Мәкей Еркінбеков басқарған Қарасу балалар үйінің жазғы лагерь жұмыстарының ұйымдастырылуы жаман емес», — деген ақпарат беріпті. «Аталық қамқорлық» деген мақаласында Ғалымжанова: «Жаз өтіп, күз жетті. «Балаларды қайткен күнде киім, тамақпен қамтамасыз етсем» деп Мәкей Еркінбеков түн ұйқысын төрт бөліп ойлауда. Мәкей Еркінбеков 1936 жылдан бастап Қарасу детдомында директор қызметінде. Осы уақыттан бері балаларды коммунистік рухта тәрбиелеп, түрлі үлгілер көрсетуде. Балалар сабаққа дұрыс қатысып, үлгерімі «отличник» болуға үлкен көңіл бөлінуде. Мектеп жанынан қабырға газеті шығады. Қарасу детдомының шаруашылығы жақсы. Бәрі Мәкей Еркінбековтың арқасында ұйымдастырылған. Мәкей Еркінбеков екі сөзінің бірінде: «Бәрі менің балаларым», — деп отырады. Бәрін өз баласындай көреді. Барлық балалар бір атаның баласындай. Мәкей Еркінбековтен үлгі алып, балаларды Мәкей Еркінбековтей шын көңілмен сүйе білу керек», — деп жазған екен.


Жамау Бұқарбайдан басқа, Ғалым-жанова, Жазылбеков, А.Айтмұханбетов, Ж.Шығанбаев, А.Каримов, Т. Жексеков, Өсербай Жұмаханов, Мырзағазы Данияров жазған мақалалар Мәкейтанудың бастауы десе болар.
Жамау Бұқарбай жазғандай: «Мәкей Еркінбеков кім болған?» — дегенге қысқа мағлұматтар келтірейін. Мәкей Еркінбеков — 1895 жылы Көлденең деп аталған ауылда туған. Ата-анасы 1918 жылы өмірден өткен. Шыққан ататегі – төре. Арғы аталары Сайын (Бату) ханның төртінші ұрпағы ХІІІ ғасырдағы Әз-Жәнібектен тарайды. Мәкейдің әкесі Еркінбек – 1850 жылы туған. Еркінбектің әкесі Атыхан төре – бай, ел билеген сұлтан болған. Ақ патшадан шен-шекпен иеленген. Еркінбек 12-13 жасында әкесінен айырылып, жетім қалыпты. Әкесінің жері мен малдарын Маман, Толқын, Тасыр дегендер бөліске салып, үлесіп алыпты. Әке мұрасы талауға түскен жер мен малды қайтарып алуға ақ патша шенділеріне Еркінбек арыз жазса, өзін кінәлі жасап, Омбыға бес жылға жер аударыпты. Омбыдан туған жеріне аман-есен оралған Еркінбек байларға жалданып, ақырында кедей-диқан болып қалыпты.


Мәкей Еркінбеков те 23 жасынан ата-анасынан айрылып, сүйеусіз өз сана, жігерлігімен ержетеді. Басында әкесі молдадан оқытып, сауатын ашады. Одан 1905 жылы Қапалдағы 7 кластық татар жаңа мектебінің 2 класына қабылданып, оны 1911 жылы бітіріп шығады. Қапалдағы 7 жылдық татар мектебінде Мейірман Ермектасов, Тілеужан Құсмолдин бірге оқиды. Тегі, Ақсудағы Қарасу орталау мектебін Талдықорған уездік ағарту бөлімінің қаулысымен аштырып, Мейірман Ермектасовты Қарасу мектебінің меңгерушісі қызметіне сайлатқан Талдықорған уездік ағарту бөлімінің бастығы Мәкей Еркінбеков екенін оқырмандар білгені жөн.
Қапалдағы 7 класс оқуды бітірген Мәкей Еркінбеков 1912 жылдың 21 мамырынан 1918 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкесі туған Бүйен–Қоянды болысына қарасты Қамысмола ауылында тұрып, Өтеулі ауылындағы жекеменшік мектепте балаларды жаңа үлгімен оқытып, жылына 60 сом табыс табады. 1918 жылы 1 қыркүйектен 1920 жылдың 20 тамызына дейін Жетісудағы қызыл гвардия интенданствосының азық-түлік басқарушы қызметін атқарады. Ол туралы 15.06.1947 жылы Қарасу ауыл кеңесі төрағасының мөр басып бекіткен, қызыл гвардияшылар Жұмабай Шығанбаев пен Нүсіп Жапаровтың берген анықтамасы архивтағы папкада сақтаулы жатыр. Мәкей Еркінбеков:


1920-1922 жылдары Тауқаратал мектебінің меңгерушісі және мұғалімі.
1922-1923 жылдары Қапал бастауыш мектебінің мұғалімі.
1923-1924 жылдары Сағабүйен бастауыш мектебінің мұғалімі.
1924-1926 жылдары Талдықорған уезі ағарту бөлімінің бастығы.
1926-1927 жылдары Сағабүйен бастауыш мектебінің мұғалімі.
1927 жылдың 10 тамызынан 1929 жылдың 1 ақпанына шейін Баласаз мектебінің меңгерушісі және мұғалімі.
1929-1930 жылдары ескі Ақсудағы үлгі-тірек мектебінің мұғалімі.
1930-1933 жылдары Қарағаштағы ШКМ –нің (колхоз оқушылар мектебінің) мұғалімі.
1933-1934 жылдары Ақсу аудандық ағарту бөлімінің саяси инспекторы.
1934-1934 жылдары Қарағаштағы орталау мектептің меңгерушісі, мұғалімі.
1934-1936 жылдары Қарағаштағы мектеп (жетімдер)коммунасының меңгерушісі, мұғалімі.
1936-1939 жылдары Қарасудағы орталау мектептің меңгерушісі, мұғалімі.
1939-1947 жылдары Қарасу жетім балалар үйінің директоры.


1947 жылдың 1 мамырынан бастап зейнеткер. Зейнет кітапшасының №02334. Партиялық стажы 1938-ші жылдан. Партиялық билет №1605491. 1922 жылдан кәсіподақ мүшесі. Мәкей Еркінбеков ҚазССР жоғарғы кеңесінің грамотасы және Құрмет грамотасымен марапатталған. Отыз бір жыл үзбей мұғалімдік қызмет істеген ұстаз. Мәкей Еркінбеков 1952 жылы қайтыс болған. Қайтыс болғандығы туралы куәлігі ФЮ № 186828.


Мәйіті Қарасу (Еңбек) ауылында. Баласы Әнеттің қасына жерленген. Төңірегі шейіт болған жетім балалар қорымы.
«Ауыл ақылшысы еді» деген мақаласында Мырзағы Данияров: «Мәкей Еркінбековтың «Кәденге», «Әнет өлгенде», «Арақ құмар», «Шай құмар» атты өлеңдері қолжазба күйінде сақталып келеді», — деп жазған. Бұдан басқа Мәкей Еркінбеков ел-ішіндегі не бір қызықты, тәлім-тәрбиеге үлгі болатын дүниелерді жинап-теріп, дәптеріне жазып жүріпті. «Әнет өлгенде» деген өлеңінде Мәкей Еркінбековтың ұлына деген шермен қайғы-күйігі көрініс табады. Мәкей Еркінбеков:
«Кешегі менің Әнтайым,
Жасынан шолжаң ерке еді.
Отырған орны базардай,
Үй-ішінің көркі еді.
Жайнаған гүлдей жайнағым,
Мезгілің неткен ерте еді.
Сорлы әкең бүгін сені ойлап,
Шерлі күйін шертеді», — деп тебіреніпті.
Мәкей Еркінбеков үш мәрте 1924-1927 жылдар аралығында педагогикалық курстарда оқыған. Мерзімді тәжірибелік педагогикалық сынақ өтілін мектептен өткен. 1936 жылы 16 сәуір күні Орталық атқару комитеті мен КСРО халық комиссарлар қаулысының мұғалімдерге арнайы атақ беру негізінде Мәкей Еркінбековке бастауыш мектеп мұғалімі атағы берілген. ҚазССР ағарту ісінің наркомы А.Сембаев: «Құрметті жолдас Еркінбеков Макей! Сізді ең жоғарғы өкімет марапаты ҚазКСР жоғарғы кеңес президиумының Граматосын алғаныңызбен құттықтаймын!» — деп құтықтау қағазын жолдапты.


Ақсу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жұмабай Шығанбаевтың Мәкей Еркінбековке берген Мінездемесінде: «1936 жылдан Қарасу детдомында директор болып қызмет істейді. Патриоттарды коммунистік рухта тәрбиелеуде үлкен еңбектер жасады. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында қажымай панасыздық педагогикалық курстары мен детдомның қосымша шаруашылығын өркендетті. Тәрбие жұмысын ерекше жақсы жолға қоя білді. Соның нәтижесінде детдомнан бірде-бір бала қашып кетпеді. Қашып кету деген мүлдем болмады», — делінеді. Мәкей Еркінбековтың құжаттарын Мұхаметжан Тынышбаев мұражайына қабылдап алғандардың бірі Көкімова Кәмиля: «Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» туындысының жазылуына Мәкей Еркінбеков куә болыпты. Ілияс екеуі салт атпен Ақсу өлкесінің жері мен тауын аралапты. Мәкей атаның тау мен жер атауларын атап айтқандарын Ілияс Жансүгіров қолма-қол өлеңге қосып отырыпты. Осылай Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» туындысы дүниеге келіпті. Мұхтар Әуезов Ілиястың «Жетісу суреттері» туындысын ең алғашқы болып зор бағалапты», — деп күнделік жазбасынан есіне түсірді. «Қызыл кеңірдек» атаулы дәптер естелігіне Мәкей Еркінбеков: «Ілияс — жырдың дүлділі. Мұзбұлақ, Салқынбел, Күреңбел жайлауларында талай бірге болып, салтанатпен ит жүгіртіп, құс салдық. Ілияс атқа мініп, аң аулауды жақсы көретін еді. Бұл 1925 жыл болатын. Біз Ақтасты мен Мұзбұлақтың сай-құздарын талай араладық. Ілекең табиғат көрінісін тамашалап, қызыға қарайтын. Алатаудың аңдарын, өсімдігін, жәндігін, хайуандарын, тіпті, ағаштарын жақсы білетін. Кейін оны өзінің өлең-жырларына арқау етті. Біз жүрген жерлерде ол көзімен көргенін қойын дәптеріне жазып алып, өлең шығаратын. Өлеңдерін бізге оқып беретін. «Уа, Мәкей», — деді бірде маған, мына Мұзбұлақ тауының биігі көкке тіреледі. Көріп тұрсың ба, басынан мәңгі мұз кетпейді. Анау тұрған — Ақтасты. Оның күншығыс жағын бойлап Бүйен өзені арқырап ағып жатыр. Мен өлең шығардым. Өлеңімнің аты «Тау суреті» деп атадым», — деп жазғаны болыпты. Ілияс Жансүгіров: «Мынандай әдемі жер Қапалда тұратын, Мәкей сен — қандай бақытты адамсың», — деп тамсаныпты.


Барлыбек Сыртановтың шақыртуымен керекулік Уәлиқызы Майраның Жетісуға келіп, бір жыл «Мамания» мектебінде өнерден дәріс беріп, үйірме ашып, еліне аттанғанындағы «Қоштасу» өлеңі кейінгі ұрпақтарға таралған. Онда жас өрім Ілияс Жансүгіров Майра әншіге арнап «Қоштасу» өлеңін оқыған. Майра да өлеңмен жауап қайырған. Осы қоштасудың куәсі Мәкей Еркінбеков оны халыққа барынша жеткізген. Ол қоштасуға Біләл Сүлеев, Қанапия Махметов, Әлсейіт Бағрамов, Қожахмет, Нұрахмет Сейітбатталовтар да қатысқан. Жаманбайұлы Базарбай мен Шөмшетайұлы соқыр Бекетбай ақындар мен елдің игі жақсылары да болған. Қоштасу 1910 жылы Қарағашта өткен. Ілияс Жансүгіровты Майра Уәлиқызы әншімен қоштасуға дайындап әкелген Тұрысбек қажы, тройцкі қаласының имамы Хасен молда.
Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Нұрбике Бексұлтанқызына берген сұхбатында Мәкейдің аталас қарындасы Тамара Мүфтиханқызы: «Мәкей атаның қолында тұрдым. Ол кісі балалар үйінің директоры еді. Ондағы балалардың жағдайы едәуір жақсы болды. Мәкей ата балаларды еңбекке баулып өсірді. Ол кісі жақсы ақын да еді», — дейді.


Мәкей Еркінбеков басқарған жетім балалар үйінен тәлім-тәрбие, білім алып шыққан Қазақ Ұлттық Академиясының академигі, қазір жасы 96-да Жүрімбек Сыдықов: «Мәкей Еркінбековты әлі күнге ағарту ісінің ұлығы, Жетісудың Абайы», — деп ұлағат тұтады екен. Мәкей Еркінбеков тәлім-тәрбиесін көргендер Ұлттық академияның докторы, профессор Иманбек Сүлейменов, Есіктегі қорғаннан «Алтын адамды» тапқан Бекмұхамед (Бекен) Нұрмұханбетов, Жетісудың «ел анасы» атанған Бәтима Сақауова, Ақсу ауданының білім бөлімін басқарған Бейсебек Қорғанбаев, Ақсу ауданың атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ақсу ауылы кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған, Қарасу ауылында комсомолдан өскен Күнғали Балшықбаева, ағартушылар Базарбай Балханов, Құлахмет Бәсенов, ел басқарған дана Ғазиз Ұрмұрзин, Түкен Құсмолдин, Зейнеш Құсмолдин, Сейітқазы Тергеубаев, Әбілғазиз Малдыбаев, Бәкей Оспанов, Әбдікәрім Сауранбаев, Қожахан Бекеев, Қанаш Азанбаев, профессор Адай Есенқұлов, ұлағатты ұстаз Баянды Құсмолдин, т.т — елдің белді, арда азаматтары.
Мәкей Еркінбеков:
«Сараны жас күнімде мен де көргем,
Үш Жақсылық, Тасыбай деген елден.
Қардай боратқанда қара өлеңді,
Екпіні күшті еді соққан желден»,
— деп ақын Сараны көргенін, қара өлеңді боратқан ақын екенін де жеткізеді. Мәкей Еркінбековты білгендер: «Мәкейдің ақындығы Ілиястан кем түспейтін», — деп жоғары бағалапты.
Мәкей Еркінбековтың қызметтес ортасы мен аралас-құраластарының өзі- небір қазақтың бетке ұстар қаймақтары: Біләл Сүлеев, Шамай Шынасылов, Сланбек Оспанбеков, Мүбәрәк Сүлеев, Қабдолла Сыдықов, Бейсембай Кедесов, Шәкір Таңқаев, Қанапия Махметов, Әлсейіт Бағрамов, Қожахмет, Нұрахмет Сейітбатталовтар, Иманғали Қуатбеков, Қали Айтқожин, Досымжан Балдақбаев, Әбдікеш Сүлейменов, Нұртаза Иманбеков, Арын Құсайынов, Иван Прошунин, Рахымжан Смағұлов, т.т, — бұлардың барлығы дерлік халықтың алғашқы сауатын ашқан, қастерлейтін тұлғалар.
Ақын Жамау Бұқарбай «Мәкей Еркінбековке қиянат жасамау мақсатымен түпнұсқаны сол қалпында пайдалануды жөн таптық» демекші, осы мақала Мәкей Еркінбековтың тұпнұсқалық құжаттар негізінен алынған деректеріне сүйеніп жазылды.

Жемісбек Толымбеков.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here