Күнсіз, топырақсыз бидай өсіру

0
34

Қарашоқы ауылының тұрғыны, Қарашоқы орта мектебінің түлегі 17 жасар Мағжан Ысқақ голландиялық әдіспен шөп өсіріп шықты. Биылғы мектеп бітіруші түлек 2017 жылы Алматы облысы әкімінің «Very Innovative People» атты инновациялар мен жаңа технологиялар байқауына қатысып, аталған жобада 2 млн. 600 мың теңге көлемінде грант ұтып алған.

Айта кетерлігі, бесінші рет өткен ғылыми жобада алғаш рет Қарашоқы ауылдық округтен шыққан азамат жеңіске жеткен. Нәтижесінде жас ғалым бүгінгі таңда жылыжай салып, голландиялық ботаник Хуго де Фриздің әдісін пайдалана отырып, күн сәулесін және топырақты қажет етпейтін, небәрі 7 күнде шығатын бидай өсіріп шығарды. Голландиялық ботаниктен өзгешелігі 18 күнде өсірген өсімдікті жас ғалым 7 күнде өсіре алды. Ауыл тұрғындары арасында қызығушылық танытып, жемді өз үйлерінде өсіруге ниет білдірушілер де аз емес. Оған бірден-бір себеп, жыл мезгілін таңдамай өсетін жемді жеген мал тез қомданады. Сонымен қатар, жас ғалым аудан жастарын тарта отырып, семинар өткізу ойында бар екендігін атап өтті.
Болашаққа жоспарлары туралы Мағжаннан сұрағанымызда:
— Осыдан бес жыл бұрын бір ғалымның, «Нобель сыйлығын алғысы келген адам өсімдікті қолдан шығаруы қажет. Көміртек монооксидін сіңіріп, оттек шығаратын өсімдіктен басқа дүниені қашан ойлап табады?» деген сөзі мені қатты ойға қалдырды. Бұйырса, екі жыл ішінде биофизиканы оқып, көміртекті сіңіріп, глюкоза түзетін және нәтижесінде оттек шығаратын аппарат ойлап табуды мақсат етудемін. Осындай жаңаша идеям бар. Бұл болашақтағы үлкен жоспарларымның бірі. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы жобаларымның ішінде бір реттік жөргектер (подгузниктердің) зиянын ғылыми тұрғыда зерттедім. Бүгінгі таңда ғылыми жұмысымды С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің ұстаздарының демеушілігімен Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадым. Жолданған хаттың жауабын күтудемін. Болашақта медицина саласының қызметкері болу мақсатым. Жемді қыс мезгілінде жүйелі түрде өсіретін болсақ, 25 ірі қара малды еркін түрде қорекпен қамтамасыз етуге болады. Сан гектар жерге егін еккенше, кішкене ғана тақтайшаларға жем өсіріп алудың пайдасы ұшан — теңіз. Осы еңбектерімді толықтай жетілдіріп, ауданға, мемлекетке өз пайдамды тигізгім келеді,- деді.
Мағжанның ізін жалғаушы інісі де ғылыми жобалармен айналысуда. Інісі де Мағжан ағасы сияқты нәтижелі еңбек етеді деген сенімдеміз.
Сондай-ақ, 1993 жылы, Қытай халық республикасынан Қарашоқы ауылына көшіп келген Сағидолла Шалшықбаев ақсақал ауыл сыртында күл-қоқыс төгіліп, керексіз жатқан екі гектар жерді игеріп, түрлі жеміс ағаштарын будандастырып, өсірді. Сан түрлі жеміс ағаштары өсіп, бүгінде ауыл халқы игілігін көруде. Ауылдың жоғарғы жағында орналасқан көлден, ешқандай техникасыз өз қолмен арық қазып, ауыл ішіне су жүргізді. Бұл сумен ауыл мешіті, мектеп, мәдениет үйі, амбулатория, әкімшілік алдындағы ағаштар суғарылуда. Сағидолла Шалшықбаев ақсақалға біз де өз тарапымыздан мықты денсаулық, қажымас қайрат ауылдың гүлденуіне үлкен үлес қосқаны үшін алғыс білдірдік. Осындай жақсы жаңалығымен, пайдалы еңбегімен бөлісетін азаматтар көп болсын дегіміз келеді.

Дидар ДИХАНБАЕВ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here