Тыныштық пен тұрақтылықтың мызғымас қорғаны

0
56
Дереккөз

Шекара тек екі ортаны бөліп тұрған бағыт қана емес, ол ел қауіпсіздігі мен тұрақты тынысының кепілі. Шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету мемлекеттік егемендікті сақтаудың және тұтастықтың кепілі. Міне, сонықтан да егемендікпен еңсеміз тіктелген 27 жыл ішінде еліміз қол жеткізген табыстарының бірі ұланғайыр ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны өзгерместей етіп шегендеген шекарасы болып табылады. Бүгінгі таңда бұл – бүкіл әлемге танылған, танылып қана қоймай, қалтқысыз мойындалған фактор. Сонымен қатар, бұл – ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған, мемлекеттілігімізді айшықтайтын баға жетпес құндылық.

Әр елдің аумағы мен шекарасының болуы — сол мемлекеттің елдігінің басты белгісі. Ал, шекарашылардың сол аумақты күзеткені – ел тыныштығын күзеткені. Тамырында батырлықтың қаны тулаған шекара шебіндегі сарбаздар бүгінде ел тыныштығына жауапты. Сан ғасыр бойы сағынып күткен арайлы таңға жете алмай кеткен бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған жерді бізге аманат етті. Алтай мен Атыраудың ортасындағы ұланғайыр атырапты жауырыны жерге тимеген қазақ батырлары қасық қандары қалғанша қорғады. Сол үшін де Алаш жұрты талай батырынан айырылды. Неге десек барлығы келер ұрпақтың, яғни, біздің жарқын өмір сүруіміз үшін. Шүкір, бұл күнге де жеттік. Бірақ, сарылып, сағынып қана әрең қол жеткіздік. Басы барды иілтіп, тізесі барды бүгілткен Алаш ұрпағы бүгінде шекара қорғауда қырағылық танытуда. Жыл сайын он мыңдаған шекара аумағынан заңсыз өткен жандар құрықталады. Олардың ішінде контрабандалық топтар да бар. Елге зияны тиетін олар мемлекет аумағына кірместен қолға түседі. Міне, осылайша шекарасы бекем елдің тыныштығы нығая түспек. Әлқисса, сіз бен біздің шаруамыздың ретімен оңалып, бала-шағамыз есік алдында улап-шулап ойнап жүруі һәм жайлы өмірдің көрінісі іспеттес. Осы кейіпті біз атап отырған шекарашылардың зор еңбегі бар.

Қазақстан бес мемлекетпен шекаралас, соның ішінде әлемдегі құрлықтағы ең ұзақ шекара солтүстігінде жəне батысында Ресеймен — 6467 км құрайды. Оңтүстігінде — Түрікменстан — 380 км, Өзбекстан — 2 300 км және Қырғызстан — 980 км, ал шығысында — Қытаймен— 1 460 км шектеседі. Жалпы құрлық шекарасының ұзындығы — 13392,6 км. Батыста Каспий теңізімен, оңтүстік батыста Арал теңізімен шайылады. Осыншама өлкенің, арада жатқан атыраптың тыныштығы мен тұрақтылы дәл осы шекара қызметіне қызмет ететін жандардың абыройлы міндеті. Мемлекеттіктің басты нышандарының бірі – оның нақты шекарасының болуы екендігі бұлжымас қағида. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық мекемесі болып табылатын Шекара қызметі бұл күндері құрлықта, теңіз­де, шекаралық өзендерде еліміздің аумақтық тұтастығын, шекаралық кеңістіктегі заңдылық пен белгіленген тәртіптің қатаң сақталуын кірпік қақпай қамтамасыз ете отырып, Мемлекеттік шекараны сенімді түрде күзетуде. Осылайша, Ата заңымыз­дың 2-бабында жазылғандай, «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» деп айқындалған аса маңызды міндеттің қомақты бөлігі шекарашылардың иықтарына да артылған.

Тарих тамыры тереңде жатқан қазақ елі бағзы заманнан-ақ ел мен жерді ар-намыстың ақ туына балап, көкке көтерген, сол байрақ көк аспаннан әлі төмендеген емес. Шекара қызметінің айбынды сарбаздары барда, төмендемек емес.

Рахат РАХЫМЖАНОВ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here