Газ тартуға не кедергі?

0
57
дереккөз

Талдықорғанда тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алайда, жұрт газ желісі есігінің алдына жетсе де, оны үйге енгізуге еш асығар емес дейді мамандар.  Нақтырақ айтсақ,  өткен жылдың сәуір айына дейін «Алматы –Талдықорған» бағытындағы 265 шақырым жерге газ құбыры тартылып, қала аумағынан арнайы газ тарататын станса салынған болатын. Осылайша, аймақтағы атқамінерлер алдағы бірнеше жылда  өңірдегі  473 елдімекенді көгілдір отынмен қамтуды  жопарлаған.

Соның ішінде, облыс орталығы Талдықорғандағы газ құбыры тартылатын аумақ 1200 шақырымды құрайды. Оған 50 мың абонентті қосу көзделген. Мамандардың айтуынша, бұл жоба 4 кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Жоба құны 22,5 млрд.теңге. Бастапқыда 168 шақырымнан асатын аумаққа орналасқан 42 мыңға жуық тұрғын үйді қамтып, ІІ, ІІІ кезеңде жалпы құны 13,2 млрд. теңге болатын 245,6 шақырым  жерге газ тарту  көзделген. Ал, ІV кезекте 4.4 млрд. теңге қаражат жұмсалып, Талдықорған қаласына қарасты «Тәлімбақ», «Агроөнеркәсіп», «Мүшелтой» шағын аудандары мен Еркін, Көктал, Пригородный ауылы және «Үйтас» саяжайы газдандырылмақ.

фото А.Нұршанов

Осыған байланысты, газ тарту жұмыстарының тыңғылықты орындалуын бақылауға алған Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевтың тапсырмасымен арнайы жиын өтті. Оған облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Жетісу-ОблГаз» ЖШС  және пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қатысты. Басқосуда қала әкімінің орынбасары Дәурен Жолжанов, қазір шаһарда газ тарту жұмыстарының үзіліссіз жүргізіліп жатқанын баян етті. Сондай-ақ, ол: «Бүгінгі күнге дейін жалпы қалада 15 мың 500 абонентке газ құбыры жеткізілді. 500-ге жуық үйге газ тартылып, 800-ге тарта тұрғын газ тарту келісімшартына қол қойды. Жыл соңына дейін  бұл көрсеткіш еселеп артады деп, күтілуде» –  деді.

фото А.Нұршанов

 «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ,  Жетісу өңірлік филиалының директоры Жайық Еділов: — «Өткен жылдың 18 қазанынан бастап Талдықорған қаласындағы  «Қаратал» шағын ауданындағы «Ақбастау» сынды бірнеше көшедегі  адамдардың үйіне газ беріле бастаған еді. Қазір 4-5-6 кешен  іске қосылып, қосымша 300 абонент газ қолдануда. Жалпы, осыған дейін Талдықорғанда 5 мыңға жуық  жер үй, 10 мыңнан астам көпқабатты үйдің тұрғындары газ тарттыруға өтініш білдірді. Осы орайда, еске сала кететін тағы бір мәселе –  үйге газ енгізу құны жүргізілген құбырдың алыс-жақындығына қарай есептеледі. Мәселен,  үй мен газ сандықшасының ара қашықтығы 18 метрден асса, оның бағасы  95 мың теңге  айналасында болады. Одан алыс болса, әр метр жерге  2 мың теңгеден қосымша ақы алынады. Бұл жер үйлер үшін. Көпқабатты үйлерге  баға біршама арзан. Мысалға, біз  таяуда «Қаратал 52 В» үйіне газ жеткізу жұмысын  жан-жақты саралап, есептеп шыққан едік. Онда  бір пәтерге газ әкелу құны 38 мың теңгеге тұрақтады. Газ есептегіш құрал тегін. Сонымен бірге дайын қаржысы болмаған адамдар алдымен газ тартыруға кететін жалпы қаражаттың 30 пайызын төлесе, қалғанын 5 пайыздық үстемемен 6 айға бөліп төлеуге мүмкіндігі бар. Ардагерлерге, көпбалалы отбасының мүшелеріне, мүгедектерге тағы біраз жеңілдіктер қарастырылған. Соның өзінде талықорғандықтар газды үйге тарттыруға құлықсыз» – дейді ол.

фото А.Нұршанов

Осыдан соң шаһар тұрғындарымен кездесуге асықтық. Қарапайым халықтың да өз айтары бар. Талдықорған қаласы Сланов көшесі 124-үйдің тұрғыны, зейнеткер Советхан Мошханов:  — «Үкіметтің жұртқа табиғи газ жеткізіп беру бастамасы әрине, құптарлық іс. Бірақ, газ желісі үйге қаншалықты  жақын әкелінгенімен, оны ішке енгізуге кейбір адамдардың шынымен де қалтасы көтермейді. Мысалға, жақында мен үйге газ тартқыздым. Үйге дейінгі аралық 35 метрден асады. Оны газ тартушыларға есептеткенімде 140 мың теңгеден астам қаражат керектігін айтты. Газ тартушылардың  өзінде бір метр жіңішке құбырдың құны 4 мың теңге. Базарда оның метрі небәрі 500-700 теңге  айналасында. Сонымен, мен оларға құбырды өзім сатып алып беріп, тек еңбегіне төлегенімде барлығына 75 мың теңге жұмсалды. Міне, бұл олардың алғашқы сұраған қаражатының тең жармы деген сөз. Ал, олар үйге қойылатын пештің бағасын 100-120 мың теңге аралығында деген болатын. Базардағы сапасы жақсы деген бірнеше жылдық кепілдікпен берілетін пештің бағасы 80 мың теңге. Сондықтан газ тарушылармен базарда сатылатын жабдықтардың арасында жер мен көктей баға айырмашылығы бар.  Әкімдік тарапынан мұндай келеңсіздіктерді жойып, бағаны ретке келтіретін бір адам болуы керек ғой. Оның үстіне, газ тартуға өтініш беріп, құжаттарын реттеуге де біраз уақыт кетеді екен» -деп, болған жайды айтып берді.

фото А.Нұршанов

Талдықорған қаласы Т.Рүстембеков көшесі 91-үйдің  тұрғыны Баймолдақажы Тышанбаев: — «Біз, жолдасым екеуміз де зейнеткерміз. Енді, қартайғанда көмір түсіріп, күл шығаруға күйіміз жоқ. Сондықтан, қарыздансақ та ештеңеге қарамастан тездетіп газ тартқызуға құлшынып жатырмыз. Газды үйге енгізуге дейінгі құны 102 мың теңге болды. Оған тағы пешін сатып алу керек. Бір тәуірі есептегіш құралы тегін дейді. Тағысын тағы көре жатармыз. Қазіргі  жұрттың жағдайы да біркелкі емес қой. Шамасы бар адамдар қысқа қалмай газ тартқызып алуға қамданып, шамасы жоқ, күнделікті тапқаны тамағынан аспайтындар қалтасына қарап отыр. Оған мына қымбатшылық қысқан заманда кімді кінәлауға болады? Қорытып айтқанда, әр кім шама — шарқына  қарай өз мәселесін өзі шешеді ғой» -деп түйді.

Ал, өткен жылы 160 мың теңге қаражат жұмсап үйіне газ тартқызғандардың бірі – Жетісу сазы көшесінде орналасқан №13 үйдің тұрғыны Қанат Омаров. Қазір көгілдір отының игілігін көріп отыр.  Оның айтуынша, 70 шаршы метрлік үйіне 60 мың теңгенің пешін орнатқан. Бұрын бір қыста 70 мың теңгедей қаражатқа 5 тоннадай көмір алатын. Енді үйді жылытқанға және газ плитасын қосып есептегенде бір айда 500 куб мөлшерінде газ пайдаланады. Яғни, газдың бір кубы 36 теңге болса, қыс мезгілінде айына 18 мың теңгедей қаражат шығады екен. Сондықтан ол ойланбастан газ тартқызып алудың  өте тиімді екенін жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here