Сайрагүл Қазақстанда қала ма?

0
282
дереккөз

Алматы облысы Панфилов ауданында «Шекараны заңсыз  кесіп өтті» деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесі бойынша сот отырысы жалғасты.  Соттың ашық әрі жариялы болуына байланысты жергілікті ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге  бірнеше мемлекеттің белді басылымдарынан тілшілер келіп қатысты.

Азаматтардың құқығын қорғайтын халықарлақ ұйымдар мен күллі халықтың назарын аударған бұл мәселе бойынша осыған дейін бірнеше мәрте  тыңдаулар өткен болатын. Айыпталушыға қолдау көрсете келген адамның көптігі соншалық, 40 градусқа жуықтаған күннің ыстығына қарамастан сот залында ине шаншар орын болмады. Тіпті, кейбіреулер сыртта қалды. Алғашында сағат 10.00-ге жоспарланған сот отырысы бір сағат кешігіп барып басталды. Осыдан соң сот төрешісі Динара Құйқабаева прокурор Арзыгүл Имярова мен адвокат Абзал Құспанның шілде айының 13 күні  тапсырған процессуалдық келісім жасау туралы өтініштің қорытындысын сұрады. Оған прокурор Арзыгүл ханым уақыт жетпегендіктен келісім әлі дайын  еместігін айтып, біраз уақыт беруді сұрады. Сонымен сот отырысы түстен кейінгі сағат 16.00-ге шегерілді. Қарайған қауым тағатсыздана күткен сот ісі бірнеше сағаттық үзілістен кейін қайта басталды. Алдымен судья заңның 392- бабы 1 -тармағымен «Шекараны заңсыз бұзып өту» бойынша айыпталған Сайрагүлге қатысты келіп түскен өтініштер мен  қанағаттандырылған ісқағаздарды бірден оқып шықты. Іле-шала жарыссөз басталатынын хабарлады. Жиналған жұрт осы жолы бұл іске қалай да соңғы нүкте қойылады деп үміттенген болатын. Алайда, кейбір келісімдерге қол қойылмағанын алға тартқан  мемлекеттік  айыптаушының талабымен  сот отырысы тамыз айының 1 күнгі сағат 10.00-ге белгіленді.

дереккөз

Абзал Құспан – айыпталушының адвокаты:

 – «Өздеріңіз көрдіңіздер. Өкінішке орай, прокурормен процессуалдық келісімге келе алмадық. Оның себебі түсініксіз. Бұл жолы осы келісімнің шарттарын талқылау мүмкін болмағанын айтқым келеді. Мұнда  прокуратура тарабынан менің берген өтінішімнен бас тарту туралы ғана жауап алғанымды мәлімдеймін. Ең бастысы, тергеу толық аяқталды. Келесі, яғни 1- тамыз күні жарыссөз өтеді. Сол кезде бәрі де аяқталатын түрі бар» — деді.

Осы орайда тілшілердің «Сайрагүлдің елде қалуына мүмкіндік бар ма?» деген  сауалына Абзал мырза: «Менің ойымша бір емес, бірнеше халықаралық шарттарға  сәйкес, елде қалуы тиісті.  Себебі, жаңа ғана сотқа табысталған құжаттардың арасында сол халықаралық шарт және «Балалардың құқығын қорғау туралы» конвенция бар. Онда әрбір кәмелеттік жасқа толмаған бала өзінің ата-анасының жанында тұруға толық құқылы делінген. Баланы ата-анасынан айыруға ешкімнің құқығы жоқ. Осыған байланысты, бұл халықаралық шартқа барлық мемлекет қол қойған. Әрі ондағы талаптарды бұлжытпай орындауға міндеттелген. Қазір Сайрагүл Сауытбайдың  кішкентай  балалары бар. Оның үстіне, ол бұдан бұрын ешбір қылмыс жасамаған. Соған қарамастан соңғы екі жылдан бері Қытай елі оның төлқұжатын тартып алып, мәжбүрлі түрде жанұясынан ажыратып қойған. Тіпті, балаларын көріп тұруға да мүмкіндік бермеген. Сол үшін оның шекара тәртібін бұзып балаларымен қауышудан басқа амалы қалмаған» -деп түсіндірді.

дереккөз

Әміржан Қосанов – саясаткер:

— «Меніңше, уақытты арнайы созып отырған сияқты. Өйткені, осы уақытқа дейін прокуратураның дайын болмауы мүмкін емес. Себебі, бұл мәселенің мән-жайын күллі халық біліп отыр.  Заң  саласы одан да жақсы біледі. Бүгінгі  адвокат тапсырған өтініштермен  басқа да деректердің еш құпиялығы жоқ. Ол бір арнайы  сараптама емес. Барлығы  бұдан бұрын жалпы баспасөзде жарияланған құжаттар. Сол үшін уақыттың былайша созылуы өте өкінішті. Тараптар бүгін-ақ жарыс сөзге шығуға болар еді. Адвокат дайын. Бірақ, үміт жібі ешқашан үзілмейді. Әрине, прокуратура өкілінің процессуалдық келісімге келмеуінің өзі де әртүрлі ойға жетелейді. Егер, жаңағы отырыста қорғаушының ұсынған баптары қабылданған жағдайда, бүгін Сайрагүлдің тағдыры бірден шешілген болар еді. Ал, бұл іс Қазақстанның жаңаша тарихында алғаш рет кездесіп отырған өте қиын мәселе.

Сайрагүлдің оқиғасы жалпы шетелде жүрген ағайындардың мәртебесі, олардың заңнамалық құжаттары, мейлі  Қытай немесе Ресей болсын басқа да қазақтар тұрып жатқан елдердегі келісім шарттардың орындалу үлгісі болу керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен халықаралық заңдар жалпыға ортақ. Міне,  бұл қазақ үкіметінің бүгіннен бастап қолға алатын маңдайалды шаруасы деп білемін.  Билік басындағы шешім қабылдап отырған азаматтар бір нәрсені түсінуі тиіс. Сайрагүлдің артында тек оның отбасы ғана тұрған жоқ. Сыртта жүрген миллиондаған қазақ отыр. Сол қазақтарды аңсап сағынып жүрген іштегі жалпы қазақ тағы бар. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ билігі шетел азаматы болса да өзінің  қызын, өзінің қарындасын қорғай ала ма деген үлкен сын тұр.  Сондықтан, бұл мәселеде халықаралық заң негізінде екі мемлекеттің заңдарын ескере отырып, арбаны да сындырмай,  өгізді де өлтірмей Сайрагүлді кері қайтармайтындай етіп тиісті шешім қабылданғаны абзал» — деп тұжырымдады.

Ал, айыпталушы Сайрагүл Сауытбайдың  қорғаушысы арқылы жеткізген басты талабы елде қалу.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterShare on VKPrint this page

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here