Латын әліпбиі әлі де өзгеруі мүмкін – маман пікірі

0
479

«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қыркүйек айында латын әліпбиінде жазудың еміле ережелерін бекітеді. Бүгінде біз латын әліпбиінде жазуға машықтанып жүрміз. Әрине, бастапқы диграф, апострофтан гөрі акутпен жазған ыңғайлырақ. Дегенмен, жазу барысында қиындықтар туындайды. Менің ойымша, латын әліпбиі әлі де оңтайланып, өзгеруі мүмкін» дейді Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина.

Бұл ойын тіл маманы Алматы облыстық ҚХА жанындағы Жетекші журналистер мен сарапшылар клубының отырысында ортаға салды. Осыған дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып өткен маман, Тіл басқармасы тарапынан құрылған ақпараттық топтар былтырғы қазан айынан бері Жетісудың 40 мыңға жуық азаматына түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті. «Қазіргі кезде де жоспарлы жұмыстарымыз жүргізілуде. Бүгінде облыстық департаменттер мен басқармаларда кездесулер, семинар кеңестер, дөңгелек үстел форматындағы жиындар өткізіліп жатыр. Бірқатар аудандарда «Жаңа жазу – жаңа белес» атты жиындар өткізіп, көп халықты тартуға тырыстық. Алдағы қазан айында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып, «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» деген тақырыпта халықаралық конференция өткізбекпіз» деді Туғанай Сламғалиқызы. Маман атап өткендей, бүгінде латын әліпбиін қолданысқа енгізудің бірінші кезеңі бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни, 2020 жылға дейін құқықтық базаны жетілдіру, ережелерді бекіту бағытында жұмыс жүргізілсе, 2021-2023 жылдарды қамтитын екінші кезеңде азаматтардың жеке бас құжттарын латын әліпбиінде тасплау, құжат айналымдарын латын графикасында жүргізу міндеттеледі. Ал, үшінші кезең – 2024-2025 жылдары латын әліпбиіне толық көшеміз. «Бұл бізге үлкен жол ашады. Бастысы рухани тұрғыда азат боламыз. Сондықтан, осы қиын да күрделі істе бір болуға шақырамын» деді облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың өкілі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here