«Қазақтану» жобасын насихаттауда негізгі аудитория өзге ұлт өкілдері болуы керек

0
201

Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын насихаттауда басымдықты өзге ұлт өкілдеріне берген абзал. Яғни, елімізде тұратын өзге ұлт пен ұлыс өкілдері тұрғылықты халықты барынша танып, түсінгенде ғана нағыз қазақстандық атана алады. Мұндай пікір бүгін Талдықорғанда өткен «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын БАҚ-та насихаттаудың рөлі» атты дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Шараға жиналған Алматы облыстық ҚХА жанындағы Жетекші журналистер мен сарапшылар клубын «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының тұжырымдамасымен Алматы облыстық ҚХА хатшылығының бас маманы Сәуле Сұрабалдинова таныстырды. Соңынан клуб мүшелері жобаға қатысты өз ойларын ортаға салды.

Клуб төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов мырза атап өткендей, «Қазақтану» жобасының жарыққа шығуы бір жағынан қуантса, екінші жағынан мұңайтады. «Біз бұл мәселені кемі 20 жыл бұрын көтеруіміз керек еді. Бірақ, ештен кеш жақсы деген. Қазақтанудың өзекті болуы – мәселенің бар екенін аңғартады. Енді сол мәселені шешуге білек сыбана кірісейік» деп атап өтті. Осы орайда клуб төрағасы өз ұсынысын да ортаға тастады. «Қазақстанда қазақ тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, діні турлы көбіне қазақтілді журналистер жазады. Алайда, елде тұратындардың 30 пайызға жуығы әлі де мемлекеттік тілді білмейді. Сондықтан, Ассамблеяның осы жобасын орыстілді аудиторияға қарай бағыттаған жөн. Қазақтың тарихын, салтын, тілін өзге ұлт өкілдері тереңірек білсе, біртұтас ел ретінде ешкімнің алдында бас имейтін боламыз. Жобаны насихаттау кезінде БАҚ өкілдері осы мәселені қаперде ұстау керек» деді Атсалим Идигов.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here