Қаңғыбас ит қауып алмасын

0
78

Мамандардың айтуынша, жыл санап елімізде ит қауып алудан зардап шегетіндер саны артуда. Тіпті, кейбіреулер өмірлік мүгедектік күйге түссе, кейбір жасөспірімдер көз жұмған. Оған біреулер үй жануарларын беталды жіберген тұрғындардың өзі кінәлі десе, енді біреулер қаңғыбас иттің қаптап кетуінен дейді. Осыған байланысты биыл Талдықорған қаласы бойынша қаңғыбас ит пен мысықты аулау және жою бағытында 5 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жақында біз шаһардағы атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесін бір біліп қайтқан едік.

Аймақ тұрғындарының пікірінше, қаңғыбас ит пен мысық негізі қыс мезгілінде көбейеді. Себебі, суықта олардың тамақ тауып жеуі қиынға соғып, үнемі қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктерін төңіректейді. Оның үстіне иттердің топ-тобымен ұйлығып жүретін кездері де сол қыс мезгілі. Мұндай уақытта олар адамдарға шабуыл жасап, кішкентай балаларды талап кету оқиғалары жиі кездеседі. Бұл әрине балалары күнделікті оқуға барып қайтатын ата-аналар үшін шынымен алаңдарлық  жағдай.

Бұл турасында Талдықорған қалалық ветеринариялық станциясының директоры Құдайберген Нұрақов нақты мәліметтер келтірді.

– Біздің мекеменің негізгі міндеті – жалпы қала бойынша  ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Соның ішінде жануарлардан тарайтын аса қауіпті әрі жұқпалы індеттердің алдын алу мақсатында оған  қарсы іс-шараларды қолдану. Бұл жөнінде 2015 жылы наурызда Алматы облыстық мәслихатының арнайы шығарған №43-249 шешімі бар. Онда аймақ тұрғындарының үй жануарларын асырау және серуендету тәртібі мен қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары анық көрсетілген. Осы шешім негізінде бізде жыл сайын жаңа жоба-жоспарлар  жасалып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді.  Нақтырақ айтсақ,  өткен жылы облыс орталығында 454 ит қауып алу оқиғасы орын алса, биыл 267 жағдай тіркелген. Тексеру нәтижесінде оның 176-сы жарақат алған адамдардың көршісінің иті екені анықталып, 91-і қаңғыбас иттердің кесірінен туындағаны белгілі болды. Мұндай келеңсіздіктерге қарсы жылдың басынан бері ауқымды шаралар атқарылды» – дейді ол.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде осыған дейін қала аумағынан 1524 ит, 147 мысық ауланып, көзі жойылған. Орын  алған оқыс оқиғалар бұрынғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.

– Дегенмен қала тұрғындары басқалардың бас амандығы үшін өз иттерін байлап, қадағалауға алуы тиіс. Егер итінің өзгелерді тістеп жаралауына  жол бергендер  жергілікті полиция мамандары арқылы ҚР  «Әкімшіліш құқық бұзу туралы заңының» 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады» – дейді Құдайберген Бұлдырықұлы.

Қорытып айтқанда, ит қауып алудан небір қайғылы жағдай орын алып, белгісіз  дерт пайда болуы мүмкін. Сондықтан, «Сақтықта қорлық жоқ» әрбір адам  сақтана жүргені абзал.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here